Ерте есейген балалар едік

Басына түскен ауыртпалықты бала болса да еңсере біліп, ерте есейгендердің бірі Ақжар ауылының тұрғыны Сайлаубек Жүнісбеков. Ол соғыс жылдарындағы ауылдың тұрмыс-тіршілігін, тылдағы тауқыметті былайша әңгімелейді:
– Әкем Қуаныш соғысқа 1941 жылы Ақжар ауылындағы әскери бөлімінен аттанды, – деді Сайлаубек қарт. – Шешеміз Жәміш шиеттей бес баласы болса да, колхоздың жұмысына жегілді. «Қарой» деп аталатын жерде егіндік болды. Наурыз айының ортасында қос өгіз жеккен жәрендікті арбамен көштік. Шешеміз жерден қазған балағанның қыстайғы боран толтырып тастаған ішін қардан тазалайды. Шұңқырға су толып, кебе қоймайды. Мұндайда дым өтпес үшін қалың сабан төсейді. Кешке шаршап жеткен бойы бұрыштағы қазандық астына от жағып, тамақ істейді. Біз де жылына бастаймыз. Түнде кесенің түбіне май құйып, жүн мен мақтадан білтешам жағамыз. Егіндікке барғанда арбаның артына байлап әкелген жалғыз сиырымыз бұзаулап, қуанып қалдық. Дегенмен, қасқа сиырдың майы бұйырмады. «Сүт ішіп, май жейміз» деген қуанышымыз әсте басылды. Өкімет әр үйге 8 келі май, 50 келі еттен салық салды. Он күн сайын келетін майшының екі флягына тиеп алған «салығы» бар. Аузыңның суы құриды. Шешеміз тортасын айырып, майды мөлдіретіп дайындап қояды. Түбінде тұңбасы болса алмайды, ұрсып сөйлеп кетеді. Ол бізге азық. Жаз болса май жемейсің. Күзде 50 келі ет үшін бұзауды алады. Сиырды үш уақыт сауып, іркіт жинайды. Оны шелекке құйып, жұмыстан келген соң түнде піседі. Таң бозынан оянған шешеміз інілерімізді ересектерімізге тапсырып, жер айдауға шығады. Төрт өгізді соқаға жегіп жер жыртады. Мұндайда соқаны өзі ұстайды да, өгіздің басын біреуімізге жетектетеді. Соның өзіне шамамыз зорға жетеді. Өгіздер кейде бораздадан шығып кетеді. Ит әуреге түсеміз.
Колхозда жүк көліктері жетіспейді. Жыртылған жерге мала салғанда құлынды биелерді жегеді. Құлындары шырқырап артында жүреді. Жаның ашиды. Биелер тоқтаған кезде еміп алады. Түскі үзілісте отқа жағу үшін бізге жусан тергізіп, шешеміз арқалап қайтады. Жауын-шашында қолы босай қалса, түнделетіп жүн иіріп, қолғап-шұлық тоқиды. «Бұл – майдандағы әкелеріңе» деп отырады.
«Әскер жанұясына» деп қыс айында шабақ балық, жаз кезінде айына бірде таза, бірде тазаланбаған 16 келі бидай береді. Шешеміз кейде келіге түйіп, қыпығын кетіріп қуырып, алдымызға бір-бір уыстан бидай береді. Қолы тимесе түктемей-ақ қуырып береді, өзіміз тазалап жейміз. Ішінде мияның ұрығы жүреді. Ол ауызға түссе тіл ашып түкіріп тастаймыз. Жер кепкен соң егістікке барып, бидайдың аңызынан масақ тереміз. Масақты үйге әкелген соң тазалап ұшырамыз.
Балықты ішін жарып, тазалап «орыс шөңке» дейтін ыдысқа салатын. Сосын бидайды темір келіге түйіп, елейді. Осы ұнды илеп, шөңкенің бетіне жабады да, пешке салады. Ол кезде қыста үйді жылыту үшін пешке сабан немесе ши жағады. Пештің күлін алып, балық салған шөңкені енгізіп, төбесін жауып тастайды. Не заманда балық сүйегінің бәрі езіліп піседі. Қазіргі балық консервісі сияқты. «Аштықта татқан құйқаның дәмі кетпес» деген осы.
Киім де тапшы болды. Өкімет әскер отбасына арналған кездік арзан бұл беруші еді де, шешеміз осы бұлдан іш киім, көйлек, қыста шалбар тігеді. Ағаш келісапқа іліп қойып илеген теріні қырып отырушы еді жарықтық. Ашыған айранмен илегендіктен иісі шығып тұратын. Үйде жалғыз сиырдан өзге тігерге тұяқ жоқ, тері мен жүнді колхоздан алатын болуы керек.
Монша жоқ болғандықтан шелектегі суға жуынамыз. Киіміміз биттеп кететін, бұл да оны әуреге салады. Қыста тері шалбарымызды аязға қойып, таңертең қағады. Бір қар жауғанша сабаққа жалаңаяқ баратынбыз. Үлкендер жылқының, сиырдың бас терісінен аяқкиім тігеді. Қар еріген кезде су өтпес үшін ағаштан, жылқының тұяғынан таға жасап тартып береді.
Кейіннен жер жырту үшін тракторлар келе бастады. Темір дөңгелекті бірін «Шотаяқ» дейтінбіз. Оның дөңгелектерінде шот сияқты тістері бар, барана салуға, арық шығаруға пайдаланылады. Төрт корпус соқасы бар НАТИ атты шынжыр табанды трактор келді. Алғашқы техникалар болғандықтан шығар, тез бұзылып қала беретін техниканы үнемі жөндеп жатады. Қос ат жегетін «Лобагрейка» машинасы шөпті шауып, шөмелеп отырады. Шөмелеген астықты қос жәрендігі бар өгіз арбамен бастыратын жерге маялайды. Сосын қырманда балалар мінген атқа жегілетін шаңтаспен үгітіледі. Артынан дәні астында қалады. Сабанын жинап алып, дәнді ұшырып тазалайды. Тасымалдаған кезде астықтың басы аңызда қалады. Көп масақты балаларға тергізеді, балалар қырманға әкеп тапсырады. Халық көктемде егін егілгенше күзден қалған масақты теріп күн көреді. Қырманда қариялар, қыз-келіншектер, балалар күндіз-түні қан майдандағы әкесі мен туыстары үшін аянбай еңбек етті. Күзде қырмандағы астықты өкіметке беретінін беріп, қалғанын қамбаға тұқымдыққа құйып алады.
Егістіктен қыстамаға Ақжарға көшеміз. Ақжарда жартысы қазылған жер, терезеден жоғары кірпішпен қаланған екі бөлмелі үйіміз болды. Күзде әкемізден «қара қағаз» келді. Үйге бір-екі бөтен адамдар келіп естіртті. Әкемнің түрін ұмытпаған едім. Терезе алдында отырып жылағаным есімде. Қыста пешке сабан, бауланған ши жағамыз. «Ойши» деген жерден ши орып, баулаған соң қолшанамен бір-екі күнге жетерлік қылып алып келеміз. Кейбіреулер қолшанаға иттерін жегіп алады. Ши іші түйе көрінбейтін биік болатын. Мал да қысы-жазы ши ішінде жайылады.
Колхозда жұмысшылар жетіспейді. Бар жұмысшының көбі мектеп оқушылары еді. Малшының үйіне сыймағандықтан қораның бір бұрышына жатамыз. Тамақ та мәз емес, бірде тоқ, бірде аш жүріп, бел жазбай жұмыс істедік. Ашқұрсақ жүрсек те, шешеміздің арқасында оқу бітіріп ержеттік. Әкеден қалған бес баланың екеуі дүниеден ұрпақ сүймей ерте кетті.
Сайлаубек қарт көп жыл кәсіптік училищеде еңбек етті. Білім беру ісінің үздігі атанған. Құрметті зейнеткердің жары Бағдат – «Күміс алқа» иегері. Қос қария бейбіт күннің шуағында берекелі еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеудің бақытына бөленіп отыр. Бейнеттің зейнеті осы шығар, бәлкім.
Ержан Амангелді