Қоғам

Ерікті түрде вакцина салу науқаны басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 1 ақпаннан бастап Қазақстанда  коронавирусқа қарсы «СпутникV» ресейлік препаратымен ерікті түрде вакцинациялау науқаны басталды.

Өскеменде алғашқы екпені  облыстық  санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің өкілі Қанат Тұрдиев пен  облыстық ана мен бала орталығының бас дәрігері Ермек Омарбеков,  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Семей өңіріндегі орынбасары Думан Берікұлы және облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Арқат Дайырбеков алды.

– Пандемия біздің өмір салтымызды, өзімізді айтарлықтай өзгертті. Бірақ егер біз үйреншікті өмір салтымызға оралғымыз, бір-бірімізге бұрынғыдай қонаққа, кинотеатрларға, театрларға барғымыз және туыстарымызды кедергісіз көргіміз келсе, біз басты екі шартты орындауымыз қажет. Атап айтқанда, вакцина салдыруға және  Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің барлық нұсқауларын орындауға тиіспіз. Сонда біз қалыпты өмірге орала аламыз. Біз біргеміз! Біз бұл пандемияны бірге жеңеміз деп есептеймін,  – деп  атап өтті Ермек Омарбеков.

Шығысқазақстандық дәрігерлер сонымен қатар «Instagram» әлеуметтік желісінде  қазақстандықтарды өз денсаулығына қамқорлық жасауға және егу науқанына қатысуға шақырған жаңа челлендж бастады.

«Мен «Sputnik V» вакцинасын ерікті түрде қабылдадым, бұл мүлдем ауыртпайды, ең бастысы қауіпсіз!!!» – деп жазды желіде @galnik3 атымен тіркелген Семей қалалық жедел жәрдем стансасының бас медбикесі Галина Чукурова.

@oralbekoralgaziev атты желі қолданушысы өз парақшасында #вакцинаал хэштегімен «Терапевтің тексеруінен кейін мен «Спутник V» вакцинасын алдым”, – деген жазба қалдырды.    Вакцинациядан бірнеше сағат өткен соң, ол өзін жақсы сезінеді, шағымдары жоқ.

-Мен бірінші болып вакцина қабылдауды өз еркіммен шештім, бұл қажетті шара деп санаймын. Қазір мен жұмыста тұрмын, менде барлығы жақсы. V белгісі бар фотосурет вакцинаны білдіреді, сондай-ақ бұл пандемияға қарсы біздің ортақ жеңісіміздің белгісі, – дейді акцияға қатысушы, облыстық аурухананың қабылдау бөлімшесінің аға медбикесі Оралбек Оралғазиев.

Сондай-ақ жас дәрігер препаратқа жеке реакциялар пайда болған жағдайда не істеу қажеттігін түсіндіретін жадынамалардың фотокөшірмесін қоса жариялады. Онда пациенттердің 10% -ында әлсіздік, жалпы шаршау және жүрек айну болуы мүмкін екені жазылған, ондай кезде физикалық белсенділікті азайтып, демалуға кеңес беріледі.

Пациенттердің 5,7%-ында дене мен бұлшықеттің ауырсынуы, бас ауруы, қалтырау және дене температурасының 37 градустан жоғары көтерілуі байқалуы мүмкін. 38 градустан жоғары температурада мамандар антипиретикалық және ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдауға кеңес береді. «Егер дене температурасы 39 градустан жоғары болса және дәрі қабылдағаннан кейін 4 сағат ішінде төмендемесе, дәрігерді шақыру керек» делінген хабарламада. Пациенттердің 4,7%-ы вакцина салынған жерінде ауырсыну, қышу, ісіну және қызаруды байқайды.

Бүгінгі күні облысқа 1300 доза вакцина жеткізілді (650 Өскемен қаласында, 650 Семей қаласында). Алғашқы вакцинаны Өскемен және Семей қалаларының емханалары алады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, ақпан айының басында вакциналарды тасымалдау және сақтау үшін медициналық ұйымдарға 16 биомедициналық мұздатқыш пен көп рет қолданылатын термотіркегіштері бар 60 термоконтейнер қосымша сатып алынады.

Вакцина салуға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Екпе  салар алдында  пациентті дәрігер міндетті түрде тексереді. Бұған дейін салалық басқармада  вакцинацияны ұйымдастыру  және әдістемелік көмек көрсету, мониторинг жүргізу бойынша жұмыс комиссиясы құрылғанын айтқан болатын.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button