Қоғам

Еркебұлан Қосаев күміс жүлдемен оралды

Еркебұлан Қосаев  күміс  жүлдемен оралды
Грузияның астанасы Тбилиси қаласында дзюдодан «Гран-при» әлемдік сериясының турнирі мәреге жетті.
Алғашқы күні спортшылар 60 келіге және 66 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде сынға түсті. Осы салмақтарда қазақстандық шеберлер де татамиге шықты.
Ең жеңіл 60 келіге дейінгі салмақта еліміздің екі балуаны «А» тобында күрескен Ғабит Есімбетов пен «В» тобында айқасқан Еркебұлан Қосаев алғашқы кезеңдегі сынақтардан сүрінбей өтіп, жартылай финалға шығып, өзара бәсекеге түсті. Ғабит іріктеу кезіндегі айқастарда армениялық Гарик Харутюнянды және грузиялық Амиран Папинашвилиді ұтты. Ал Еркебұлан бірінші айналымда украиналық Денис Биличенконы, одан соң Грузияның тағы бір балуаны Гиоргий Бролашвилиді тізе бүктірді.
Ал жартылай финалдық бәсекеде Еркебұлан екі мәрте қолданған тәсілін төрешілер жоғары бағалады. Ғабит содан кейін қола медаль үшін жарысты жалғастырып, Грузияның тағы бір балуаны Лукуми Чхвимианимен айқасқа шықты. Екі бірдей жерлесінің жеңілісінің орнын толтыру үшін Лукуми жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен жанталаса қимылдап, сәл басымдылық көрсетті. Ғабит бесінші орынға табан тіреді.
Еркебұлан шешуші бәсекеде әзербайжандық Орхан Сафаровпен кездесті. Айқас аса тартысты өткенімен қарсыласы біздің балуанның жолын кесті. Еркебұлан күміс медальді еншіледі.
Айта кетейік, семейлік Еркебұлан Қосаевты Асқар Арқабаев пен Аман Шәріпов жаттықтырады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button