Қоғам

Ертегі әлемінің заманауи кейіпкерлері

Ертегі әлемінің заманауи кейіпкерлері


Бұл күні жас та, жасамыс та «Көңілді әткеншекке» отырып, ертегілер әлеміне саяхаттады. Бір қызығы, бұл әлемдегі ертегі кейіпкерлерінің бәрі, тіпті айнымас достар − бремендік музыканттар да, дәрігер Айболит те металлургтер алдында бас иеді. Балалар күні мейрамы қарсаңында «Казцинк» компаниясының ардагерлері арасында өткізілген «Көңілді әткеншек» атты көркемөнерпаздар байқауының қатысушылары осылайша кеңестік мультфильмдерді жаңа заманға лайықтап, өскелең ұрпаққа металлургтердің еңбегін дәріптеді. Бұл шара дәстүрге айналған.

Өткен жылы кеңестік киноларды осы заманға лайықтаған байқауға қатысушылар жиналғандардың зор қошеметіне бөленген болатын.

– Биыл байқауға қатысатын командаларға кеңестік мультипликацияның үздік анимациялық фильмдерін жаңа заманға лайықтап сахналау міндеті қойылды. Бұл талап үдесінен шығу үшін бес команда да барын салып, үлкен дайындықпен келіп отыр. Жалпы, біздің ардагерлер өте белсенді. Олар кәсіпорынның барлық мерекесінде ән мен жырдан шашу шашып, айналасындағыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүреді. Ардагер ұйымдарының бүгінгі балаларға арналған базарлығы көрермен көңілінен шығады деген ойдамын, -дейді «Казцинк» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрайымы Галина Сарро.

Байқауға Риддер, Зырян және Өскемен тау-кен байыту кешендерінен бес команда қатысты. Сахнаға алғашқы болып шыққан Зырян ауданы тау-кен байыту кешенінің командасы кеңестік «Летучий корабль» мультфильмін сахналап, металлургтердің ауыр да жауапты қызметінің болмысын ашса, «Казцинкмаш» ардагерлері «В тридевятом царстве» ертегісін жаңа заманға лайықтау арқылы металлургтер арасында «жатыпішер» жандардың жоқ екендігіне көрерменнің көзін жеткізді. Өскемен металлургиялық кешені сахналаған «Цветик-семицветик» мультфильмінің жаңаша үлгісі компания игеріп жатқан жеті түрлі металдың қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді. Сол сияқты Риддер тау-кен байыту кешені мен Риддер металлургиялық кешенінің командалары кеңестік кезеңнің танымал «Доктор Айболит» пен «Бременские музыканты» мультфильмдерін сахналау арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өз өңірлерінің намысын қорғап шықты.

«Ертіс концерт» сахнасында өткен шараның көрермендері − компания қызметкерлерінің балалары мен немерелері. Ата-әжелерінің актерлік шеберліктеріне тәнті болған олар сахнадағыларды үнемі жалынды ұрандарымен және шапалақтарымен демеп отырды. Заманауи үлгідегі ертегілер әлеміне саяхат та көзді ашып жұмғанша мәресіне жетті. Қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға соққан жоқ.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев балаларға ғана емес, ересектерге де тамаша мейрам ұйымдастырған компания ардагерлеріне алғысын білдіріп, барлық команданың жеңіске лайық екендігін атап өтті. Қазылар шешімі бойынша бірінші орынды «Бременские музыканты» мультфильмін сахналаған Риддер металлургиялық кешені алды. Екінші орынды Зырян тау-кен байыту кешені мен «Казцинкмаш» өндірістік кешені бөлсті. Үшінші орын Өскемен металлургиялық кешені мен Риддер тау-кен байыту кешеніне бұйырды. Бірінші орын иеленген командаға бір миллион теңге көлеміндегі сыйлық табысталды. Өзге командалар да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button