Қоғам

Ертеңін ойлаған ел едік

Ержан Әбіш

Өткен ғасырдың соңы қазақ халқы үшін саяси үлкен бетбұрыс кезеңі болды. Бір жарым ғасырдай уақыттан соң тәуелсіздігіне қайта қол жеткізіп, азат мемлекет құрған елдің мұраты биік, арманы асқақ еді. Еліміз жаңа Әнұранын шырқап, пырақты Елтаңбасын орнатты, Көк байрағын желбіретті, өз әскерін жасақтап, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берді, шекарасын шегендеді және жаңа астанасының қазығын қақты.

Бас қала орталықта болуы тиіс

Тәуелсіз елге ұстын болар осынау істерді атқара отырып біз ең соңында батыл қадамға бардық. Ол − елдің жаңа астанасын белгілеу. Алдыңғылардың бәрі толыққанды тәуелсіз мемлекеттің атрибуттары, сондықтан оның жасалуын күллі әлем заңды санап, қалыпты құбылыс ретінде қабылдады. Ал астананы көшіруіміз әлемдік қауымдастықты елең еткізген оқиға болды, дегенмен бас қаласын ауыстыру ертеңін ойлаған елдің ісі еді.

Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағының саяси картасына зер сала қараған адам үлкен мемлекетке жараспайтын бір белгіні байқар еді. Ол − сол кезде елдің кіндік қаласының қапелімде көзге шалынбайтын батыс жақ шетте орналасуы. Ал қазақ елі тәуелсіз мемлекетке айналған шақта біздің де картамызда соған ұқсас белгі болды, сол тұстағы астанамыз − Алматы қаласы Қазақстанның етегінде, географиялық тұрғыдан алғанда елдің оңтүстіктегі шекарасында тұрды.

Әрине, Алматы ел астанасы мәртебесін иеленген 69 жылдай уақытта әдемі мегаполиске айналды. Алатаудың баурайында орналасқан бұл қаланың көркіне сұқтанбайтындар аз еді. Қазақстан одақтас республикаға айналғанда оның ғылыми-мәдени, саяси-экономикалық орталығы болып, ұлтымыздың жан-жақты дамуына зор әсер етті. Бірақ заман өзгеріп, егемендігімізді алғанда Алматының саяси орталық ретіндегі маңызы әлсіреп бара жатты.

Ұлан-ғайыр мемлекетті бір шетте тұрып басқарудың тиімсіздігін ұғынған ел басшылығы Қазақстанның бас қаласы елдің төрінде тұруы керек деген батыл шешім қабылдады. Ол кезде ел астанасы өзгеруі мүмкін деген ой азаматтарда болған емес. Себебі біріншіден, Алматы күллі қазақтың жүрегіне қазақ елінің астанасы ретінде әбден орныққан-ды, екіншіден, тәуелсіздігіне енді қолы жетіп, экономикалық тұрғыдан әлі еңсесін көтере қоймаған елдің орталығын басқа жерге көшіруі дегенді түсіну қиын еді. Рас, ол кезде саяси-экономикалық тұрғыдан да, мәдени-рухани жақтан шешілуі тиіс проблемалар шаш етектен болатын. Бірақ соның бәрінен елдің тұтастығы мен дамуы қымбат еді. Жаңа астана салынады дегенге сол кезде сене қойғандар аз болғанымен, мемлекеттік органдар Алматыдан Арқа төсіндегі қаланы дамытуға аттанды.

Алғашқы көшті көлік министрлігі бастады

1994 жылғы 6 шілде күні еліміздің Жоғарғы Кеңесі ел астанасын көшіру туралы мәселені қарады. Депутаттар ел астанасының шекараға жақын болмай, мүмкін болғанынша елдің орталығында орналасуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ егемен елдің жаңа даму стратегиясына сәйкес Парламентке, Үкіметке ғимараттар салу қажеттігін, ал ондай мүмкіндік Алматыда өте аз екенін, Алматыда құрылыс жұмыстары тым қымбатқа түсетінін алға тартып, жаңа астананы құру қажет деген байламға келді. Сонымен бірге, оңтүстік облыстарға қарағанда солтүстік облыстарда қазақ халқының саны аз екенін, сондықтан халықтың көші-қонын елдің Арқа жағына бағыттаудың тиімділігін де түсінді.

Жиында түрлі пікірлер болды, бірақ басым көпшілігі ел астанасын қөшіру туралы Қаулыны бекітті. Сөйтіп, бұл жөнінде алғашқы заңды құжат пайда болды.

Міне, осы құжат негізінде ел астанасы Арқаға көшіп, еліміздің саяси билігін жаңа орталыққа шоғырландыру басталды. Кейін бұл дата ел ордасының туған күні ретінде аталып өтілетін болды.

Осылайша, ел астанасын Арқаға көшірудің барлық заңдық негізі жасалды. Сөйтіп, 1996 жылғы 24 желтоқсанда ресми түрде көшу басталды. Алғашқы көшті Көлік және коммуникациялар министрлігі бастады. Кейін де өзге ведомстволар ретімен көше бастады. Енді Ақмола қаласын ресми түрде ел астанасы ретінде жариялау керек еді. Ол туралы жарлық 1997 жылғы 20 қазанда шықты.

Мемлекеттік рәміздерд  жеткізді

1997 жылы қарашаның 8-і күні таңертең Алматыдағы Президент резиденциясында мемлекеттік нышандар мен Президент байрағын жаңа астанаға шығарып салу рәсімі өтті. Қазақстан рәміздерін жаңа астанаға жеткізу Ұлттық гвардия қолбасшысы Сәт Тоқпақбаевқа тапсырылды.

Сөйтіп, елдің орталығы Алатау баурайынан Арқаға көшіп, орнықты. Жаңа астанада қызу құрылыс жұмыстары жүріп, қазақтың сәнді сұлу қаласына көрік берер ғимараттар салу ісі қарқынды жүріп жатты. Оның тәуелсіз елдің әсем астанасына айналуын еліміз ғана емес, өзге елдер де қызыға бақылап отырды. Себебі жаңа ғасырдың алдында жаңа астана салу секілді үлкен тарихи істі бастау кез келген елдің қолынан келе бермейтін іс екені анық. Дегенмен ел билігі тарихи маңызы бар игілікті іске жұртын сендіріп қана қоймай, азаматтарды түгел жұмылдырып, Қазақстанның даңқын көтеретін үлкен оқиғаға айналдырды.

«Астана» атауы брендке айналған еді

Әр нәрсенің аты соның болмысын танытады десек, еліміздің жаңа бас қаласының Ақмола атауы оған астаналық сипат бермейтіні түсінікті еді. Ол жағдай уақыт өткен сайын белгілі бола бастады. Сондықтан жаңа бас қаланың атын өзгертіп, оны Астана деп атау туралы ұсыныс жасалды. Оны 1998 жылғы мамырдың 6-сында Ақмола қалалық мәслихатының барлық депутаты жақтап дауыс берді.

Міне, осылай Қазақстанның жаңа астанасының заты да, аты да өзгеріп, ол аз уақыттың ішінде ерекше қарқынмен дамып, тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналды. Астана − барлық тілде бірдей айтылатын сөз болуымен қатар, мағынасы жөнінен өз орнын тапқан атау болды. «Астана» бренді астында талай танымал жобалар іске асты. Ел ордасы Астана шаһары Қазақстан Республикасының соңғы ширек ғасырындағы көптеген тарихи оқиғаларының куәсі болды. Бұл қалада әлемдік дәрежедегі саяси жиындар, спорттық жарыстар, өнер фестивальдары өтті. Қала жаңа заманның талабына сай көркейіп, ерекше ғимараттарға толды, сондай-ақ халықтың өсу динамикасы жарты миллионға жетпейді деп болжам жасалғанымен, тұрғындар саны миллионнан асып, алып мегаполиске айналды. Бір кезде оның ел астанасына айналып, ерекше шаһар болатынына сенбегендер бүгінде сол қалаға қыдырып барып, серуендеуден жалықпайды.

Неге сызықша арқылы жазылады?

Саяси мәселелерге байланысты Қазақстанның жаңа астанасы да өзгеше түлеп, салмағын арттыра түсуде. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда тікелей эфирге шығып, ел билігінен кететінін мәлімдеді. Сөйтіп, мемлекет басшылығына қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол Елбасының атын астанаға беру бастамасын көтерді.

Қалалық мәслихаттың сессиясында ұсыныс қаралып, оны депутаттар бір ауыздан қолдаған. Депутаттар қала атауының дефис арқылы Нұр-Сұлтан деп жазылуын да мақұлдады. Мәселен, мәслихат депутаты Зәуре Жүсіпова журналистерге «Шынында да өте жақсы естіледі, мағынасы терең, өзіме қатты ұнады» деп ағынан жарылды.

Осылайша, 2019 жылғы 23 наурыздан бері Астана қаласы ресми түрде Нұр-Сұлтан деп аталады. Міне, содан бері астана әрі қарай дамып, өркендеп жатыр.

Тәуелсіздігіміздің символына айналған бас қаламыздың туған күні құтты болсын! Ол – еліміздің 30 жыл ішінде қол жеткен тамаша жетістіктерінің бірі, бүгінгі қазақ халқының экономикалық, рухани әлеуетін танытатын ғажайып шаһар.

Астанада Шығыстың тартуы – жарықты-музыкалық субұрқақ бар. Нысан ботаникалық бақ аумағында орналасқан. Бұл – елорданың 20 жылдығына арналған сыйлық. Фонтан диаметрі – 73 метр. Ортасында диаметрі сегіз метрге жуық Тайқазан тұр.

Осы айдарда

Back to top button