Ермек қажы Мұқатай, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы: –Шығысқа исламды оқытатын зайырлы оқу орны керек

Көпшілігіміз ойлағандай мешіт имамдарының қызметі құран оқып, қатым түсірумен, жаназа шығарумен ғана шектелмейді екен. Қарапайым қайырымдылық істерді айтпағанда еліміздің рухани жаңғыруына қозғау болар үлкен-үлкен бастамалардың іске асырылуында имамдардың үлесі бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Өскемен аймағындағы өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатаймен болған әңгімеден соған көз жеткіздік.
– Өткен жыл елімізге үлкен бір рухани серпіліс әкелген жыл болды десек қателеспейміз. Өйткені Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты екі бірдей мақаласы халыққа жол тартып, соған орай әр салада іргелі істер қолға алынды. Бұл қасиетті міндеттен діни басқарма да тыс қалмаған болар. Ендеше осы тақырыпқа кеңірек тоқтала кетсеңіз, не істелді, не істелмеді?
– Дұрыс айтасыз, өткен жыл шынымен де рухани жаңғыру жылы болды. Елбасы мақалаларында айтылған мақсат-міндеттерді орындауда біздің діни басқарма да шет қалған жоқ. Қал-қадірінше белсенділік танытып, біраз шаруаның басын қайырды. Негізі ҚМДБ төрт бағытта жұмыс істейді. Олар: оқу-ағарту, уағыз-насихат, теріс діни ағымдармен күрес және қайырымдылық. Осылардың өзі мешіт ісі, қажылық, халал стандарт, әйел-қыздар, жастар секторы сияқты өзге де бірнеше секторға бөлінеді. Мінеки осы бөлімдер арқылы жұмыстар жүргізіп отырамыз. Атап айтар болсақ, былтыр жыл бойы шамамен 11 мыңнан астам отбасыға қайырымдылық көмек көрсетіппіз. Одан бөлек әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінде 73 қайырымдылық шарасы өткізілсе, 63 рет қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, одан түскен қаржы көмекке мұқтаж отбасыларға таратылып берілді. Өзіңіз білесіз өткен жылы көктемде өңірімізде алапат су тасқыны болды. Осы апаттан зардап шеккен Алтай, Ұлан, Глубокое аудандарының, Өскемен қаласы Согра кентінің тұрғындарына «Шығыстың асары» жобасы бойынша жалпы мөлшері 24 тонна азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар берілді. Сол сияқты «Уақып», «Зекет» қорлары арқылы мыңға тарта отбасыға көмек көрсетілді. «Тегін такси», «Мектепке жол» акциялары да жыл сайынға дәстүрлі жобаға айналып, елдің ризашылығына ие болуда.
Былтыр сәтті іске асырылған қанатқақты жобаның бірі – «Дала семинары». Онда біз табиғат аясында киіз үйлер тігіп, төрт-бес күндей сол жерде жастармен салиқалы басқосу өткіздік. Түрлі тақырыпта сұхбаттар, пікіралмасулар болды. Арасында спорттық ойындар, ғылым-білім сайысы, рухани кештер ұйымдастырылды. Шынын айтсақ жастарға өте ұнады, алған әсерлері керемет енді.
Сондай-ақ былтыр екінші жыл қатарынан «Ақсақалдар форумын», «Зайырлы мемлекеттегі зиялы имам» атты өңірлік имамдар форумын, республикада тұңғыш рет әйелдердің семинар-форумын өткіздік. Бұл семинарға еліміздің барлық өңіріндегі діни өкілдіктердің әйел-қыздар секторын басқаратын әйелдер қатысып, оқу курсын өткіздік.
– Сонда бұл әйел-қыздар секторына қандай міндет жүктелген? Олардың атқаратын қызметі не?
– Кейінгі кездері қоғамда дінге бет бұрған қыз-келіншектер қатары көбейіп келеді. Кейбір жас қыздарымыз теріс діни ағымдардың арбауына түсіп, адасып жүргені де жасырын емес. Міне, осы проблеманың алдын алуда әйел-қыздар секторына жүгінеміз. Өйткені мешітте имамдардың бәрі ер-азаматтар, ал қазақтың қыз-келіншектері табиғатынан ибалы, ұялшақ келетіндіктен өздерін мазалаған кейбір сұрақтарды имамдарға қоя алмайды. Сондықтан бұл мәселеде әйел-қыздар секторының тиімділігі жоғары. Одан бөлек бұл сектордың өкілдері отбасы мәселелері, ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас, қыз бала тәрбиесі жөніндегі сұрақтарға да жауап береді.
Содан кейін біздің мешіттің ішінен «Зере ана» оңалту орталығы ашылды. Ол жерде отбасылық мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, дін мен дәстүр тұрғынан ақыл-кеңестерін айтады. Қарап отырсаңыз мешіт тек ғибадат орны емес, үлкен бір рухани, мәдени орталық деуге әбден болады. Бүгінгі атқарып жатқан ауқымды жұмыстар осылай айтуымызға толық құқық береді. Біздің есебіміз бойынша облыстық мешіт жылына 30-35 мыңға дейін адамға қызмет көрсетеді екен. Бұл аз емес әрине.
– Жақында әлеуметтік желіден сіздің мешіттің мұрындық болуымен «Ел үлесі – пәтерге» деген акция басталғанын білдік. Осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Діни басқарманың жанынан «Зекет» қоры құрылған. Былтырдан бері осы қордың жұмысын жандандыруға күш салынуда. Барлық қайырымдылық шаралары осы қор арқылы жүргізіледі. Оның ішінде атап өтетін жақсы бір бастама – «Ел үлесі – пәтерге» атты акция. Қолға алынған бұл шараның мақсаты баспанаға мұқтаж адамдарға шамамыз келгенше көмектесу. Мәселен, мұқтаж адамдарға баспана салатын жер алуға немесе жері бар болса асарлатып үйін салып беруге қол үшін созамыз. Ыңғайы келсе кәсіпкерлермен сөйлесіп, азын-аулақ қаржы немесе құрылыс материалдарын тауып беруге тырысамыз. Егер көмектесуге ниетті кәсіпкерлер табылып жатса оны мұқтаж адаммен кездестіріп, көрсететін көмегін тікелей өзіне бергіземіз. Әзірге «Зекет» қорына түскен қаражат мардымсыз, өте аз. Сондықтан бұл істе біз жамағат болып қол көмегін көрсетсек те үлкен іс тындырамыз.
– Иә, біраз шаруаны айттыңыз. Жөн екен. Бірақ бұл облыстық мешіттің ғана атқарған жұмысы ғой. Ал енді өңірдегі өзге қалалар мен аудандардың, ауылдардың имамдары бұл іске қандай үлес қосуда?
– Сөзіңізді сәл түзете кетейін. Бұл жұмыстарда Өскемен аймағы бойынша өкілдікке қарасты барлық мешіт имамдарының үлесі бар. Жоғары айтып өткен қайырымдылық шаралары облыстың барлық аудан-қалаларында өткізілді. Форумдар мен семинарларға да олар бір кісідей атсалысып келеді. Оның сыртында Зайсан, Тарбағатай, Шемонайха аудандық мешіттерінің, Тарбағатай ауданының Ақжар, Ақсуат ауылдық мешіттерінің ұйтқы болуымен тұрмысы төмен төрт отбасыға жаңа баспана салып берілді. Қысқасы ешбір аудан, қала имамы ортақ істен шет қалмайды. Біз өз тарапымыздан олардың біліктілігін арттыру, білімін жетілдіру жағына баса көңіл бөлеміз. Мәселен, былтыр 220-ға жуық имамды облыс әкімінің әкімінің қолдауымен облыстық мешіттің базасында оқытып, біліктілігін көтердік. Жалпы облыстық мешітте 80 адамды бір мезетте оқыта алатын орын бар. Оған қажетті оқу-құралдары, техникалық жабдықтар түгелдей қамтылған. Бұл болашақта ауылдық жердегі имамдардың білім-білігін арттыруға үлкен ықпал ететін болады.
– Ауыл имамдары демекші, қазіргі өңірімізде, оның ішінде ауылдарда дін қызметкерлерінің тапшылығы бар ма?
– Көп емес. Біздің есебімізше шамамен он шақты имам жетіспейді қазір. Бірақ мынаны ескеру керек. Кейбір ауылдарда мешіт болғанмен халық саны аз, сондықтан ол жерде ғибадат үйін ұстап тұру қиындау. Оның жарығы, жылуы басқа да қажеттіліктері бар. Бұның ақысын онсыз да жалақы алмайтын имам қалтасынан төлей алмайды ғой. Егер жергілікті билік бұл мәселені шешуге ықпал ететін болса имамдар барады ауылға. Неге бармасқа?
– Жаңа бір сөзіңізде мешіті бар бірақ халқы аз ауылдар бар деп айтып қалдыңыз. Ал халқы көп, бірақ мешіті жоқ елді мекендер бар ма біздің өңірде?
– Өкінішке қарай бар. Мәселен Шемонайха ауданының орталығында мешіт жоқ. Ондағы имамдарымыз бір ғимаратты паналап отыр. Кейінгі жылдары Шемонайха ауылына жан-жақтан көшіп келіп жатқан қаракөздеріміздің қатары көбейіп келеді. Жақында ғана қателеспесем еліміздің оңтүстік өңірлерінен қоныс аударған отбасыларға арнап 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. Демек қандастарымыздың саны артқан сайын олардың рухани қажеттілігін өтейтін бір орын керек болады. Оның үстіне шекарадағы стратегиялық аудан. Алдағы уақытта осы мәселенің түйіні шешілсе деген тілек бар.
– Тілегіңіз орынды екен. Бұл түйткілдің күрмеуі шешілер деп сенейік. Ал енді биылға не жоспарлап отырсыздар? Өзіңіз білесіз Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Сіздердің облыстық мешітте жастармен жұмыс істейтін бөлім бар. Ендеше Президент жүктеген міндеттер сіздерге де қатысты ғой.
– Әрине, діни басқарма еілімізде болып жатқан оқиғалардан, іске асырылып жатқан бағдарламалардан ешқашан тыс қалған емес. Жастар жылында да үнсіз отыра алмаймыз. Жоспарлап қойған іс-шараларымыз бар. Мәселен, биыл ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің «Ұлы дала төсіндегі ислам» атты кітабының негізінде «Рухани сапар» қанатқақты жобасын қолға алдық. Аталған кітапта қазақ даласындағы ислам дінінің тарихы, тәуелсіз еліміздегі діни басқарманың тарихы және өзге де тұщымды дүниелер қамтылған. Осы кітаптың желісі бойынша мектеп оқушылары арасында эссе жазудан бәйге жарияладық. Ондағы көздеген мақсатымыз жас буынға дәстүрлі дінімізді, төл тарихымызды кеңінен насихаттау. Байқауда үздік шыққан оқушыларды Түркістан, Тараз сияқты қалаларға, одан ары Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Самарқант қалаларына апарып, ондағы қасиетті орындарды аралату жоспарда бар.
Алдағы наурыз айында «Аналар форумын» өткізуді межелеп отырмыз. Онда ақ жаулықты аналарымыз жас қыз-келіншектерге ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.
Сонымен қатар «Жас жамағат бірлігі» атты жас жамағаттың кешін тұрақты өткізіп тұрамыз. Бұл жиында мешітке келіп жүрген жастар белгілі бір тақырыпта а пікір алмасып, ойларын ортаға салып, салиқалы сұхбат құрады. Кейбір мәселелер бойынша аға буын өкілдері жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар береді. Мұндағы негізгі мақсат – жастардың санасын ояту, олардың өздігінен шешім қабылдап, әрекет ете алатындай тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Жастардың елге, жерге, дәстүрге деген құрметін, сүйіспеншілігін ояту.
Бұдан бөлек жастар арасындағы өзекті тақырыптарды қаузайтын «Кешкі сұхбат» деп аталатын басқосуды ары қарай жалғастырамыз. Ал енді түрлі спорттық сайыстар, өнер жарысы, білім-ғылым бәсекелері біздің жыл сайынғы жоспардан шет қалған емес.
Жастардың діни білім алуына жете көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда Өскемен гуманитарлық колледжінде ислам дінін оқытатын бөлім ашылды. Онда қазіргі күні сырттай оқу бөлімінде 27 имам білім нәрімен сусындаса, күндізгі бөлімінде 74 шәкірт оқып жатыр. Ал енді біздің болашақтағы арманымыз зайырлы сипаттағы өзіміздің жеке оқу орнымызды ашу. Ол үшін мүмкіндігіміз бар. Сабақ беретін білікті мамандар, қажетті оқу-құралдар, техника бәрі бар. Тек оқу орнын тұрғызатын жер бөліп берсе немесе ғимарат берсе болды. Қалғанын өзіміз-ақ реттейміз. Ондай оқу орындары еліміздің Шымкент, Тараз, Орал, Ақтөбе, Астана, Павлодар сияқты бірқатар қаласында бар. Біздің облысқа бір оқу орны керек-ақ.
– Бұл тілегіңіз газет арқылы аймақ басшылығына жетеді деп ойлаймыз. Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен – Қуан Сейіт
Алла бұйыртса биыл «Халифа Алтай» мешітінде ислам мәдениетінің музейін ашсақ деген ойымыз бар. Музейде қазақ даласындағы сонау ежелгі дәуірлерден бері қарайғы дәстүрлі дініміздің тарихы көрініс табады. Көне жәдігерлер, ескі кітаптар және басқа да заттарды жинақтап қойдық.