Қоғам

Ерте араласу орталығы ашылады

Айна Ескенқызы

Өскеменде бұрынғы перзентхананың ғимаратын қалай қолдануға болатыны ақыры шешілді. Бұл жерде ерте араласу орталығы ашылмақ. Орталық мамандары дамуында ауытқулары бар немесе олардың туындау қаупі бар балаларға көмек көрсетеді.

Шәкәрім даңғылы, 149/2 мекенжайындағы №2  перзентхана ғимараты ұзақ уақыт бос тұрған болатын.

“Қамқорлық” бастамасының үшінші кезеңін іске асыру мақсатында онда облыстық Ана мен бала орталығының құрылымдық бөлімшесі болып саналатын ерте араласу орталығын ашу жоспарланған», –  деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.

Ведомствода түсіндіргендей, «Қамқорлық» бастамасы инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған. Оның негізгі міндеті –  ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мекемелердің жетіспеушілігі мәселесін шешу, сондай-ақ оларды кадрлармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету.

Аталған бастаманың бірінші кезеңін іске асыру кезінде 2020 жылғы  желтоқсанда облыстық Ана мен бала орталығының базасында үш жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған “Қамқорлық” оңалту орталығы ашылғаны белгілі. Екінші кезеңді іске асыру кезінде 2022 жылғы қаңтарда Семей перинаталдық орталығының базасында “Қамқорлық” ерте араласу орталығы есігін айқара ашты.

–  Ерте араласу орталықтары дамуында ауытқулары бар немесе олардың туындау қаупі бар, туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балаларға арналған, –  деп түсіндірді басқармада.

Мұндай орталықтардың негізгі қызметі –  балалар арасындағы мүгедектіктің алдын алу және оңалту. Өскеменде ашуды жоспарлап отырған ерте араласу орталығында кішкентай пациенттермен реабилитолог, невропатолог, педиатр, сурдолог, ортопед, сондай-ақ логопед, дефектолог, психолог, кәсіби терапевт, емдік денешынықтыру нұсқаушысы жұмыс істейтін болады.

–  Қазір кадрларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Мамандар “Қамқорлық қоры” корпоративтік қоры есебінен оқытылады, –  деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасында.

Қазір ерте араласу орталығы орналасқан бұрынғы №2 перзентхана ғимаратының қасбетін жөндеу толық аяқталды. Енді ішкі бөлмелерді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

–  Орталыққа медициналық жабдықтар, техника мен жиһаз сатып алуды “Самұрық-Қазына” АҚ қаржыландырады. Жабдықтарды жеткізу 2022 жылдың желтоқсаны  мен 2023 жылдың қаңтарына жоспарланған, –  деп нақтылады салалық басқармада.

Өскемендегі ерте араласу орталығы жылына 600 балаға қызмет көрсететін болады. Оның ашылуы келер жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.

Осы айдарда

Back to top button