Қоғам

Ертегілерінің жарық көруіне жәрдемдесті

Ертегілерінің жарық көруіне жәрдемдесті

Семейлік мүмкіндігі шектеулі азамат Нүркен Бектасов ертегілер кітабының жарыққа шығуына көмек қолын созғаны үшін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға алғысын білдірді.
Нүркен Бектасов мүмкіндігі шектеулі болса да, бүгінде қайсарлығымен, өмірге деген құштарлығымен көптеген адамдарға үлгі болып жүр. Салауатты өмір салтын ұстанып, қаладағы қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатысатын Нүркен Бектасов өз туындысының басылып шығуын өміріндегі ұмытылмас сәттерінің біріне балайтынын айтады.
«Мен балалар тәрбиесіне арналған орыс тілінде жазылған әлем ертегілерін қазақ тіліне аударған кітабымды қаражат жағы қол байлау болып, жарыққа шығара алмай жүр едім. Жаратқан ие сәтін салып, осы жылдың 29 тамызында қаламыздағы \”Түйемойнақ аралында\” ядролық сынақтардың жабылу күніне арналған салтанатты шара барысында күтпеген жерден облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омармен кездесудің сәті түсіп, өтінішімді жеткізген едім. Сол кезде ол кісі ертегілерімді кітап қылып шығаруға уәде беріп еді. Енді, міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, компьютерде шашылып жатқан ертегілерім бір жинақ болып жарыққа шықты. Кітабым шыққаннан кейін Жақсылық Омар мен үшін Өскеменнен арнайы ат терлетіп келіп, ешкімнен таппаған қолдауды көрсетті. Осындай жаны жайсаң аға-апайлардың барына Аллаға сансыз шүкір. Осындай азаматтардың жолы оңынан болғай!» деп ақжарма тілегін жазған екен өзінің фейсбуктағы парақшасында.
Айта кетейік, аталған жинақта Нүркен Бектасовтың орыс тілінен қазақ тіліне аударған әлемнің 16 елінің ертегілері топтастырылған.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button