Қоғам

Ернар Айдар қаржылай қолдау көрсетті

Ернар Айдар қаржылай қолдау көрсетті


Өскемендегі «Ертіс концерт» шығармашылық ұжымының ұйымдастыруымен әнші Ернар Айдардың қайырымдылық концерті өтті. Концерттен жиналған қаражат су тасқынынан зардап шеккен Аягөз ауданының тұрғындарына берілді.

Концертте қазақ эстрадасының жұлдызы «Ғашықпын», «Күнім сен сөнбеші», «Біреусің», «Жарай ма?» сияқты басқа да жеке репертуарындағы әндерді шырқап, өскемендіктер мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

– Қайырымдылық шараларына жиі қатысып тұрамын. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп біздің халық бекер айтпаған шығар. Сол себептен қолдан келгенше көмек беріп, шынайы жанашырлық танытып, халықтың алғысына бөленгенге не жетсін, – дейді Ернар Айдар.

Концертті тамашалап отырған көрермендерді өнерімен сусындатып, көптің көңілінен шыққан әнші Өскеменнің әнсүйер қауымының ерекше қошеметіне бөленді. Қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға мұрындық болған «Ертіс» концерт шығармашылық ұжымының директоры Ғибрат Азубаевтың айтуынша, олар алдағы уақытта табиғи апаттың салдарынан үй-күйсіз қалған зыряндықтар мен глубокоелықтарға да көмек көрсетпек.

– Біз концерт залын тегін бердік. Басты мақсатымыз – қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге жан шуағын сыйлап,
халықты қайырымдылыққа баулып, олардың өнер саласына деген құрметі мен қызығушылығын арттыру, – дейді Ғибрат Азубаев.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button