Ерен еңбектері ерекше бағаланды

Тәуелсіздік күні қарсаңында ең үздік отандастарымыздың еңбектері жоғары мемлекеттік наградалармен дәстүрлі түрде аталып өтіледі. Биыл 50 шығысқазақстандық елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлестері үшін, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айтарлықтай сіңірген еңбектері үшін ордендермен және медальдармен марапатталды.
Осы ретте атап өтерлік жақсы жаңалық, кеше Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ерен еңбегімен ерекшеленген бір топ ел азаматтарына мемлекеттік наградалар табыстады. Елбасы қолынан облыс әкімі Даниал Ахметов «Отан» орденін алды.
Кеше облыс әкімдігіндеМемлекет басшысы атынан жоғары наградаларды аймақ басшысы Даниал Ахметов табыстады. «Парасат» ордені «СемАЗ» ЖШС-нің бас директоры Әсемқан Досқожановқа, сонымен қатар, «Қазцинк Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Никола Поповичке берілді. «Құрмет» орденімен білім беру, денсаулық сақтау, спорт және өнеркәсіп саласының өкілдері марапатталды. Олардың ішінде облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттың директоры Айгүл Абдулдина, ауыр атлетика бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Александр Девяткин, Өскемен қалалық №1 ауруханасының бөлім меңгерушісі Нұрқұмар Қуандықов, Бородулиха ауданындағы «Роща» шаруа қожалығының жетекшісі Валерий Лопатин, «Қазцинк» ЖШС Риддер тау-кен байыту кешенінің инженері Александр Фандеев бар.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің кавалерлері болып өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері атанды, олардың ішінде «Қазцинк-ТемірТранс» ЖШС Өскемен цехының тепловоз машинсі Самат Жақсылықов, «Глубокое ауданындағы «Семена Масличных» шаруа қожалығының комбайншысы Федор Коротков бар.
Сонымен қатар, шығысқазақстандықтардың еңбегі «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Құрмет грамоталарымен аталып өтті.
Даниал Ахметов салтанатқа қатысушыларды келе жатқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, олардың әрі қарай да Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында бар күш-қайраттарын салып еңбек ете беретіндеріне сенім білдірді.
– Елбасымыздың атынан Сіздерге еліміздің жоғары наградаларын табыстау – мен үшін үлкен мәртебе. Сіздердей тамаша адамдармен бірге еңбек етіп жүргеніме қуаныштымын. Сіздерді облысымыз мақтан тұтады, еліміз мақтан тұтады. Ерен еңбектеріңіз үшін мың да бір алғыс. Мерекелеріңіз құтты болсын, достар! – деді аймақ басшысы.
«Парасат» орденіналған «СемАЗ» ЖШС-нің бас директоры Әсемқан Досқожанов кәсіпорын жұмысын Елбасымыздың бағалап отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Өз ұжымына да үлкен рахмет айтты.
– Бізде қазір 300 адам еңбек етеді, биыл 100 автобус шығардық. Келер жылы 300, одан кейін 500 автобус құрастыруды жоспарлап отырмыз, әрине, еңбеккерлер саны да артады. Еліміздің сұранысын толық қанағаттандырып отырмыз. Өндіріс көлемі ұлғаяды, жұмысшылар санын да көбейтеміз. Қарқынымыз жаман емес. Қолдау білдіргендеріңізге көп рахмет, – деді кәсіпорын басшысы.
Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімінің қолынан «Құрмет» орденін алып отырғаноблыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттың директоры Айгүл Абдулдина да әріптестеріне ризалығын білдірді.
– Бұл тек менің еңбегім емес, мен басшылық ететін ұжымның еңбегі деп санаймын. Ауылдан келген балалардың жолын ашып жүрген біздің ұстаздар еңбегін бағалағандары үшіноблыс, ел басшылығына рахмет айтамын. Барша шығысқазақстандықтарға табыс, денсаулық тілеймін! Еліміздің бірлігі бекем болсын, – деді тәжірибелі ұстаз.
Ержан Әбіш