Ерліктің ерен тұлғасы, ел тірегі – Елбасы
Тұңғыш Президент күніне орай Өскеменде 25 бес жасқа дейінгі айтыскерлер арасында облыстық жыр жәрмеңкесі өтті. 12 ақын өзара үздікті анықтау үшін төрт сағат бойы тартысты.
Тұңғыш Президент күні мерекесіне арнап облыс көлемінде жарияланған онкүндік аясында өткен бұл шараны «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырып, демеушілер тартқан екен. Көрермен қауым «Нұр Отанның» бұл бастамасына дән риза. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов алдағы уақытта жерігілікті бөлімше тарапынан ұлттық өнерге деген қолдау жалғасатынын айтты. «Ерліктің ерен тұлғасы, ел тірегі – Елбасы» деген тақырыпты алты жұп ақын әр қырынан ашып бақты.
Ақындардың өнерін ақтаңгер айтыскерлер Абаш Кәкенов пен Нұртай Тілеужанұлы, ақын Төлеген Жанғалиев пен жазушы Әлібек Қаңтарбаев сынды сөз зергерлері бастаған қазылар алқасы бағалады.
Облыстық Достық үйінде өткен айтысқа өзге ұлт өкілінің де қатысуы ерекше әр берді. Екінші жұпта Абай ауданының атынан сынға түскен Хамида Саметова «Ұлтым ұйғыр болса да, елім қазақ» деп залдағы елді бір көтеріп тастады. Оның қарсыласы зайсандық Ардабек Ақбаба «ұлты басқа болса да, жүрегі бір, ғұрпы басқа болса да, тілегі бір» отандасының айтысқа деген талпынысын, қазақ тілін ана тілі деп қабылдаған ерлігін әлі де «тілі шықпай жүрген» шенеуніктерге үлгіледі. Оқушы қарындасының жігерін жықпай отырып, абыройлы айтыс жасаған Ардабек ақын бұл додада ешкімге шаппай бәйге сұратпайтынын алғашқы аяқ алысынан-ақ аңғартқан. Алайда, зайсандық жүйрік қазылар шешімі бойынша келесі айналымға шығарылмады.
Айтыс жастар арасында өткендіктен бе, көп жағынан тоқсаныншы жылдардың аяғындағы жыр додаларын еске салды. Бас-аяғы тиянақты, жұмыр мазмұнға құрылған көркем тартысты соңғы жұп болып шыққан тарбағатайлық Нұржан Өмірбаев пен семейлік Манарбек Сатыбалды ғана жасай білді. Қалған бес жұп та кім жеңерін болжап білмес шаппа-шап айтыс көрсетті. Әсіресе, жармалық Мекебай Нұрекенің жырларынан айтыстың қулық-сұмдығын білмейтін аңғалдықпен қатар, құлашын кеңге жазса, таң асыратын тыныстылығы сезіліп тұрды.
Партия атына ең бір орынды ұсыныс өскемендік Қуаныш Еркінұлы мен семейлік Серік Қуанғанның сөз сайысында айтылды. Жазда ғана ел Президенті өзі келіп ашқан жаңа театрға қазақ труппасының негізін қалап, жеті жыл бойы режиссері болған, талантты ақын, драматург Рүстем Есдәулеттің есімін беруге партияның ықпал ету керектігін айтқан Қуаныш ақын көпшіліктің есінде осы есті сөзімен қалды.
Ақтық айқасқа жолы түскен Серік Қуанғанның тынысы Нұржан Өмірбаевпен айтысында ашылды. Алғашқы айналымда әзіл айтысқа бой ұрған Нұржан да бір қайнауы ішінде қалғанын ақтық сында дәлелдеді. Аса тартысты өткен айтыста басымдықты екі ақынның біріне ұстата салу қазылар үшін оңайға түспегені анық. Нұржан Өмірбаевтың Елбасыны шаңыраққа, халықты уыққа теңеуі, орталық алаңдағы шыршаның орнына тәуелсіздік жолындағы құрбандардың суретін қою жөніндегі ұсыныстары әсерлі шықса, Серіктің қарсыласына тікелей шабуылдаған шумақтары делебені қоздырды.
Бұл айтыстың жаңалығы тарбағатайлық оқушы Ақерке Бекбосынқызы болды. Талантты қызға дұрыс тәлімгер жолықпай жүр-ау деген ойда қалдық. Олай дейтініміз, Ақеркенің табан астында тауып айтқан жауаптары ұтымды шығып жатты. Осы аталған үш ақын екі айналымда да өз деңгейлерін төмендетпей, керісінше өршелене түсті. Ал семейлік Манарбек Сатыбалды екі айтыста да бірқалыпты деңгей көрсетіп, осы айтысқа ең үлкен дайындықпен келген ақын екенін паш етті.
Қазылар шешімімен айтыстың бас жүлдесі айтулы ақын Нұржан Өмірбаевқа бұйырса, бірінші орын Манарбек Сатыбалдының қанжығасына байланды. Ал семейлік Серік Қуанған айтыстың екінші орынымен бірге халықтың ыстық ықыласын да ала кетті. Үшінші орынды белгілі айтыскер Серік Жақияновтың ұлы Алпыс еншіледі. Барлық жүлдегерлерге марапат дипломымен бірге ақшалай сыйлық сертификаттары табысталды.
Есімжан Нақтыбайұлы