Қоғам

Әртістер айыппұл арқалауы мүмкін

Өнердің иесі, сахнаның киесі бар. Сондықтан да сахна сайран салар жер емес. Ендігі жерде әртістер әрбір әрекеті үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Жуықта  мәдениет және спорт вице-министрі Күміс Сейітова әртістердің сахна мәдениеті туралы мәселе қаралып жатқанын айтты.

Осыған дейін 2020 жылы мәдениет туралы заңнамаға түзетулер енгізілген болатын. Онда да сахнада мәдениетті болу мәселесі қарастырылып, заңнама толықтырылған еді. Өйткені халық киелі санайтын сахнада сайран салып, тіпті, ойран салып кететіндер де бар. Сондықтан да сахна мәдениетіне қатысты қозғалып отырған мәселе орынды.

– Бүгінде біз әртістердің сахна әдебін сақтау мәселесін пысықтап жатырмыз. Атап айтқанда, заңды және жеке тұлғалар үшін 150 АЕК-тен (477 000 теңге) бастап, 2 мың АЕК-ке (6 360 000 теңге) дейін айыппұл салуды қарастырып отырмыз. Бірақ бұл шара қолданысқа енгізілген жоқ, қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ бұл мәселені әртістердің өзімен және концерттерді ұйымдастырушылармен бірге талқыладық. Олар қарсы емес, сондықтан аталған өзгерістер жақын арада енгізіледі деп үміттенеміз, – дейді  мәдениет және спорт вице-министрі Күміс Сейітова.

Ендігі жерде елге құрмет қылмаған әртістер осылай айыппұл арқалайтын болады. Ақшалай айыппұлды өтер, алайда ар-ұяттың алдындағы айып өтелмесе ұрпақ тәрбиесіне зияны, өнерге кесірі тиері анық. Соның бір мысалы, фонограмамен ән айтып, халықтың өнерге деген сенімін жоғалтқан әншілерге осыған дейін де ел өкпесін білдірген болатын. Сол себепті, бұған дейін қарастырылған заңнамада фонограммаға қатысты талаптар қойылған еді. Егер әнші фонограммамен өнер көрсетсе, ол бұл туралы ескертуі керек. Бірақ қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ешқандай жаза немесе айыппұл қарастырылмаған еді. Ал ендігі жерде заң қатты, талап күшті болмақ. Осылай болмаған жағдайда өнердің көші кері кетпек.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button