Тұлға

Ерліктің алауы бар жүрегінде

Жыл сайын 15 ақпанда еліміз Ауғанстаннан  Кеңес әскерлерінің шығарылған күнін атап өтеді. Қаншама жас боздақты қыршыннан қиып, қаншама ананы зар жылатқан бұл қырғынның да аяқталғанына да биыл 32 жыл.

Еліміздің Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергенов те Ауған соғысының ардагері. Ал бүгін 6 ақпанда 60 жасқа толып отыр.

 

Генерал-майор Әділбек Қалибекұлы Алдабергенов 1961 жылы 6 ақпанда  Үлкен Нарын ауданының Жұлдыз ауылында дүниеге келген. 1978 жылы орта мектепті аяқтаған соң Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің қатарына Отан алдындағы әскери міндетін атқаруға шақырылады. Мерзімді қызметін өтей жүріп, 1980 жылы Рязань қаласындағы Жоғары  әуе-десанттық әскери командалық училищесіне оқуға түседі. Оны 1984 жылы бітіріп, «лейтенант» атағын иеленіп, офицерлік өмірге қанат қақты. 1985 жылдың сәуір айынан 1986 жылдың тамызына дейінгі аралықта Ауғанстанда  арнайы мақсаттағы топ командирі ретінде өзінің интернационалдық міндетін атқарады. Соғыстан оралған соң түрлі деңгейдегі басшылық қызметтерді атқарып, 1993-1995 жылдар аралығында Мәскеу қаласындағы М.Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдап, жоғары басшылық лауазымдарда қызметін жалғастырады. 2007 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан генерал-майор атағын алды.

Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, егемен Қазақстанның төл әскерін құру жолындағы ерен еңбегі үшін «ІІ дәрежелі Айбын», «І дәрежелі Даңқ» және «ІІ дәрежелі Даңқ» ордендерімен, сондай-ақ мінсіз қызметтері үшін көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған. Қазіргі таңда ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары қызметін атқаруда. Әли, Алан, Батыр атты ұлдардың әкесі. Әлиі әке жолын қуып, әскери училищені үздік аяқтады, қазір Қазбат қатарында әскери қызметте.

 

Әділбек Қалибекұлы жастық шағынан от кешіп, мағынасыз соғыстың сан қилы сұрқиялылығын бастан кешсе де, өткен өмір жолы туралы көп ашылып айта бермейді. Әйтпесе, арнайы мақсаттағы топтың командирі ретінде алғы шепке аттанған алғашқы күннен бастап, екі жылдай жат ел, жат жерде көрсеткен ерлік істері, жастықтың жалынымен жасаған жанқиярлығы жетерлік. Кеудесінде жарқыраған қос ордені мен медальдары, жоғары басшылықтан алған алғыстары, тіпті соғыс салған жан жаралары да сол қайсарлықтың куәсіндей.

Жауынгерлердің денесін жау тылынан алып шықты

«Ауған соғысының қажеті қанша еді?» деген сауалға Әділбек Қалибекұлы біраз үнсіз қалып, «Ауған халқы үшін соғысқа кірдік. Бұл біздің үлесімізге тиген қызмет болды. Біз ант берген әскери адамдармыз, бұйрық берілді, бұйрық бұлжытпай орындалуы тиіс, біз жай ғана бұйрықты орындадық» деп жауап берген болатын.

Жас лейтенант бірер апта дайындықтан соң, арнайы мақсаттағы жасақтың командирі ретінде нағыз ұрыс қимылдарына араласып кетті. Оның тобына қойылған тапсырма да оңай емес еді. Ауғанстан тарапынан Пәкістан жақтан келетін мұздай қаруланған, күннен-күнге күшейіп отырған дұшпандар тобын жібермеу болатын. Қарамағындағы сарбаздардың бәрі де Қапшағай бригадасының десантшылары болды. Өзі де нағыз десантшы. Әрқайсысының өзіндік өмір жолы бар, бәрі де оған өз бауырларындай ыстық, әрі жақын болатын.

Аяқ астынан орын алған кезекті ұрыстардың бірінде жас командир бірден үш жауынгерінен айырылады. Өмір мен өлім арпалысқан осындай сын сағатта нағыз ер азаматқа тән мінез танытып, қандыкөйлек достарын қайткен күнде де жау қолында қалдырмауға бекініп, автоматтан бораған, толассыз заулаған оққа да, өз өміріне төнген қатерге де қарамастан, қарсы жаққа өтіп, өз жауынгерінің денесін арқалап жау жақтан алып шығады. Қолына қыршын сарбаздың шашылған миы жағылып қалған лейтенант Алдабергеновтің тобындағы орны толмас қазаның бұл алғашқысы және соңғысы еді. Жалындаған жас жүрегінде өкініш пен ызаның, орны толмас қайғының табы қалды. Бірақ жалы жығылып, рухы құлаған жоқ. Қайта ауған соғысының бар қиындығын арқалап, табандылық таныта білді. Бұл мағынасыз соғыста Әділбек 50 жауынгерлік жорық жасап, қарулы қақтығыстарға қатысты. Алғашқы ұрыстарда басынан алған жарақатына қарамастан, өз міндетін абыроймен соңына дейін атқарып шықты.

– Міне, бауырым, соғыс деген осы, – деді ол жымиып. – Соғысқа қатысқандардың бәрі де оқ пен оттың, өмір мен өлімнің арасында жүреді. Қазір ойлап отырсам, адам деген тірі жанның соншама жанкештілігіне таң қаламын. Әсіресе, қазақтың намысы ажалдан да артық жатыр-ау деп ойлаймын…

Қарулы күштердегі қызмет

Зырлаған уақыт орнында тұрмайды. Аға ұрпақтың ізін басып, өкшелеп келе жатқан жас ұрпақ жалғастырар бабалардың даңқты жолдарын. Тек соларға дұрыс бағыт, парасатты тағылым бере білсе, ағалар арманының орындалғаны емес пе? Әділбектің асыл армандарының бірі осы. Әуе-десанттық училищесінің курсанты кезінен бастап қалыптасқан десанттық дәстүр, әскери тәртіп, соғыс қимылдарына қатыса жүріп жинаған мол тәжірибесін ізбасар інілерімен, жас десантшылармен бөлісе жүріп,  Қарулы Күштеріміздің маңызды бір бөлімін десанттық-шабуылдау әскерлерін, Қазақстан десантын 2009-2013 жылдар аралығында басқарды.

Қолбасшысы қандай болса, әскері де сондай болмақ.  Сол жылдары десантшылардың өрге басқан әр ісі – Әділбек ағаның жетістігі мен қуанышы болды. Ол десанттық-шабуылдау әскерлерімен бірге жасап, біте қайнасқан жан. Ұжым қабілетті басшының іскер ұйымдастырушылығының арқасында бір мақсатқа жұмылды.

Бұл майдангер қолбасшының көтерілген абырой мен бедел баспалдағының бір белесі ғана. Ал оның ұшар басына жеткізер қанат – ерлік, еңбек пен зор парасат болса, генерал Алдабергенов сол биікке қарай тоқтаусыз беттеп, 2013-2016 жылдар аралығында  Құрлық әскерлерінің штаб бастығы – Бас қолбасшының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2016 жылдың қазан айынан бері Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары.

Туған жерін әр кез құрмет тұтады

Қатонқарағай ауданы әкімінің ұсынысымен 2020 жылдың 25 желтоқсанында  Катонқарағай аудандық мәслихаты сессиясының шешімімен генерал-майор Әділбек Алдабергеновке «Қатонқарағай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

– Ұлы Отанды қорғау қызметім осы кіші Отаным – ауылымнан басталған. Менің осындай дәрежеге жеткенім, сіздердің баталарыңыз бен туған жерімнің қасиетті топырағы деп білемін. Мен үшін басқа атақтарымның бәрі бір төбе болса, туған ауылымның берген атағы бір төбе, – дейді  алтын бесігін әрдайым мақтаныш тұтатын Әділбек Алдабергенов.

 

Нұржан Малғаждаров,

Өскемен гарнизоны

 баспасөз қызметінің бастығы, майор

Осы айдарда

Back to top button