«Дидардың» қонағы

Еркін Рақышев, әуесқой режиссер: Режиссер болуыма, әйелімнің сөзі әсер етті

Еркін Рақышев, әуесқой режиссер:  Режиссер болуыма, әйелімнің сөзі әсер етті


Әуесқой режиссер Еркін Рақышевты қарапайым киносүйер қауым жақсы біледі. Оның «Жаралы сезім», «Жетімдер», «Әйгерім» сынды фильмдерін көзіне жас алмай тамашаламаған көрермен жоқ шығар. Таяуда Еркін Рақышев «Көкжалдар» атты тағы бір фильмді аяқтап, тұсауын кесті. Фильмнің тұсаукесер рәсімі Өскеменде де өтті. Міне, осынау шарадан соң, біз режиссермен сұхбаттасқан едік. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

Кез келген киноға барымды саламын

– Айтыңызшы, қарапайым аспазшының режиссерлік жолға түсіп, кино түсіруіне не түрткі болды екен?

– Мұның бәріне кінәлі әйелім. Бірде тамақ ішуге түскі асқа келсем, әйелім өзбектердің түсірген «Фатима мен Зухра» деген киносын көріп, жылап отыр екен. Мен «тамақ дайында» десем, «тамақ дайын тұр, барып салып, іше бер» дейді. Есіл-дерті кино, маған тіпті көңіл бөлетін түрі жоқ. Сөйтіп, іштей ренжіп, тамағымды іштім. Әйелім киноның ішіне кіріп кеткен. Киініп қайтадан жұмысқа кетіп бара жатып әйеліме: «Мен бұдан да жақсы кино түсіремін» дедім. Әйелім «сен алдымен түсіріп ал, содан кейін айтасың» дейді. Оның бұл сөзі менің намысыма тиді. Жұмысқа барғаныммен, өзімді қоярға жер таппаймын. Сол күннен, сол сәттен бастап, болашақта түсіретін киномның сценарийін ойластыра бастадым. Содан не керек, тура алты ай өткенде «Жаралы сезім» деген кином шықты ғой. Әйелім оны да жылап отырып тамашалады. Одан кейін «Жетімдерді» түсірдім. Осылайша кино әлеміне қалайша еніп кеткенімді өзім де байқамай қалдым.

– Әуесқой режиссер деген сөз кейде сіздің көңіліңізге келмей ме?

– Кез келген режиссерге керегі ең алдымен диплом емес, қабілет. Бұл – өнер. Мысалы, сіз қанша жерден сурет салғаныңызбен, ән айтқаныңызбен, егер Алла тағала бір кішкене ғана қабілет бермесе, сізден суретші де, әнші де шықпайды. Сол секілді режиссерге де ең алдымен қабілет керек. Менде сондай бір қабілет бар деп ойлаймын. Ал қалған өзіме жетіспейтін білімді іздену арқылы аламын. Мені «білімі жоқ, оқымаған, әуесқой режиссер» деп жазып жүрген журналистер ғой. Өз басым оған ешқандай да ренжімеймін. Қазіргі кезде кез келген әншіні алсаңыз да, кейбірінің кәсіби білімі жоқ. Дипломым жоқ болса да мен өз бетіммен көп ізденемін, кітапты көп оқимын. Кез келген дипломы бар режиссерден артық оқымасам, кем оқымаймын. Жалпы, мен кино әлеміне аяқ басқан жылдар ішінде өзімнің ешқандай режиссерден кем түсірмейтінімді дәлелдедім ғой деймін.

– Шынында да сіздің түсірген киноларыңыз халықтың көкейіндегісін дөп басып жатады. Мұның себебін қалай түсіндіресіз?

– Мен бірінші халық нені көргісі келеді, соны зерттеймін. Әр кинодан халық өзіне бірдеңе алу керек. Кинодағы кейіпкерді көріп отырып халық сондай кейіпкердің бар екеніне сенуі тиіс. «Е, мынау ана жігіттің басындағы жағдай ғой. Мынау ананың тап өзі ғой» деп біліп отырғаны жөн. Сонда ғана фильмнің ойдан шығарылмағанына халықтың көзі жетеді. Байқасаңыз, менің киноларым түрлі әлеуметтік тақырыптарға арналған. Кейіннен Тұрар Рысқұлов туралы, «Ашаршылық» туралы деректі фильмдер түсірдім. Осы фильмдерді түсіру барысында қаншама тың дүниелерге тап болдым. Әсіресе, Темірбек Жүргенов жайында қаншама тың деректер таптым. Жалпы, мен кез келген іске кіріскенде бар жан-тәніммен кірісемін. Әсіресе, қайраткерлеріміз жайында тақырыптарға атүсті қарауға болмайды. Түсірген фильміңіз шикі болып шықса, ол ұят. Сол үшін мен қолға алған киноларыма барымды беремін. Жәй кино болса да барымды саламын. Ал мына «Көкжалдар» фильмі ұлттың рухын көтеруге бағытталған.

Еркін Рақышев, әуесқой режиссер:  Режиссер болуыма, әйелімнің сөзі әсер етті

«Көкжалдар» қиындықпен түсірілді

– «Көкжалдар» фильмін түсіру туралы ой сізге қалай келді?

– Бірде Амалбек Тшанов деген ағамызбен кездескенде тектілік туралы әңгіме қозғады. Қазір өзіміздің тегімізді ұмытып бара жатқанымыз, тектінің ұрпағы екенімізді естен шығарып, ұмытқанымыз сөз болды. Осы мәселе жөнінде бір кино түсірсек деген ой айтты. Содан ойлана келе осы қазақтарды, жалпы түркі тектес халықтарды көкбөріден тараған дейді ғой. Неге ондай әңгімелер шыққан? Яғни, мұны бабаларымыз бостан-босқа айтпаған ғой деп Көкбөрі туралы аңызды негізге алып, біз осы туындыны түсірдік. Жалпы, қазақ қасқырды неге киелі аң дейді? Неге қасқыр циркте ойнамайды? Фильм мәселені тіке көтермесе де, біздің неге көкбөріден тарағанымыз туралы сауалдарға жауап береді. Әйтеуір халық бір тағлым алса деген ниетпен түсірілген кино ғой.
– Осындай үлкен киноны демеушілердің көмегінсіз түсіру мүмкін емес шығар?

– «Көкжалдар» сондай қиындықпен түсірілді. Сенсеңіз, кейде әртістерге тамаққа ақша тауып бере алмай қиналдым. Біресе анау жетіспейді, біресе мынау жетіспейді дегендей. Осы туындыны қолға алайын деп жатқан кезде шымкенттік бір кәсіпкер ағамыз: «Ой, бұл деген ұлтқа керек нәрсе екен, мен қаржыландырамын, ештеңе ойламаңдар, бастай беріңдер» деген еді. Сөйтіп, біз «біссіміла» деп бастап кеттік. Ол кісі қаржыны «он күннен кейін берем, бір айдан кейін берем, кейін берем» деп созып жүріп алды. Шынымды айтсам, сол кісінің алдына он рет бардым. Сонымен, ол ағамыз уәде еткен қаржысын ақыры бермеді. Бастап қойғаннан кейін орта жолдан қалай тастайсың. Сөйтіп, бұл киноны 100 мың доллардай қарызға түсірдік. Ақшаны несиеге де алдық, біреулерден процентке де алдық. Әбден қарызға кірдік. Содан кейін киноны қиындықпен түсіріп жүргенімізді Амалбек ағамыз көріп, біраз қарызымызды жауып берді. Сондай-ақ Кинишида деген жапондық кәсіпкер азамат қол ұшын созды. Ол кісі желтоқсан айында «Алматы-Токио» деген авиажелі ашпақ. Жапондық бұл кәсіпкер жігіт бұрын бізбен араласып жүретін. Сол жігіт басты кейіпкер Қасқыр-баланың туып-өскен жері Талғарда өткен фильмнің тұсаукесеріне бізбен ілесіп барып, ағыл-тегіл боп жылап, сөйтіп, мен бұл киноға көмектесемін деп біраз қаржы берді.

Кейде біздің қалталы кәсіпкерлерге ренжимін. Сені ақымақ қылып алдайды. Ақшасын бергісі келмесе «Еркін, мен саған ақша бермеймін, аулақ жүр» деп басында айтпай ма. Жоқ, өйтіп кесіп те айтпайды ғой. Сол ақшаны алу үшін Шымкентке он рет бардым. Жол шығынын есептемегенде қаншама уақытым босқа кетті десеңізші. Тексіздік деген осы. Тектінің ұрпағы ешқашан олай жасамайды.

Еркін Рақышев, әуесқой режиссер:  Режиссер болуыма, әйелімнің сөзі әсер етті

Актерлерді қалай таңдадыңыз?

– Бұл жерде маңыздысы басты кейіпкер- Қасқыр-бала ғой. Басты кейіпкер Қасқырды сомдаған Жандос кәсіби актер болмаса да, олардан еш кем ойнаған жоқ деп ойлаймын. Өзі кәсіби спортшы, каскадер, таэквондист жігіт. Бізге де негізінен спортқа қабілеті бар адам керек болды. Себебі, киноның барысында үнемі секіру, жүгіру керек. Сонымен, кастингке қатысқан көп жігіттердің ішінен осы Жандосты таңдадық. Сымбатты, дене бітімі де өте келіскен жігіт. Жүзінде сұстылық та бар. Көзқарасының өзімен де нағыз көкжалдың образын бере алды деген ойдамын. Бұл енді Алла тағаланың бізге берген сыйы ғой деп білемін. Киноны бір жыл түсірдік. Былтыр күз айында бастап, биыл күзде аяқтадық. Фильм Түлкібас өңірінде түсірілді. Кинодағы қасқырлар сибирский маламут деген қасқырмен будандастырылған иттер. Бұлар үрмейді, ұлиды. Жалпы, қасқырларды қолға үйрету өте қиын. Әлемде ешқандай дрессировщик қасқырды қолға үйрете алмаған. Оның себебі, қасқырдың ақылының аздығынан емес, «мен ешкімге ешқашан бағынбаймын» деген қасқырдың өзінің салтына беріктігінен. Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» киносында да қасқырлар ойнайды. Бірақ Ермектің киносының бюджеті 3,5 миллион доллар, ал менің «Көкжалдарым» небәрі 100 мың долларға ғана түсірілді. Екеуінің бюджеті жер мен көктей.

Қалай тамақтану керектігін үйретемін

– Қазіргі қазақ киносының деңгейін қалай бағалайсыз?

– Құдайға тәубә, қазақ киносы ілерілеу үстінде. Мен бұдан он жыл бұрын «Жаралы сезім» фильмін түсіргенде жылына бір-екі-ақ кино ғана түсірілетін. Қазір орталық телеарналардың өзінің әрқайсысы жылына оншақты кинодан түсіреді. Оның үстіне жекеменшік студиялар бар. Әр облыс орталығында да кинолар түсіріліп жатады. Сонда жылына шамамен 50-60-қа дейін кино түсірілуде. Әзірше сан бар, бірақ сапа жағы кішкене ақсап жатыр. Санның болуы киностудиялар арасында бәсекелестік бар екенін көрсетеді. Ал сан сапаға жеткізетініне сенемін.

Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Мен таяуда қазақ жапон жүрек-қан тамырлары аурулары орталығын ашуды жоспарлап отырмын. Себебі, менің өзім бес рет жүрегім ауырып ауруханаға жатып шыққан адаммын. Біздің елде ауырған адамды ең бірінші дәрімен емдейді. Ауруханаға жатсаңыз да, шықсаңыз да дәрі ішесіз. Бұл дұрыс емес. Дәріні тек төтенше жағдайларда ғана қолдану керек. Соңғы уақытта жапон халқының емдеу әдістерін көп зерттедім. Сонда ең бастысы адамды тамақпен емдеу керек екен. Бүгінгі күні елімізде жүрек-қан тамырлары ауруынан көз жұматындардың саны жөнінен әлем бойынша біздің ел тіпті алдыңғы орында тұр. Басты себебі, дұрыс тамақтанбаудан. 40-50 жастан асқаннан кейін біз дұрыс тамақтануға бейімделуіміз керек. Ол дегеніміз қуырылған, тұзды, майлы тамақтарды азайтқан жөн. Одан да қан айналымын жақсартатын, түтікшілерді тазартуға септігі тиетін тағамдарды пайдалануымыз қажет. Сонымен орталық ашып жатырмын. Жақында қалай тамақтану керек екенін қазақтарға түсіндіріп айтатын боламын.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button