Ертіс жағасындағы жүздесу
Мейрамтай Иманғали
Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Ертіс жағасындағы сырлы һәм жырлы жүздесу» атты шара өтті. Осы іс-шарада жерлес жазушы Дидахмет Әшімханұлы туралы жазылған Ләззат Қажаеваның «Сәулелі ғұмыр» атты кітабының тұсауы кесілді.
Катонқарағайлық жерлесіміз, жазушы Дидахмет Әшімханұлының өмірден озғанына да 7-8 жылдың жүзі болыпты-ау. Бірақ жазушының екінші ғұмыры – естеліктер дәуірі енді басталғандай дерсің. «Жазылар естеліктер мен туралы…» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, бүгін біз Дидағаң жайлы айтылған естеліктерді ұйып тыңдаймыз. Көз алдымызда жазушының бейнесі асқақтап бара жатқаны сөзсіз.
Еркелей аққан Ертіс өзенінің жағасында орналасқан О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада өткен сондай бір керемет жүздесу жазушы Дидахмет Әшімханұлын еске алуға арналды. Осы шарада жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған өмірбаяндық «Сәулелі ғұмыр» атты кітаптың тұсауы да кесілді.
Алғаш болып сөз алғандардың бірі жазушы, журналист, сыншы Мереке Құлкенов жазушы шығармашылығы туралы жылы лебізін білдірді.
– Анау «Аққабаның толқыны» атты алғашқы әңгімесінен бастап Дидахметте керемет бояу бар еді. Біз Дидахметтің бойында табиғаттың бояуының бар екенін білетінбіз. Мен Дидахметпен «Қазақ әдебиеті» газетінде бір кабинетте жұмыс істедім. Сонда оның бүкіл жан дүниесінің ән салып тұратынын байқадым, – деген Мереке Құлкенов тұсауы кесілгелі отырған Ләззат Қажаеваның «Сәулелі ғұмыр» атты кітабына да тоқталып, осындай кітапты оқырманға ұсынған авторға үлкен ризашылығын жеткізді.
– Өзім кітапты бастан аяқ оқып шықтым. Ерекшелігі сол, «Сәулелі ғұмырда» Дидахметтің образы Тұрсын Жұртбай, Құлбек Ергөбек, Әлібек Асқаровтардың ойы арқылы тамаша берілген. Осы кітапты барлық мектеп оқушылары оқыса деймін. Өйткені қазақтың біртуар қаламгерінің өмірбаяны арқылы біз балаларды тәрбиелеуіміз, оларға әдебиеттің не екенін, әдебиеттің қалай қалыптасатынын көрсетуіміз керек, – деген М.Құлкенов кітаптың жарық көруіне бастамашы болған Дидахметтің ұлы Дәулетке де үлкен алғыс айтты.
Сондай-ақ жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат та Дидахмет Әшімханұлы, оның шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.
– Кішкентай бала кезімізде авторына қарамай кітап оқи беретін едік. Сонда мынадай бір кейіпкер есімде қалыпты. Жанындағы жолдастарына, сыныптастарына ғажап бір әңгіме айтып келе жатады да кілт үзіп тастайды. «Ары қарай айтшы» дегендерге, әңгіменің жалғасын кітапханадан тауып алып оқыңдар дейді. Күндердің күнінде тағы бір әңгімені бастайды. Өте қызықты, оқиғасы шиеленіскен, ширыққан тұсына келгенде, тағы да үзіп тастайды. Жолдастары тағы да «жалғасын айтшы» деп жалынады. Сол бала ауылдастарын кітап оқуға қызықтырып, барлығын кітапханаға құштар етеді. «Бұл кімнің әңгімесі болды екен» деп ойлап жүрсем, кейін білдім ол Дидахмет ағаның әңгімесі екен. Дидағаңның осы әдісін кейін мен де қолдандым. Мен сол кезде Дидағаңның кейіпкеріне еліктеген екенмін, – деп әңгімесін бастаған жазушы Дәурен Қуат Дидахмет Әшімхановтың аудармашылық қырына да тоқталды.
– Аудармашы деген – қазақ әдебиетіне тартылған инвестиция. Яғни, тартып, осы жаққа алып келу. Қорландырып, байыту. Ол Абайдан, Абайдың арғы жағындағы аталарымыздан басталған, – деген жазушы Дидахмет Әшімхановтың Джек Лондонмен «ауырғанын», романын аударғанын айтты. Ол «Теңіз қорқауын» аударған кезде соңында әрбір сөзіне түсінік берген. Д. Әшімханов «Теңіз қорқауын» ғана емес, басқа да шығармаларды асқан шеберлікпен аударған.
– Жазушының соңында бір-ақ нәрсе қалады. Ол өзінің жазған шығармасы. Дидағаң осы жағынан барлығына жауап беріп кеткен. Жазушылық өмірінде бақытты болған адам деп ойлаймын, – деді Д. Қуат.
«Түркістан» газетінің редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы да Дидахмет Әшімханұлы туралы, оның газетте авторлармен жұмыс істеу тәсілі, жастарға қамқорлығы туралы тамаша естелігін ортаға салды. Сондай-ақ жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қасымхан Бегманов та Дидахмет Әшімхановтың шығармашылығы туралы сөз қозғады. «Оның әдебиетке адалдығы сөзінен, мінезінен, жүріс-тұрысынан көрініп тұратын. Өн бойынан мейірім есіп тұрушы еді» деді Қасымхан Бегманов.
Кездесуде «Сәулелі ғұмыр» кітабының авторы Ләззат Қажаева да сөз алды. Айтуынша, бұл кітапты жазуға жазушының ұлы Дәулеттің «әкем туралы осындай бір өмірбаяндық кітап шығарсақ» деген өтініші себеп болыпты. Ләззаттың өзі ақын, осы уақытқа дейін үш өлең кітабы жарық көргенімен, бұл проза саласындағы алғашқы қадамы деуге болады.
– Біз Дидахмет екеуіміз соғыстан кейінгі туған төлдерміз. Өміріміз, тағдырымыз ұқсас. О бастан-ақ Дидахметтің оқырманымын. Шығармашылығы жақсы таныс. Сондықтан бұл кітапты жазғанда қатты қиналған жоқпын. Дидахметтің кейіпкерлері өте қарапайым. Жалпы жазушының кегізгі тақырыбы – Өр Алтай ғой. Алтайға деген махаббаты жазған шығармаларынан да сезіліп тұрады. Кейіпкерлерінің барлығы өзіміздің қасымызда жүрген қарапайым адамдар. Сондықтан да болар кейіпкерлерінің іс-әрекетінің барлығы маған таныс. Мысалы, «Жер аңсаған сары атан» атты еңбегі маған өте қатты әсер етті. Дәл осы шығармадай өзінің жерге, елге деген махаббатын суреттеген бірде-бір шығарманы көрмедім десем де болады, – деді «Сәулелі ғұмыр» кітабының авторы Ләззат Қажаева.
Ұзақ жылдар Катонқарағай ауданында ұстаздық қызмет еткен Ләззаттың Алматыға қоныс аударғанына бір жарым жыл ғана болыпты.
Осынау іс-шарада бір кездері оқушы Дидахмет Әшімханұлына Шыңғыстай орта мектебінде химия пәнінен сабақ берген Жазира Әміранова, орыс тілі пәнінен сабақ берген Сәбира Хайдарқызы сынды ұстаздары да сөз алып, өз естеліктерін ортаға салды.
Жазушының ұлы Дәулет Дидахметұлының айтуынша, «Сәулелі ғұмыр кітабы» 500 дана болып басылыпты. Алдағы уақытта тағы да басып шығару ойда бар көрінеді. Сонымен қатар Дәулет Дидахметұлы әкесінің 1972 -2015 жылдары жазған күнделігі бар екенін айтты. Бірақ Дәулет әке күнделігін жариялау әлі ерте деп санайды. Қазіргі күні ол әкесінің публицистикалық мұрасын жинастырумен айналысып жүрген көрінеді. Сәтін салса, Дидахмет Әшімханұлының журналист ретінде жазған дүниелерінің де кітап болып жарық көріп қалар күні алыс емес секілді.