Қоғам

Ерен еңбектері лайықты бағаланды

Ерен еңбектері лайықты бағаланды

Тәуелсіздік күні қарсаңында 50 шығысқазақстандық (тізімі газетімізде жарияланып отыр) Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларымен марапатталған болатын. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ еліміздің лайықты азаматтарын құттықтап, оларға ордендер мен медальдарды, кеуде белгілері мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Тәуелсіздіктің 24 жылы ішінде елімізде тарихи маңызы айрықша мереке алдында әртүрлі салаларда жұмыс істеп жүрген қайраткерлердің еңбегін лайықты бағалап, атап өту сынды игі дәстүр қалыптасты.
Облыстық әкімдіктегі марапаттау рәсімі даңқты жерлестеріміз үшін мәнді әрі қуанышты оқиға болды. Шемонайха ауданындағы «Камышинское-2» ЖШС-нің директоры Владимир Акулов «Отан» орденін иеленді. Ол өзінің туған жеріне және сүйікті ісіне жан-тәнімен берілген тәжірибелі жетекші, салаға озық технологияларды енгізіп, ауыл шаруашылығы мамандарын баулып, сонымен қатар, ең маңыздысы жерлестеріне әлеуметтік қолдау көрсетіп жүрген азамат. Сондықтан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан оның үлесі айтарлықтай. ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Семейдегі «Приречное» агрофирмасының директоры Мұхит Тұмабаев марапатталды. Осы серіктестіктің қаланың ғана емес, сондай-ақ бүкіл облыстың тұрғындарын көкөніспен және картоппен жыл бойы қамту бағытындағы жұмысының арқасында ел Президентінің азық-түлік бағасын ауыздықтау жөніндегі міндеті оңтайлы орындалып келеді.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбектері, елді дамытуға және халықтар арасындағы достықты, ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін аймақ басшысы «Құрмет» орденін келесі азаматтарға табыстады:
Облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Аймұқашев, «Шығыс Қазақстан өңірлік энергетикалық компаниясы» АҚ аймақтар бойынша басқарушы директоры Ерболат Алпиев, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС директоры Сергей Баев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Семей қалалық филиалының төрағасы Амантай Доғалақов, Риддер аграрлық-техникалық колледжінің директоры Александр Самойленко, Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінің директоры Таңатқан Түменбаев және «Үлбі металлургия зауыты» АҚ сапа бойынша директоры Александр Шумкин.
Мұнымен қоса, бір топ шығысқазақстандық ел мен қоғам игілігін арттыру жолындағы қажырлы еңбектері үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Награда иегерлері арасында қарапайым еңбек адамдарының көп болғанын атап өткен абзал, олар ауыл тұрғындары – механизаторлар, токарьлар, энергетиктер, мұғалімдер, медбикелер, омарташылар мен бақташылар.
Марапатталушылар ішінде ең жасы, келешегінен зор үміт күттіретін дарынды вокалист Евгений Выблов болды. Енді ол «Мәдениет саласының үздігі» кеуде белгісінің иегері.
– Әлбетте, аталмыш жоғары награда маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Атқарып жүрген жұмыстарымның бәрі – жеке ән салу, концерттер қою, «Үміт» балалар үйіндегі музыкалық жетекші ретіндегі қызметім бір мақсатты көздейді, ол – адамдарға мейірім мен жан жылуын сыйлау. Мен өмірімде жолыққан және менің тұлға ретінде қалыптасуыма күш салған барлық адамдарға ризашылығымды білдіремін, – дейді Евгений.
Ерен еңбектері лайықты бағаланған азаматтар Елбасыға, облыс басшылығына алғыстарын білдіріп, ел игілігі жолында аянбай қызмет ете беретіндіктерін білдірді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button