ТОП

Ерекше жандарға арналған концерт

Оразай Жеңісұлы

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ерекше жандарға арнап «Жүректен жүрекке…» атты ерекше концерт қойылды.

Жалпы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екені белгілі. Сондықтан елімізде қазан айының екінші жексенбісі Мүгедектер күні деп белгіленген. Аманжолов университетінің жанынан құрылған «Мейірім» волонтерлер клубы осы датаға орай ерекше іс-шара ұйымдастырды.

– Клубта 150-ден астам волонтер бар және өнерпаздар жеткілікті. Алайда жастар бүгін тек би билейді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың әннен гөрі биді жақсы түсініп, жылы қабылдайтынын мамандардан сұрап білдік, – дейді «Мейірім» клубының жетекшісі Ұлан Көшербай.

«Мейірімнің» жастары облыс аумағында ғана емес, республикалық іс-шараларға да белсене атсалысатын көрінеді. Мәселен Қостанайдағы өрт дүйім елді дүрліктіргенде, алғашқылардың бірі болып көмек беруді ұйымдастырған да осы клубтың мүшелері екен.

Еріктілердің бұл жолғы бастамасына «Мархабат.KZ» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі қолдау білдірді. Бұл бірлестік психоневрологиялық патологиясы бар адамдарды оңалтумен айналысады.

– Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортаға бейімделіп, қоғамдық іс-шараларға араласуына қолдау көрсету біздің жұмысымыздың бір бөлігі. Волонтер жастардың концертті университетте ұйымдастырғаны ұтымды шешім болды. Біріншіден, жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысқан ерекше балалар өмір сүруге құлшынысы арта түскендей болды. Екіншіден, мұндағы жастардың позитивті көңіл-күйі біздің жасөспірімдерге күш-жігер сыйлайды, – деді «Мархабат.KZ» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Меруерт Өтегенова.

Осы айдарда

Back to top button