Қоғам

Ересектерге есе жібермеді

Ересектерге есе жібермеді


Өскеменде еркін күрестен КСРО спорт шебері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Куропаткиннің жүлдесі үшін дәстүрлі жарыс өтті.

Бір айта кетерлігі, биылғы дода республикалық деңгейге ие болды. Белдесу алдында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов пен Юрий Куропаткиннің шәкірттері сөз алып, балуандарға сәттілік тіледі.

– Юрий Иванович – өте қарапайым жан. Қашан да бауырмалдық танытып, ақыл-кеңесін аямайды. Ол талай әлем чемпионын, халықаралық дәрежедегі спорт шеберін даярлап шығарды. Бүгін ұстазымыздың құрметіне кереметтей жарыс өтуде. Тартысқа толы белдесулердің куәсі боламыз деген ойдамын, – дейді Юрий Куропаткиннің шәкірті, зейнеткер Төлеген Көкенов.

Боз кілем бәсекесіне 70-тен астам спортшы қатысқанын айта кеткен орынды. Олардың арасында шығысқазақстандық балуандардан бөлек, Астана, Алматы шаһарларынан және Қызылорда мен Павлодар облыстарынан келген сайдың тасындай іріктелген спортшылар, халықаралық додалардың жүлдегерлері мен көптеген спорт шебері де болды.

Аталмыш доданың өтуіне Юрий Куропаткиннің жақындары мен шәкірттері мұрындық болды.

Жарысқа қатысушылардың дені он жеті жастағы жас спортшылар болса да, олар ересектермен иық тірестіре өнер көрсетті. Сондай белдесулердің бірі 57 келіге дейінгі салмақта өрбіді. Боз кілемге шыққан семейлік Мейрамбек Жұмағалиев бас жүлдеден үмітті спортшылардың бірі еді. Алайда екінші айналымда-ақ жармалық Темірхан Үмітхановтан жеңіліп қалған ол жұбаныш белдесуінде өзінен төрт жас кіші павлодарлық Данил Горбулькоға еш қауқар көрсете алмай, жарысты медальсіз аяқтады. Сондай-ақ 74 келіге дейінгі салмақта финалға сенімді жеткен Көкпекті ауданының тумасы Шыңғыс Мұхаметқалиевтың да өнері мамандар көңілінен шыққанын айта кеткен абзал. Ол Қызылорда облысының өкілі, жиырма төрт жастағы Қанат Мұсабековпен белдесті. Екеуі де – еліміздің спорт шебері. Өзінен жеті жас үлкен балуанға Шыңғыс алғашқы кезеңде айтарлықтай қарсылық көрсете білді. Тіпті есеп айырмасы бір ғана ұпайды құраған кез де болды. Тек екінші кезеңде қателікке бой алдырған жерлесіміз қарсыласының күрделі әдісіне түсіп қалып, жеңілуге мәжбүр болды.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте павлодарлық спортшыларға тең келер ешкім болмады. Олар бес алтын, төрт күміс және екі қола медальмен көш басына шықты. Шығысқазақстандық балуандар төрт алтын, алты күміс, он қоламен екінші орын алса, Қызылорда облысының өкілдері екі алтын, бір қоламен үшінші орынға жайғасты.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер мадақтама қағаздары мен қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button