Еркін РАХМЕТУЛЛИН, тарихшы, ғалым: – БІЗГЕ САНА ТӘУЕЛСІЗДІГІ ҚАЖЕТ
Еркін Ерланұлы Рахметуллин – тарихшы, алаштанушы, ғалым.
1987 жылы 21 наурызда Абай ауданының Саржал ауылында дүниеге келген.
Ш.Тоқжігітов атындағы Саржал орта мектебін бітірген.
2004-2008 жылдары М.Әуезов атындағы Семей университетін, 2009-2011 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасын, 2013-2016 жылдары Л.Гумилев атындағы ЕҰУ докторантурасын тамамдаған.
Зерттеу саласы: Алаш қозғалысы, 1920-1930 жылдардағы саяси үдерістер.
Ғылым дейтін алып мұхиттан маржан сүзген кейінгі буын ғалымдардың бірі, кешегі Алаш заманы мен бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің шежіресін сабақтастыра зерттеп жүрген тарихшы Еркін Рахметуллинмен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
– Еркін Ерланұлы, өзіңізбен Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында әңгімелесудің сәті түскен екен. Қазақ елі үшін қастерлі мерекені тарихшы ғалымның көзқарасымен пайымдасақ…
– Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін қастерлі һәм ұлттық мереке. Сондықтан бұл мерекенің орны әр қазақтың жүрегінің төрінен орын алады десем, артық болмас. Рас, бүгінгі таңда тәуелсіздіктің қадірін толығымен түсіне алмай немесе түсіндіре алмай жүрген сияқтымыз. Алайда территориялық тұтастықты сақтай алу, халықаралық құжаттар негізінде мемлекеттілікті рәсімдеу, шекараны шегендеу – шынымен де, тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. Біздің егеменді ел болып, мемлекеттігімізді жаңғыртуымыз да – заңдылық, себебі көне заманнан бастап қазақ даласы көптеген мемлекеттік құрылымдардың, ұлттық ұйысулардың, этникалық бірлестіктердің ордасы және куәсі болды. Осы үрдістердің барлығына да қазақ ұлты немесе бүгінгі қазақ халқының арғы ата-бабалары тікелей қатысты, яғни тамырында мемлекетшілдік, ел болу дәстүрі бар ұлттың тәуелсіздікке ұмтылмауы мүмкін емес еді.
– Сіз – Алаш тарихын зерттеп, зерделеп жүрген жас ғалымсыз. Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан емес пе? Алаш арыстарының да аңсағаны – дәл осы азаттық, бүгінгі егемендік қой?
– Алаш қозғалысы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасы екені бұлжымас ақиқат. Мәселен, Алаш арыстары мемлекет құрып, қазақ халқының мүддесін қорғауды, тарихи әділетсіздікті түзетуді көкседі. Осы тұрғыда біршама істер де атқарды. Алаш партиясын құрып, Алашорда үкіметін жасақтады. Сол үкімет арқылы жарияланбаған автономияның, яғни мемлекеттің жұмысын жүргізді. Ал оның қаншалықты мойындалғаны немесе мойындалмағаны – басқа мәселе. Ең бастысы, бұл ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа әрі сапалы кезеңі ретінде тарихта қалды. Ал 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-інде де Алаш қайраткерлерінің қолтаңбасы бар. Алашорда таратылып, оларға уақытша кешірім жариялаған соң біразын кеңестік Қазақстанның аппаратын қалыптастыру мақсатында қызметке алды. Себебі алаштықтар білім жағынан, тәжірибе тұрғысынан әлдеқайда алда болатын. Мысалы, олардың басым көпшілігі патшалық кезеңде Ресейдің еуропалық бөлігінде, тіпті Шығыс Еуропа мен мұсылман елдерінде білім алған өте қуатты толқын еді. Сондықтан олардың осындай әлеуетін кеңестік билік пайдаланды. Алаш қайраткерлерінің саяси көзқарастарында да, шығармаларында да қазақ халқының келешегіне деген үлкен сенім жатты. «Қазақ бүгін болмаса, ертең тәуелсіз ел болар» деп үлкен үмітпен қараған ұлт көсемі Әлиханның, «Мен жастарға сенемін» деп келешекке сенім артқан Мағжанның аманат сөздері бүгінгі Қазақстанда көрініс тапқандай. Ал Алаш қайраткерлерінің арманы толық жүзеге асуы үшін бізге сана тәуелсіздігі қажет.
– Еркін мырза, бүгінде Алаш тарихының қай тұсы айтылмай жатыр немесе айта алмай жатырмыз?
– Алаш тақырыбы біршама зерттелген әрі зерттеліп жатқан тақырыптардың бірі ғой. Соған қарамастан, бұл мәселеде де көптеген кемшіліктер мен асыра сілтеулер немесе ақтаңдақ тұстары бар. Мәселен, Алашорда үкіметінің қызметін құжаттық тұрғыда зерделеу, негіздеу әлі де ғылыми ізденістерді қажет етеді. Осы мәселе тұрғысында, архив қорларында, ҰҚК қорларында қол жетпей жатқан құжаттар жетерлік. Сонымен қатар ресейлік архивтер әлі толық қаралып біткен жоқ. Біз алдағы уақытта Алаш мәселесінде деректанулық зерттеулерге баса назар аударуға тиіспіз.
Екіншіден, Алашорданың ісін жүргізген қазақ комитеттері, земство сынды ұйымдардың қызметі бірен-саран мақала, бір диссертация көлемінде ғана шектеліп тұр. Сондай-ақ алаш әскері тақырыбын да толық зерттелді дей алмаймын. Яғни, Алашорданы үкімет ретінде көрсету үшін құрылымын қалпына келтіруіміз керек.
Үшіншіден, Алаш қозғалысындағы тұлғатану мәселесі. Көптеген тұлғалар бар, бірақ дерегі аз. Зерттеушілер тарапынан ізденістер болса бұл кемшіліктердің орны толар еді. Алдағы уақытта бізге дерекпен жұмыс істеу керек.
– Бүгінгі жас ғалымдардың, яғни сіздің қатарластарыңызға қолдау бар ма? Әсіресе тарихқа бет бұрған жас ғалымдар жайында айтқанда, саусақ санап қалатын тәріздіміз.
– Гуманитарлық ғылымдар, соның ішінде тарих – ғылыми жемісін баяу беретін салалардың бірі. Маман болып қалыптасу үшін, тарихшы деген атқа лайық болу үшін төзім керек. Бір мақала жазып немесе бір кітап жазып, керемет болып кете алмайсыз. Сіздің жазғаныңыз оқылуы тиіс. Сондықтан көптеген жастар, студенттер жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін басқа салаға бет бұрады. Өзімнің студенттік жылдарыммен салыстырғанда, шынымен де, сандық және сапалық айырмашылық бар. Ол кезде тарихшы боламын, ғылым жолын таңдаймын деген жастар легі көп болатын. Ғылым саласында жүрген көптеген достарым сол кезде қалыптасты. Ғылыми мектептен бірге өттік. Мемлекетіміз жыл сайын ғылымға, білімге үлкен-үлкен мүмкіндіктер ашуда. Қаншама жас магистратура, докторантура бітіріп, армандарына қанат қағып жатыр. Шынымен, білікті маман болса, жас ғалым болса, оған жұмыс та бар, гранттық жобалар да бар. Тіпті қазіргі таңда ғылыми жобалар конкурсы жыл сайын жарияланатын болды. Жас ғалымдарға арнайы гранттық қаржыландыратын жобалар бар. Сондықтан бәсекеге қабілетті жастар қоғамнан өзі-ақ орнын табады.
– Сіз Семейде жоғары оқу орнын тәмамдап, Алматы мен Нұр-Сұлтанда біліміңізді жалғастырдыңыз. Кейіннен Семейге қайтып оралдыңыңыз. Сыры неде?
– Иә, мен тарихшы мамандығын Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы университетте (қазіргі Қаз ИГЗУ) алып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің магистратурасын тамамдап, Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да докторантура бағдарламасы бойынша білім алдым. Семейге оралуыма, ең алдымен, әлеуметтік мәселелер әсер еткені жасырын емес. Семей – тыныш қала. Мұнда шығармашылықпен айналысуға үлкен мүмкіндік бар. Семейге оралуым – өмірімдегі уақытша бұрылыс десе де болады. Семейдің тарихына қатысты зерттейтін мәселелер жетіп артылады.
– Семейді жастардың қаласы дейді. Келісесіз бе?
– Келісемін. Семей – Алаш заманынан бері жастардың қаласы. Семей мұғалімдер семинариясында (қазіргі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж) алаштың мықты буыны білім алды. Бүгінгі таңда да қаламызда жоғары оқу орындары мен колледждер жетерлік. Семей – сапалы жастар мекені!
– Еркін мырза, Тәуелсіздік сізге не берді?
– Ұлттық тарихымызды зерттеп, ана тілімізде сөйлеп жүргеніміздің өзі тәуелсіздіктің арқасы ғой. Тіпті өзім үшін өмірлік тақырып – Алаш қозғалысын тәуелсіздік болмаса, зерттей алмас едік. Сондықтан тәуелсіздік қазаққа, маған және сізге көптеген мүмкіндік берді, беріп те келеді. Соны ұтымды пайдаланып, терең түсіне білуіміз керек. Ықылым заманнан бері алаш баласының арманы болып келген тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, қастерлеп, бағалай білейік!
– Әңгімеңізге рақмет!
Еркін Ерланұлы Рахметуллин – тарихшы, алаштанушы, ғалым.
1987 жылы 21 наурызда Абай ауданының Саржал ауылында дүниеге келген.
Ш.Тоқжігітов атындағы Саржал орта мектебін бітірген.
2004-2008 жылдары М.Әуезов атындағы Семей университетін, 2009-2011 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасын, 2013-2016 жылдары Л.Гумилев атындағы ЕҰУ докторантурасын тамамдаған.
Зерттеу саласы: Алаш қозғалысы, 1920-1930 жылдардағы саяси үдерістер.
Сұхбаттасқан – Ерзат Жанат
Семей қаласы.