Қоғам

Ертегілерімнің жинақ болып шыққаныма қуаныштымын

Ертегілерімнің жинақ болып шыққаныма қуаныштымын

2013 жылдың күзінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай…» бағдарламасында қазақ ертегілері туралы әңгіме қозғалған болатын. Сол кезде студияға келген қонақтар тарапынан «қазақ ертегілері тым аз және қазақ балаларының психологиясы мен тәрбиесіне арналған ертегілер жоқтың қасы» деген пікірлер айтылған еді. Мен әлі жас болсам да және өздігімнен авторлық ертегілер жазуға қабілетім мен тәжірибем аздау болса да, бала тәрбиесіне бей-жай қарап отыра алмадым. Себебі, бүгінгі кішкентай бала елдің ертеңгі болашағы емес пе? Сөйтіп, мен жоғарыдағы бағыттарға арналған ертегілерді ғаламтордан іздедім.
Ең алғашқы аударған ертегім – орыстың халық ертегісі «Ғажайып Василиса». Желісі күрделі, көлемді әрі халық ертегісі болса да, мен бұл туындыдан басына қандай ауыр іс түссе де мойымай, түңілмей, тоқтамай еңбектенсең, бар ауыртпалықты жеңуге болатынын аңғардым. Сосын орыстың психологиялық авторлық ертегілерін аудардым. Бұл ертегілердің қорқақ немесе жасқаншақ балаларды батылдыққа, тұйық әрі ұялшақ балаларды ашықтыққа, жылауық балалардың жылауын қалай тыюға, қызғаншақтардың қызғаншақтығын қалай қоюға болатыны жайында және тағы да басқа да жақсы қасиеттерге баулып, ата-ананың баланың тәрбиесіне таптырмайтын көмек болатынын байқадым. Сосын қызығушылығым одан әрі артып, әлем бойынша осындай ертегілер бар ма екен деген оймен ғаламторды тағы да ақтардым. Үмітім ақталып, әлемнің терең мағыналы тамаша ертегілерін таптым. Бірақ бәрі орыс тілінде екен, мен олардың бәрін қазақ балаларының түсінігіне сай жеңілдетіп әрі есте ұзағынан қалатындай 16 ертегіні қазақ тіліне аудардым. Аударып болған соң, аудармамен айналысатын, ой елегінен өткізіп, тексеріп бере алатын ұстаздарды өзім оқыған Семей қаласындағы Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінен қарап көріп едім, таба алмадым. Сырттан іздеуге тура келді. Сондай адамдар табылып қалады деген үмітпен қаламыздағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханаға хабарласқанымда Құсмілия Нұрқасым аға телефонды көтерді. Ол кісіге жоғарғыдағы өтінішімді айтып едім, бірден өзі қарап беруге келісті. «Шығаруға болады, жақсы ертегілер екен» деген ағаның батасын алған соң, алдымен аудармаларым қаламыздағы «Ертіс өңірі» және «Семей таңы» газеттеріне шықты. Сосын «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ», «Балдырған» және «Ақ желкен» секілді республикалық журналдарға шыға бастады. Өкінішке қарай, барлық ертегілерім газет-журналдардың ережелеріне сәйкес жарыққа шықпай қалды. Енді қалғандары қалай және қашан шығады, осылай компьютерде шашылып жатып қала ма деген уайыммен жүргенмін. Алайда, «қалауын тапсаң, қар жанады» дегендей, биылғы жылдың тамыз айының 29-ы күні қаламызда жыл сайын өтетін ядролық сынақтың жабылу күніне арналған салтанатты мерекелік кеште облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омармен кездесудің сәті түсіп, ертегілерімді жинақ қылып шығарып беруге уәдесін берді. Сертінде тұрды, қазан айында кітабым 100 данамен жарық көрді. Қараша айының 11-і күні Семейде «Ертегілер» атты кітабымның тұсаукесер рәсімі өтті. Қаламыздағы ақын-жазушылар, жергілікті билік өкілдері, кітапхана қызметкерлері, ҮЕҰ-дар мен балалар кешіме қатысты. Шәкерім атындағы университет студенті Серік Қуанхан кештің шымылдығын маған арналған арнаумен ашып берді. Кеш барысында жергілікті балалар кітапханасының қызметкерлері мен Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенттері «Түлкі мен тырна» және «Балтадан істелінген ботқа» атты орыстың халық ертегілерінен сахналық қойылым ұсынды. Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледждің студенттері әннен шашу шашты. Келген қонақтардың бәрі кештің жоғары деңгейде өткеніне тәнті болып, тамаша көңіл күймен тарқасты.
Бұл мақаланың мақсаты өзімнің кешім жайында мақтап жазу емес, мен өңіріміздегі қалталы азаматтар мен азаматшаларға және де билік өкілдеріне маңызды өтініш жолдағым келеді. Жалпы кішкентай баланы, әлі де бала ғой деп оның тәрбиесі мен психологиясына немқұрайлы қарамауымыз керек. Қазіргі бала өмірде кірпіш болып қаланатын жеке тұлға және ертеңгі елдің болашағы деп санауымыз керек. Мен кештің соңында қайырымдылық шара ретінде қаламыздағы кітапханаларға, мүгедектер мен жетімдер үйіне, балабақшаларға кітабымды сыйға тарттым. Алайда, республика түгілі қаламыздың барлық мекемелері мен тұрғындарына кітабым жетпеді. Сондықтан, жалпы қазақ балаларының психологиясы дамып, тәрбиесі дұрыс жолға қойылып, ертең жақсы азамат пен азаматша болып өскенін қаласақ, онда қаражат жағынан қолдау жасап, «Ертегілер» атты кітабым республиканың барлық жеріне кең көлемде жететіндей қолдау жасауларын сұраймын.
Сөз соңында кітабымның тұсаукесер кешін ұйымдастырып, оның жоғары деңгейде өтуіне көмектерін аямаған, өзім жұмыс істеп жүрген қаланың орталық кітапханасындағы әріптестерім мен аталмыш мекеменің «Балалар және жасөспірімдер» кітапханасының ұжымына үлкен алғысымды білдіргім келеді.

Нұркен Бектасов,
1-ші топ мүгедегі
Семей.

Осы айдарда

Back to top button