Қоғам

Ертістің жағасындағы ерекше саябақ

Еліміздің Ата Заңы күні қарсаңында Өскеменде халыққа аса қажетті жаңа нысанның тұсауы кесілді. Октябрь аралында, Ертіс өзенінің жағасында бой көтерген «Samal» саябағын облыс әкімі Даниал Ахметовке қала басшысы Жақсылық Омар таныстырды.

Саябақ болғанда да бұл жердің жөні мүлдем бөлек. Өскемендегі өзге саябақтарға қарағанда ерекше. Ерекшелігі сол, «Samal» – спорттық-сауықтыру саябағы. Жүгіруді, секіруді, суда жүзуді, велосипед теуіп, доп ойнауды жаны сүйетін адамдар үшін таптырмас демалыс орны десе де болғандай. Бұрын қараусыз, иен жатқан жерде қазір салауатты өмірді серік еткендерге барлық жағдай жасалған. Заманауи үлгіде жасалған «Samal» саябағын таныстыру салтанатына   өскемендіктер мен қала қонақтары көп жиналыпты. Жиналған қауымның алдында облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтау сөз сөйледі.

– Бүгінгі қуанышты күнмен шын жүректен құттықтаймын. Былтыр 10 маусымда осы жерге келгенде бұл маңда ештеңе де жоқ болатын. Сол кезде мен бір жылдың ішінде тамаша демалыс орнын салуға тапсырма бергенмін. Жалпы, біз өмір сапасын көтеруге ұмтылуымыз керек. Ал енді өмір сапасы дегеніміз не? Жолымыз жақсы болса, айналамыз таза болса, демалатын жеріміз бар болса, осының бәрі бір сөзбен айтқанда өмір сапасы. Салауатты өмір салты туралы тоқтаусыз айта беруге болады. Алайда отбасыңмен бірге келіп серуендейтін жер болмаса, жүгіретін жол болмаса, велосипед тебетін жер болмаса, бәрі бос сөз ғана. Сондықтан біз бүгін осыдан бес жыл, мүмкін 10-15 жыл бұрын істелуі тиіс болған жұмысты жүзеге асырдық. Осындай қуанышты күн бізде көбейе берсін. Өздеріңізге, еліміздің болашағына сеніңіздер, әрқашан белсенді болып, денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Шынында да «Samal»  спорттық-сауықтыру саябағы жұртшылықтың сүйікті орнына айналары сөзсіз. Облыс әкімі Даниал Ахметов журналистермен бірге саябақты бастан-аяқ аралап шықты. Мұнда заманауи жағажай, жүгіруге арналған жолдар, велосипед жолы, роллердром, скейтпарк, балалардың ойын алаңқайлары бәрі бар. Тіпті полиция мен медициналық пункт те қарастырылған. Ал саябақтың сыртында 200-дей темір тұлпарды қаңтаруға болатын көлік тұрағы да салынған. Демалушыларға қажет болған жағдайда құтқарушылар мен дәрігерлер де дер кезінде көмекке келуге дайын.

Дегенмен облыс әкіміне кейбір адамдардың саябақта ит ертіп жүруі әсте ұнаған жоқ. Осы ретте аймақ басшысы қала әкіміне итпен қыдырғысы келетін тұрғындарға жеке аумақ қарастыру қажеттігін айтты.

Спортты өміріне серік еткен жандар облыс басшысын тоқтатып, осындай тамаша саябақ үшін алғыстарын айтып жатты. Скандинавиялық жүріспен айналысушылардың да қуанышында шек жоқ. Өздерін «нордиктер» деп атайтын бұл топ облыс әкімін өздерімен бірге шынығуға шақырды.

– Бұл саябақ бізге жақсы болды. Қуаныштымыз. Скандинавиялық жүріспен алаңсыз айналысатын осындай тамаша жер болса деп армандап жүрген едік, – дейді өзін Сәния деп таныстырған кейуана. Жасының біразға келгеніне қарамастан жүрісі тың, қимылы ширақ екен.

Саябақты таныстыру барысында облыс әкімі Даниал Ахметов журналистерге қалада жүзеге асырылатын өзге де жобалар туралы айтып берді.

– Өздеріңіз білесіздер, биыл біз қаладағы көп көшені кеңейттік. Сәтпаев даңғылын кеңейту жұмыстары биыл аяқталады. Келесі жылы өте маңызды Бульвар шеңбері құрылысын бастаймыз, – деген облыс басшысы оншақты күннен кейін Өскеменнің өз Арбаты болатынын қуанышпен жеткізді.

Мейрамтай Иманғали

 

 

Осы айдарда

Back to top button