Қоғам

Ерлікті дәріптеп жүр

Берікхан Тайжігіт

      Семейден аттанған вело-экспедиция  Үржар ауданына келіп, тұмсық тіреді. Белгілі меценат, «Қабанбай» халықаралық қорының Президенті Құсман Шалабаев төрағалық ететін Алматыдағы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған аталмыш іс-шараның мақсаты ­ батыр бабалар  жолЫмен жүріп өту.

Вело-экспедицияның құрамы бір адамнан тұрады. Ол – аягөздік журналист өлкетанушы Ертіс Нұрқасым.  Жалпы, аталмыш сапардың ұзақтығы мың шақырымды құрайды. Сапар барысында Ертіс бауырымыз тарихи орындарды аралап, жұртшылыққа аудио-видео аппараттармен құнды мағлұматтар беріп келеді.

– Ақшатау, Аягөз, Үржар және Мақаншы өңірі мен Ойран сынды жерлерде еліміздің тәуелсіздігі үшін жауынгер бабаларымыз жан беріп, Отанымызды қорғап қалған. Осы киелі орындарға тоқтап, баһадүрлердің рухына тәу етеміз. Сапарымыз Бақты, Жарбұлақ және Алакөлге жеткен соң тамамдалады. Тұтастай алғанда, вело-экспедицияның ұзақтығы – мың шақырым. Бұл сапарға шығудағы мақсатымыз – жас ұрпаққа батыр бабаларымыздың ерліктерін, елімізді қорғау жолындағы қайраткерлік істерін дәріптеу. Жастар түкті жүректі баһадүрлеріміздің жүрген жолдарына қанықса, елді, жерді, тіл мен ділді қорғайтындай азамат болып қалыптасатынына бек сенімдіміз. Сондықтан да бұл амалымыздың өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде маңызы зор.

Екіншіден, осы арқылы  смартфонға телміріп отыратын балаларды велосипедке отырғызып, бұқаралық спортты насихаттау көзделген. Себебі, салауатты ұрпақ – ел келешегінің кепілі. Әйтсе де бұл жердегі ең басты ұстанымымыз – еліне адал қызмет ететін жас азаматтардың жаңа легін қалыптастыруға үлес қосу.

Ықылым замандарда осындай ұлан-ғайыр жерімізді бабаларымыз қорғап, сақтай білген. Былтыр осындай экспедицияға көлікпен шығып, біраз құнды деректі тапқан едік. Биыл да көне тарихымыздан сыр шертетін мәліметтер табылатынына үмітіміз басым, – дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы, өлкетанушы-журналист  Ертіс Нұрқасым.

Үржар ауылында веломарафоншыларды  аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов бастаған аудан халқы салтанатты түрде қарсы алды.

– Қабанбай батыр бабамыздың 330 жылдығына, ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына   арналған   веломарафон барысында  Ертіс Нұрқасымды, «Ақтау – Мұзтау» велосапарының қатысушысы Раббим Борашовты және осы велосапардың ұйымдастырылуына демеуші болған жерлесіміз, белгілі меценат Құсман  Шалабаевты аталмыш сапарларымен құттықтаймыз, –  деді аудан басшысы.

Үржарлықтар  Құсман Кәрімұлы мен  веломарафоншыларымызға  қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button