Ұлы даланың ұландары

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ ЕТПЕСЕК, ЕЛДІГІМІЗГЕ СЫН БОЛАР

Халқымыздың қазақ-жоңғар соғысындағы жеңісі – бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихына алтын әріппен жазылған жарқын шежіре. XVIII ғасырда жатжұрттықтарға қарсы ұлт-азаттық қозғалысы бел алғанда Тарбағатай өңірінде де ірілі-уақты шайқастар болып өткен екен.

Кеңес кезеңіндегі пышақтың қырындай ғана қазақ тарихы оқулығынан жоңғар шапқыншылығына қарсы бетбұрысты кезеңге жеткізген Аңырақай сынды шайқастарды ғана оқып өстік. Ал Шорға сияқты «екінші қатардағы» шайқастар ауызға алынбады. Өйткені империялық сыңаржақ саясат тарихымыздың түп тамырын түгендеуден қауіптеніп, қолынан келгенінше ұлттық рухымызды тұншықтыруға тырысқаны белгілі.

Тек тәуелсіздік алғаннан бері Шорға шайқасы туралы мектеп оқулықтарына еніп, өзге де басылымдарда жариялана бастады. Мәселен, қаламгер Александр Брат пен Айдын Сақановтың «Казахстанская правда» газетінің 1994 жылғы 5 наурыз күнгі нөмірінде жарық көрген «Битва при Шорге», Бақыт Ақмолда мен осы жолдар авторының облыстық «Дидар» газетінің 2010 жылғы 138-ші санында жарияланған  «Шығысқа жол ашқан Шорға шайқасы» атты мақалаларында осы шайқастың ұзын-ырғасы кеңінен қамтылған. Сол жарияланымда Шорға өңірінде ескерткіш ашу мәселесі көтерілсе де, осы күнге дейін жабулы қазан жабулы күйінде қалып келгені де өкінішті.

Бабалардың қаны сіңген бұл – Шорға!

Соған қарағанда, «Шығысты шегендеуде Шорға шайқасының маңызын  әлі түсіне қойған жоқпыз  ба?!»  деген ой келеді. Егер бұл шешуші шайқаста ата-бабаларымыз  жеңіске  қол жеткізе алмаса, Қазақстанның  қазіргі атлас  картасы Аягөзбен ғана шектеліп, Алтай мен Тарбағатайдың, Сауыр мен Сайқанның күллі шұрайлы өңірлері көз сұғын қадаған жатжұрттықтардың қанжығасында кете берер ме еді, кім білсін?!

«Ат басындай алтының болғанша, алақандай жерің болсын» деп жауымен қырқысып өткен ата-бабаларымыздың өнегесі  тарих соқпағында  сайрап жатыр. Осы жұмақтай  жер ата-бабаларымыздың қаншама буынының  өсіп-өніп, өркен жаюына негіз қалағанының өзі неге тұрады?!

Шайқастың осы Шорға өңірінде өтуі де тегін емес. Терістігін Зайсан көлі қымтап, түстігін Маңырақ, Тарбағатай таулары ажарлаған осы көкорайлы жазықты жер жәннаты десек, жаңылыса қоймаспыз.

«Шығыстың бұлбұлы» атанған Әрімжан Жанұзақұлы:

«Жетіарал мен Шорғам-ай,

        Болдың елге қорған-ай.

        Майлы, Жайыр, кәнеки,

        Біздің жердей болғаны-ай!», – деп өзегі өртеніп, сағына жырға қосыпты.

Кеңес дәуірінде осы аумақта орналасқан бұрынғы «Крупская» совхозы (қазіргі Қабанбай батыр атындағы ауылдық округ) аудандағы қатарлы шаруашылық санатынан көрінсе, «Қарасу» совхозы (қазіргі Қарасу ауылдық округі) «Бүкілодақтық ет фабрикасы» атанып, даңқы жер жарған кезеңдері де болды.

Енді Шорға шайқасына дейінгі еліміздің мүшкіл халін көзге елестетіп көрелік. Әу баста қазақ жеріне көз алартқандар қазақ-жоңғар соғысынан кейін: «Екі жақ та әлсіреп, қазақтың  байтақ даласы өзімізге қалады» деген есек дәмеде  болғаны белгілі.

Бірақ тарихтың осы тар соқпағында Төле бидің даналығы арқасында аруақты Абылай хан тарих сахнасына шығып, асқан даналығымен, дипломатиялық  айласымен аю мен айдаһар айдап салған жоңғарлардың аузына жем болғалы тұрған елімізді қатерден құтқарып қалды. Құтқарып қана қоймай, Жоңғарияны жер бетінен жойып жіберді.

Тарихи деректер Шорға шайқасының 1755 жылы болғанын айғақтайды. Аталмыш шайқастың 80 күнге созылуы бұл теке тірестің қаншалықты қиян-кескі сипатта әрі кең ауқымда өткенін байқатады. Оның мынадай себеп-салдары бар. Бұл шайқасқа Алтай-Тарбағатайды мекендеген жоңғарлар ғана емес, кейбір деректер бойынша Шығыстағы қалқа-моңғолдар да белсене қатысқан сыңайы бар. Батыс пен Шығыстағы моңғолдар арасында кезінде  билік үшін қақтығыстар болғанымен, ойраттар Шығыс Түркістан мен қазақ елін талап-тонауы арқылы Шығыс Моңғолияның әлеуетін көтергені де әмбеге аян. Енді сол қанаттағыларға қауіп төнгенде, оң қанаттағылар  қайдан теріс айналсын. Қысқасы, Манчжуриядан бастап, Алтай-Тарбағатайға дейінгі моңғолдардың таңдаулы түмендері  Шорға мен  Жоңғар қақпасындағы соңғы шайқастарға тастүйін дайындықпен келіп, белсене қатысқанын әртүрлі дерек көздері дәлелдеп отыр.

Абылай хан елдің Шығысын шегендеудегі шайқастарға да ерекше мән бергені байқалады. «Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жұртының үштен екісі шейіт болды. Жан-жағымыздан анталаған жаудың кейбірі әлі тізесін батырып келеді. Сондықтан соғыста аз шығынмен жеңіске жетіп, халқымызды сақтап қалуға тиіспіз» деп ұйғарым жасауын – алысты болжайтын (стратег) аңғарлылық, кемеңгерге тән көрегендік демегенде не дерсіз?!

Бірақ жоңғарлар өздерінің бір кездегі басымдығын қайта қалпына келтіру үшін ел тыныштығын бұзумен болды. «Қаракерей Қабанбай» кітабында (авторлары Зейнолла Сәнік, Бейсенғали Садыхан) Шорға шайқасының тұтануына қандай себептер түрткі болғаны нақты баяндалған. Ойраттар тыныш жатқан қазақ жұртына лаң салып, лап қойғаннан кейін ондағы ел-жұрт жан-жаққа босып кетеді. Бұл шабуыл қазақ жұртының қайта бас көтеруіне жол ашады.

«Қаракерей Қабанбай», «Бөгенбай батыр» кітаптарында Шорға шайқасына Қабанбай, Бөгенбай, Барақ, Бармақ, Бердіқожа, Қасабай, Жантай, Баймұрат, Райымбек, Тентек, Қосай, Тама, Дәулетбай, Шөрек, Жаман, Орақбай, Атан батырлар мен Қазыбек бидің қатысқаны жырланыпты. «Бөгенбай батыр» жырындағы:

«Қозы маңырақ, қой маңырақ,

         Қалмақты қуып, қашырған.

         Алтай таудан асырған», – деген жолдар да осы Шорға шайқасынан елес беретіндей. Өйткені Шорға соғысы тек Шорға өңірін ғана емес, Қалба, Сауыр-Сайқан, Шілікті жазығын қамтып, оның құлашы Еміл өзеніне дейін жеткен көрінеді.

Батырлықтың рухы керек қазаққа

Жекелеген ұрыстарға келсек, ел аузында аңыз болып қалған Сеңгір тоғайындағы шайқасты атауға болады. Қазақ жасақтары Шығысты бетке алып, Қандысу өзенінің бойындағы қалың жыныс  тоғайға келгенде соған тастай бекінген жоңғарлар оларды бастырмапты. Шабуылдамақ болған кейбір сарбаздар оққа ұшады. Қол бастағандарға да жан керек, олар бір-біріне «Тоғайға сен кір, сен кір!» деп кідіріп қалыпты (бұл тоғайдың кейін Сеңгір атануы да содан дейді).

Дәулетбайға сол кезде тосын бір ой келіп, сарбаздарының бірінші тобын тоғайдың терістігінде қалдырады да, екінші тобын ойраттарға сездірмей, түн ішінде олардың түстігіне, яғни, ту сыртына өткізіп жібереді. Ертеңінде жасақтағылардың бірінші тобы Дәулетбайдың нұсқауымен тоғайдан бергі алаңқайда от жағып, айналаны түтіндетіп, керней қаққызып, дабыл көтерткізеді. Осы айғай-сүрең тоғайды айнала бекінген  жаудың зәре-құтын қашырады. Сөйтіп, шептерін тастап, жылыстай қашқандар да, терістікке қарай ағылғандар да аз болмайды. Дәулетбайға да керегі сол болатын. Ойраттардың ту сыртынан ойран салып, терістіктегілерді түре қуып, оларды ойсырата қырып, жеңіске жетеді.

Сонымен қатар қазіргі Құйған ауылдық округінде  «Қалмаққырылған» деген жер бар. Онда да Дәулетбай бастаған қазақ жігіттері қол күші басым жаумен айқаста жеңіске жеткен.

Шорға шайқасын сөз еткенде Қосай батырды ауызға алмай өте алмаймыз. Оның Шорға соғысындағы ерен ерлігін Кәрібай, Әрімжан ақындар жырға қосып, батырлық және қолбасылық қабілетін жоғары бағалаған.

Мәселен, Кәрібай ақын толғауында:

       «Қасына ер Бөгенбай Барақты алып,

        Болғаны елге қорған алашқа анық.

        Бердіқожа, Қасабай, Жантай батыр,

        Қосылған ер Жәнібек талаптанып.

        Ер Қасым, Баймұрат пен Райымбек,

        Болғаны оған серік қазаққа анық.

        Қосай, Тама, ер Шөрек, Малайсары,

        Атын тізіп айтайын санаққа алып…», – деп жырласа, Әрімжан ақын:

«Қабанбай, Қосай, Дәулетбай,

        Қатаған ханның жиені.

        Байжігіттен шыққан үшеуі,

        Батыр болған киелі», – деп дәріптейді.

Сонымен қатар елі үшін еңіреп өткен Кенже, Атмал, Жәуен,  Байотар, т.б батырлар қазақтың бір сүйем жері үшін қасық қанын төгіп, кейбірі өздерін  құрбандыққа шалғаны ұмытылуға  тиіс емес. Олардың әрқайсының  тағдыры бір-бір атанға жүк боларлық.

Бұхар жырау:

«Қалбадан осы жолы қалмақ қашып,

        Тұра алмай қарсыласып, салмақтасып.

        Қарғыба, Базар, Боғас бәрін тастап,

        Жөнелді Маңырақпен ар жаққа асып», – деп қазақ батырларының ерлігін асқақтата жырлайды. Сонымен бірге ұлы жырау осы өңірлерден  бастап Сары Еміл өзеніне дейінгі аралықта Ер Тама, Кенже батырлар мен Назарғазы байдың ажал құшқанын, ұзын саны он алты қазақ батырының Мойынши, Ақсу, Емілдің бойында опат болғанын күйіне отырып жырға қосқан.

Осы факторлар Шорға шайқасы қазақ тарихындағы ең сұрапыл шайқастардың бірі болғандығын айғақтайды. Сондықтан «Шығыс шеңбері» жолының бойындағы Ақмектеп ауылының жанындағы Шорға жазығына 80 күндік Шорға шайқасының құрметіне  «Бабалар рухы» атты мемориалдық патриоттық кешеннің ашылуына ықпал жасасаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді.

Жердің аты – көне тарихтың хаты. Олай болса, Боғаста «Қабанбай батыр» ескерткіші, Ақмектепте «Бабалар рухы» мемориалдық кешені, Қарасуда «Жұмық баба» мешіті, Ақжарда «Байжігіт баба» мешіті, «Мақта апа» мүсіні, «Дәулетбай батыр» ескерткіші, «Ұлы дала ұландары» аллеясы, Зайсанда «Баймұрат батыр» ескерткіші, т.б болып, бір-бірімен сабақтасып, туған жеріміздің  тарихын жетік білуге, қолмен ұстап, көзбен көруге үлкен  мүмкіндік туар еді.

Ең бастысы, бұл монумент қазақ халқының бірлігін, үш жүздің тұтастығын, батыр бабаларымыздың ерлік рухын дәріптейтін, мақтан тұтатын қасиетті де, киелі орынға айналар еді.

 

 

Серік Ерғалиев   

Қабанбай ауылдық округінің

ақсақалдар кеңесінің төрағасы.                          

Нұрахмет Әлдебаев

Қабанбай ауылының кәсіпкері, сәулетші.                                                                

Ердос Садықов 

К.Төгісов атындағы орта мектептің

тарих пәнінің мұғалімі.                                

Бақыт Ақмолда

Бастамашы топтың төрағасы,

өлкетанушы Шорға ауылының тұрғыны.                                                                                                                                

 

Back to top button