Әріптестерінің алғысын арқалап жүр

Ұлан ауданы Асубұлақ кентіндегі №11 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Дастан Сейілғазиновтың жұмыс күні бөлімшеге бекітілген 65 мың гектардай орман алқабын тексеруден басталады.
Ол өрт қаупі жоғары сегіз айы бойы орманды алқаптағы жағдайды өзі қадағалайды, күн сайын дрезина вагонына мініп, оншақты шақырымды еңсеріп, орманшылармен бірге әр учаскені аралап шығады. Қауіптің жоқ екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана бөліміне оралады.
Дастан – тілсіз жаумен күреске 14 жыл өмірін арнаған, осы уақыт аралығында бірнеше алапат өртті сөндіруге атсалысқан сақа маман.
– Көбінесе орман өртімен күресуге тура келеді. Кейде жұмыс бабымен 140 шақырымдай жерді жүріп өтеміз. Жақында іргедегі орман шаруашылығы аумағында тұтанған өртті сөңдіруге қатыстық. Бар күш-жігерімізді сарқуға тура келді. Ақыры дегенімізге жетіп, тілсіз жауды жеңіп шықтық, – дейді Дастан Сейілғазинов. – Бірде қатарынан төрт бірдей үй отқа оранды. Біз жеткен кезде өрттің өршеленіп кеткені соншалық, үйлерді аман алып қалу мүмкін болмады. Алайда біз жалынның одан әрі таралуына жол бермедік. Сол кезде қатты желге қарамастан, өмірімізді қатерге тігіп, оттың ортасынан тоғыз газ баллонын алып шыққанымыз бар. Сол сияқты, 2018 жылы Приморск орманшылығындағы орман өртін жоюға қатысқанбыз. Бұл жұмысқа 700-ге жуық адам жұмылдырылған болатын. Мен ол кезде бөлімше командирі едім.
Осы ретте, Дастанның тек өрт сөндіруге ғана емес, сондай-ақ қолда бар кез келген техниканың моторын өз қолымен жөндеп шығуға қабілеті жететінін айтқан абзал. Ол осыған дейін бірнеше өрт сөндіру көлігін жөндеп, басшылықтың да, әріптестерінің де алғысын арқалапты.
– Мен мамандығымды және қиын сәтте адамдарға көмекке келетін техниканы жөндей алатындығымды мақтан тұтамын. Жақында «Урал» және «ГАЗ-66» көліктерін ретке келтірдім, – дейді Дастанның өзі.
Бүгінде әріптестерінің арасында абыройға ие маманның «3-класты құтқарушы» төсбелгісі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығының грамоталары мен «10 жылдық қызметі үшін» медалі сияқты түрлі марапаты бар.
Бетті әзірлеген – Нұржан Кенжеұлы