ҚоғамТОП

Ермек Көшербаев: – Дарынсыз бала болмайды

Жыл сайын облыстық білім басқармасының Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында дарынды оқушылардың облыс әкімімен кездесуін ұйымдастыратын дәстүрі бар. Биыл да бұл игі дәстүр бұзылған жоқ.

Іс-шараның басы-қасында жүргендердің айтуынша, кездесуді ұйымдастырудағы мақсат – 2023-2024 оқу жылының қорытындысын шығару, оқуда, шығармашылықта және спортта жоғары жетістіктер көрсеткен талантты оқушыларды марапаттау. Кездесу мектеп оқушыларының бойына отансүйгіштік сезімін сіңіруге, білімге, ғылым мен өнерге деген құлшыныстарын арттыруға және өңірдің талантты жастарын қолдауға бағытталған.

Жалпы, өткен оқу жылында облыс оқушылары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Беделді халықаралық және республикалық олимпиадаларда тамаша өнер көрсетіп, облыс қоржынын жүлдеге толтырды. Білім басқармасынан хабарлағандай, оқушыларымыз түрлі деңгейдегі 134 медаль жеңіп алды, оның 28-і алтын, 39-ы күміс және 67-сі қола.

Дарынды оқушыларымыз еліміздің ұлттық зияткерлік құрамасы сапында Ресей, Швейцария және Албанияда өткен халықаралық жарыстарға қатысып, күміс және қола медальдарды олжалап қайтты.

Жаратылыстану-математика пәндерінен оқушыларға арналған республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс құрамасы «Үздік олимпиадалық команда» номинациясында алғашқы үштікке енді.

Бір қуантарлығы, соңғы жылдары ауыл мектептерінің де жеткен жетістігі аз емес. Мәселен, ауыл оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша бірінші республикалық олимпиаданың қорытындысында облыс құрамасы жаратылыстану-математика пәндерінен үздік нәтиже көрсетіп, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Бұған қоса, республикалық Абай оқуларында облыстың жас дарындар командасы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.

Міне, оқуда озат, спортта алғыр, өнерде дарынды осындай бір топ оқушы облыс әкімі Ермек Көшербаевпен кездесуге мүмкіндік алып, аймақ басшысымен емен-жарқын әңгімелесті.

– Бүгін түрлі Олимпиада мен байқауларда, жарыстарда алтын, күміс, қола жүлделер алған оқушылармен кездесіп отырмыз. Бірақ біз үшін бұл жүлделердің бәрі алтын. Жалпы, балаларды бөлген дұрыс емес деп санаймын. Өйткені қай-қайсын алсаң да дарынды. Тек сол дарынын, қабілетін байқай білу керек. Ал бұл – үлкендердің, яғни біздің міндетіміз. Сондықтан сіздерге айтарым, көбірек кітап оқыңыздар, білім көкжиегін кеңейтіңіздер, армандаңыздар, биік мақсаттар қойыңыздар. Ұмтылған адам дегеніне жететінін ұмытпаңыздар, – деген облыс әкімі балалардың түрлі тақырыпқа қатысты сұрақтарына да жауап берді.

Кездесу барысында үздік оқушыларға облыс әкімінің атынан грамоталар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

 

Осы айдарда

Back to top button