«Дидардың» қонағыТОП

Еркеназ Айтышева, спорт шебері: – Атқа бауыр баспайтын болдым

Қыз қуудан жастар арасында бес дүркін, ересектер арасында үш дүркін республика чемпионы, спорт шебері, «Алтын тұғыр» иегері Еркеназ Айтышеваны іздеп балалар мен жасөспірімдерді ат спортының ұлттық түрлері бойынша даярлайтын мектепке бардық. Бір кездері Шығыста ат спортының да мықты болғанын республикаға дәлелдеген талант иесі бүгінде қайда жүр? Неге көрінбейді?

Әйгілі балуанның жиені

– Еркеназ, бұл мектепке алғаш келген сәтіңізді еске түсіріңізші?

– Бұдан он үш жылдай бұрын осы ат спорты мектебіне анам әдіскер маман болып жұмысқа кірді. Жанына еріп мен келдім. Ол кезде ауласы кең қоршаумен қоршалып тұратын. Қақпасы Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің тұсында болатын. Маңайдағы мына тұрған зәулім ғимараттар тіпті жоқ еді. Иә, сонда мектеп ауласына еніп, атқораны көргенде, қалада да мал ұстайды екен-ау деп қатты таңғалдым. Ауылда атқа мінген балаларға қызықсам да, қорқып маңайына жуымаушы едім. Анам жұмысқа тұрған соң, жиі-жиі ілесіп келіп жүрдім де, бірте-бірте жылқы малына да үйрендім. Атқа міне жүріп оның аяңы, жорғасы, желісі, шабысы – бәрін жаныммен сезіне бастадым. Қатардағы атқа мінген бір бөлек те, жарыстың атына мінген мүлде өзгеше!

– Бұл мектепке келгенге дейін ауылда тұрдыңыз ғой, демек?

– Иә, біз Тарбағатай ауданындағы Маңырақ ауылынанбыз. Қалаға кейін отбасымызбен көшіп келдік.

– Спорттық жолыңыз қалай басталды?

– 2008 жылы 12 жасымда осы мектепке, нақты айтсам, бұрынғы облыстық мамандандырылған ат спорты мектебіне қабылдандым. Қыз балаға қолайлысы деп қыз қууды таңдадым. Алғашқы бапкерім – нағашы атам Тоқан Базарханов болды (Тоқан Базарханов – ат спортының ұлттық түрлерінің негізін қалаған спорт қайраткері, өңірде алғашқы көкпар командасын жасақтаған жаттықтырушы – автор). Атамнан атты жүгендеуден бастап түгел үйрендім. Айтпақшы, бастабында анам «жарақат көп болады» деп, атқа мінуіме қарсы болған.

 

«Басын көтермей сұлық жатты»

– Ал жарыста жарақаттанған кездеріңіз болды ма? Анаңызға қалай әсер етті?

– Қарқаралыға бармақ болып дайындалып жатқанда ат сүйреп, арқамның терісі сыпырылды. Тағы бірде Өскеменде аттардың терін алып жүргенде соқтығысып, екі аттың ортасында аяғым қысылып қалғаны бар. Дәрігерлер жарысқа қатысуыма рұқсат бермеді. Емханадан шыққан соң аяғымды кәдімгі картон қағазбен орап, бәрібір шығып кеттім (Күлді).

Алғашқы жарысым облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен халықтық ойындар болатын. Сол жолы Өскеменнің қыз қууға қатысқан аты алып қашып, Зайсанның теңге іліп келе жатқан жігітімен быт-шыт соғылды. Екі аттың бірінің сүйегі сынып, екіншісі сол жерде өліп кетті. Теңге ілген бала бір ай емханаға жатып шықты. Осыны көрген анам жаныма таяп келді де «әй, байқа» деп бірауыз ескерту айтып, теріс айналып кетіп қалды. Өзінің айтуынша, «ыржың-ыржың» етіп тұрған түрімді көріп, ойындағы сөзін іркіп қалыпты. Солайша ол алғашқы жарысымды ғана көрген жоқ.

Бапкерлеріміз Еркежирен екеуімізді соңына дейін баратынымыз үшін жақсы көретін.

– Еркежирен дедіңіз бе?

– Мен жарыстарға тек Еркежиренмен қатысатынмын.

– Рома ше?

– Өскемендікілер Рома дейді екен оны. Менің қойған атым – Еркежирен. Жарыстың барлығында солай жазғызатынмын.

– Түсінікті. Еркежиреннің «қайтпас» мінезі жайлы толығырақ айтыңызшы.

– Аттарды «коневозға» тиеп, Түркістанға бара жатқанбыз. Еркежирен ең артына байланған екен. Жұлқынып, есікті теуіп ашып жіберіпті. Содан алды көлікте, арты жерде… ноқтасы үзілмей өзі біраз жерге дейін сүйретіліп барған. Көлікті тоқтатып жанына барғанымызда басын көтермей сұлық жатты. Үміт үздік. Ноқтасын шешіп, сілкіп қалғанда атып тұрып, айдалаға тұра шапты. Атпен қуып әрең қайырдық. Жарыста үмітімізді ақтады. Содан бері он жыл көлемінде менде болды, ойылып қалған мінер жақ жамбасына адам баласын жолатқан емес. Сылап-сипап, алдарқатып, мойнына артылып қана үстіне шығатынмын.

Еркежиренді жарыстардың басындағы шеруге ешқашан шығармайтынбыз. Себебі сол жерде туталақай алып қашып, қатардың басына шығып алады. Еркежирен аттардың артында байласаң да тұрмайтын.

Қыз қууға мен шыққанда міндетті түрде алдымда төрт көкпаршы тосып тұрады. Бірінен соң бірі тізгінді тартып, әйтеуір бір тоқтатады.

– Бұдан басқа атыңыз болмады ма?

– Мектепке алғаш қатысып жүргенде Балаусакөк деген атым болды. Оны ерекше жақсы көрдім. Негізі, одан басқа атты жақсы көрмедім. Аяғына жем түсіп өлді. Әуелі айтқандарға сенбей, көзім көріп бір-ақ нандым. Бір күн бойы еңіреп, зорға уанғанмын. Содан бері атқа бауыр баспайтын болдым.

 

Орыс қыздары атқа бейім

– Еркежирен ше? Ол қайда?

– Көкпаршыларымыздың бірінің қолында болса керек, маған айтпай жүр… Мектеп бітіріп, университетке түскен кезімде спорттан сәл алыстадым. Аттан көз жазып қалдым.

– Спорттан неге алыстадыңыз? Қазір жарыстарға қатысасыз ба?

– Сол аралықта облыстық спорт мектебіміз қалаға қарады. Баяғыдай стимул болмады. Одан кейін, осыдан төрт жыл бұрын республика чемпионатынан қыз қуу да алынып тасталды. Қазір кейбір той-томалақтарда ұйымдастырушылардың рұқсатымен көрсетілім ғана қойылады. Қазір өзім жамбы ату, дәстүрлі садақ тарту және бес асыққа ден қойып жүрмін. Дегенмен әлі сайысқа түспедім.

– Мектепке қайтадан оралдыңыз ғой бүгінде? Қандай қызмет атқарасыз?

– Бүгінде осы мектепте көкпар, бәйге, қыз қуу, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату сынды спорт түрлері бойынша оннан астам жаттықтырушы жұмыс істейміз. Әрқайсымызда он-он бестен бала бар. Өздерінің оқуынан тыс уақытта келеді.

– Бәрі бір мезетте келе ме?

– Бір мезетте 25 баланы қабылдай аламыз. Ер-тұрманымыз соған жетеді. Одан артық келсе, кезек күтіп отырады. Қазір карантинге байланысты он-оннан ғана шақырып жүрміз.

– Неше жастан қабылдайсыздар?

– 10 жастан 20 жасқа дейін осында жүреді. Үздіктері ересектер командасына қабылданып, ары қарай бізбен бірге жұмыс істейді.

– Қаланың балаларының ат спортына қызығушылығы қалай?

– Көпшілігі атпен суретке түсіп, оны инстаграмға жүктегенді жақсы көретінін жасырмаймын. Хобби ретінде қарайтындар басым. Ішінде спортқа бейімдері аз, дегенмен бар. Шама жеткенше, соларды жарыстарға дайындаймыз.

– Ауылдан балалар келе ме? Мектепте спортшылардың өз балалары бар ма?

– Жоқ, ауылдан келмейді. Біздің мектеп қазір қалаға қарайды. Ауылдан шақыруға болады, бірақ оларға бөлек жағдай жасау керек қой… Ал көкпаршы және тағы басқа спортшылардың балалары өздерінің ауылында, өздерінің атымен дайындалады ғой.

– Сонымен, мұнда келетіндер арасында қаракөздердің қатары көп пе?

– Барлығы аралас. Нәзік жандар ішінде орыс қыздары атқа бейім келеді.

 

«Қалай да бір стимул жетпейді»

– Ұлт спортына балаларды тарту үшін мектеп тарапынан қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Әлеуметтік желіде белсендісіздер ме?

– Қыркүйекте қаладағы білім ошақтарын аралап, балалармен әңгімелесеміз, кел деп шақырамыз. Ұлт спортының кейбір түрлерінде де «Спорт шебері» деген атақ жүретінін айтамыз, көбі білмей жатады. Бізден естігеннен кейін барып қызығушылығы оянғандай болады. Ал әлеуметтік желіге келсек, оны жүргізетін маманымыз әзірге жоқ.

– Оңтүстік өңірлермен салыстырғанда Шығыстағы ұлт спорты кенжелеп қалған сыңайлы. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Жамбыл, Түркістан облысында барлығы әулетімен ат шаруашылығы, ат спортының айналасында жүреді. Той-томалақтарда жаппай көкпар шауып, бір-біріне қаржылай демеу көрсетеді. Қолдаулары мықты. Біздегі ұлт спорты неге кенжелеп қалғанын тап басып айта алмаспын. Қалай да бір стимул жетпейді…

– Сізді көрермен сыртыңыздан Томиристің сіңлісі деп атап жатады. Өзіңізге тікелей айтқан адам бар ма мұны? Бұл сөз қалай әсер етеді?

– Жо-жоқ, өзіме айтқан адам жоқ. Әлбетте, қуанып қаламын.

– Ертеңге қандай жоспар бар?

– Астанада дәстүрлі садақ атудың федерациясы бар. Шығыста соның филиалын ашпақ ойдамын. Әзірге қатысуға ниетті оннан астам адам бар. Айтқандай, бұл спортқа аттың еш қатысы жоқ. 10, 30, 60 метр жерде бір орында тұрып нысананы көздеп ату керек.

– Іске сәт!

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

Суреттерді түсірген Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button