Қоғам

«Ертіс-Қазхромды» тағы жеңді

Өскеменде өтіп жатқан Ұлттық лига командалары арасындағы ел біріншілігінде «Алтай» қыздары қатарынан үшінші жеңісіне жетті. Бейсенбі күні өткен кездесуде жерлестеріміз Павлодардың «Ертіс-Қазхромынан» 3:1 есебімен басым түсті.

Еске салайық, облыс орталығындағы доданың алғашқы екі кездесуінде алтайлықтар 3:0 есебімен «Қарағанды» (25:14, 25:18, 25:20) мен «Астана» (25:21, 25:15, 25:22) волейболшыларын тізе бүктірген болатын.

Ал бұл жолғы ойында сербиялық бапкер Марко Гршичтің шәкірттері қарсыластарына бір партияны «сыйға тартты». Есеп 21:25. Дегенмен қалған кезеңдерде жерлестеріміз қателікке бой алдырған жоқ, 25:17, 25:22, 25:12.

Айта кетейік, қос ұжым соңғы рет осыдан бірнеше апта бұрын өткен Қазақстан суперкубогы үшін додада кездесіп, ол ойында да өскемендік волейболшылардың мерейі үстем болған. Есеп 3:0. Ал оның алдында Сана Анарқұлова мен командаластары павлодарлықтарды дәл осындай есеппен ел кубогы үшін жарыста да қапы қалдырған-ды.

Кеше кешке алтайлықтар ел чемпионатының бірінші туры аясындағы соңғы ойынын өткізді. Ол матчта алаң иелеріне петропавлдық «Қызылжар» волейболшылары қарсылас атанды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button