Қоғам

Ерікті жастар контингенті жасақталады

Ерікті жастар контингенті жасақталады

Өскеменде еріктілердің (волонтер) халықаралық жастар форумы аяқталды. Екі күнге жалғасқан шараны өткізуге облыс әкімдігі мен еліміздің Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ, «Үлес-2020» қоғамдық қоры мұрындық болды.
Ең алдымен облыс орталығындағы «Алтай» технопаркінде форумның пленарлық мәжілісі өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жиналғандарды форумның ашылуымен құттықтай келе, мұндай іс-шараны өткізудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Өздеріңіз білесіздер, алдағы жылдары елімізде бірнеше ірі халықаралық шара өткізілмек. Оның ішінде, әсіресе 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесі мен дәл сол жылы Алматыда жалауын көтеретін Универсиаданың шоқтығы биік екені рас. Мұндай ірі, жаһандық мәртебеге ие шараларға бүкіл әлем жұртшылығы көз тігетін болады. Сондықтан ЭКСПО мен Универсиаданы ойдағыдай өткізу үшін көп еңбектенуіміз қажет. Осы орайда шетелдік қонақтарға қызмет көрсету жағына ерекше мән берілмек. Ал бұл жұмысқа негізінен еріктілер тартылатыны мәлім. Сол себепті, бүгінде елімізде мықты ерікті жастар контингентін құру бағытында айтарлықтай шаруа атқарылуда. Міне, Өскеменде еріктілердің халықаралық жастар форумын өткізуіміздің түпкі мақсаты да – осы, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Жандос Қапановтың айтуынша, аталмыш форумның жұмысына еліміздің барлық облысынан, сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерден келген 200-ге жуық ерікті жас қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Әсіресе, Ресейден келген бірнеше еріктілер ұйымы басшыларының және еліміздегі Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы өкілдерінің жиналған жастармен бөлісер жаңалығы көп болыпты. Форумға арнайы шақырылған спикерлер биыл Ресейдің Сочи қаласында өткен ақ Олимпиада мен 2011 жылғы қысқы Азия ойындары кезіндегі еріктілермен жұмысты ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әңгімелеп, қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Форумда, әсіресе Қазақстанда еріктілер қозғалысын дамыту мен осыған байланысты жеке менеджмент қалыптастыру бағыттарына ерекше мән берілген екен. Бұл туралы Татарстанның Қазан қаласынан келген спикер Марина Пигозина мәлім етті.

Ерікті жастар контингенті жасақталады

– Қазақстанда еріктілер мәселесіне арналған үлкен форум өтеді дегенді естіп, қуанып қалдық. Себебі, мұндай форумдар жер-жерде еріктілер ұйымдарын құрып, олардың жұмысын дамытудың бірден-бір алаңы болып табылады. Форум барысында біз қазақстандық және өзге шетелдік жастармен жұмысымызды барынша тиімді ету жөнінде тәжірибе алмастық. Жалпы, 2013 жылы Қазан қаласында жазғы Универсиада өткенін білесіздер. Осыған байланысты форумға қатысушы жастармен бөлісер тәжірибеміз көп. Ал 2017 жылғы Универсиада сіздердің елдеріңізде өтетінін ескерсек, мұндай форумның маңыздылығы еселеп артады. Бұған қоса, Алматы қаласында 2022 жылғы қысқы Олимпиада да өтуі ықтимал. Сондықтан сіздердің елдеріңізде алдағы бірнеше жылда мықты еріктілер контингенті жасақталуы қажет деп санаймын, – деді М.Пигозина.
Осы орайда Қазанда өткен Универсиадаға біздің облыстан 20-ға жуық ерікті жастар қатысқанын да айта кеткен жөн.
«Алтай» технопаркінде ұйымдастырылған форумның пленарлық отырысы «ЭКСПО-2017», «Универсиада-2017» және «Әлеуметтік еріктілік» тақырыптарындағы секциялық жұмыстарға, сондай-ақ, шеберлік сыныптарына ұласты.
Форум аясында Өскемендегі Орталық мәдениет үйінде шығысқазақстандық өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Салтанатты шара барысында аймағымызда мемлекеттік жастар саясатын жүргізуде барынша белсенділік танытқан бір топ азаматқа облыс әкімінің сыйлықтары табысталды.
Жалпы, екі күндік форум соңында Қазақстандағы еріктілер қозғалысын дамытудың жалпыұлттық жобасы әзірленіп, қарар қабылданғанын айта кеткен жөн.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button