Ерекше саябақ жасауды қолға алды
Ғалымдардың зерттеуінше, қаланың экологиясын тазарту үшін әр тұрғын 50 ағаш отырғызуы керек екен. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ұжымы бас ғимаратының маңайына қазақстандық терек, қайың, жөке ағашын егуді бастап кетті.
Университеттің бас ғимаратының алдына үш қатар ағаш көшеттерін егуге студенттер мен оқу орнының оқытушылары жұмылдырылды. Көгалдандыру жұмыстарына басшылық жасап жүрген Болат Ахметұлының айтуынша, қазақстандық теректер тез өседі, мамық шашпайды. Биіктігі 20-25 метрге дейін өседі. Демек, қырқып отырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, ауадағы зиянды заттарды бойына сіңіріп, оттегі бөлу қасиетіне ие.
– Әр ағаш түрін кезектестіре отырып, ғимараттың алдын айналдыра 800 метр қашықтықты қамтитын жерге егеміз. Барлығы 200 дана терек, екі жарым метрлік 400 дана қайың, ұсақ жапырақты 100 дана жөке ағашы, 200 дана шаған отырғызылады. Жас көшеттер табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының көмегімен жергілікті жердегі тәлім бақтардан әкелініп жатыр, – дейді Болат Ахметұлы.
Оларды суару үшін тамшылату әдісін пайдаланады. Тамшылатып суарудың бір тиімділігі – суды, электр тогын, уақытты үнемдейді. Сөйтіп, аз жылдың ішінде бас ғимараттың алды үш қатарлы жасыл белдеуге айналады. Ағаш отырғызу жұмыстары аяқталғаннан кейін, жасыл белдеудің ішкі жұмыстары қолға алынады. Бүгінгі таңда ағаш отырғызу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал жасыл белдеудің ішкі жағы ерекше экологиялық таза аймақ болады. Оның ішіне газон жайылып, гүлдер егіледі. Гүлдің де ерекше түрі өсірілмек. Әдемілігімен қоса айналаға жұпар иіс шашып тұрады. Жоба бойынша бұл жер қаладағы басқа саябақтарға ұқсамайтын, дала табиғатын елестететіндей ғажайып орын болмақ. Сабақтан кейін жайқалған шөптің арасында тынығуға, саябақта қыдыруға болады. Ағаштардың арасына ерекше стильде жасалған орындықтар қойылады. Жарық шамдардың да дизайны өзгеше. Мұның барлығы оқу орнының студенттері үшін жасалмақ. Айтпақшы, бас ғимараттың алдындағы көлік қоятын орын университеттің артқы жағына көшірілуі мүмкін. Ал қазіргі көлікжайлардың орнына спорттық құрылғылар қойылатын сияқты. Тағы бір орынға студенттердің бас қосуына арналған кішігірім амфитеатр салып қою көзделіп отыр. Бұл жұмыстар жоспар бойынша екі жылдың ішінде аяқталады. Университеттің бас ғимаратының маңайын көркейту үшін ландшафты дизайнымен ерікті мұғалімдер айналысып жүр.
Ал қазіргі өсіп тұрған үлкен ағаштардың кейбіреуі шіріп, бұтақтары кеуіп құлап жатыр. Ара-арасында ауруға шалдыққандары да бар. Ескі ағаштарды мамандар студенттермен бірлесіп қарап шығып, 50 ағашты жасарту керектігі ұсынылды. Ертеде отырғызылған 229 ағаш түп орнымен кесіледі. Жайқалып тұрған 351 ағаш қаз-қалпында қалады. Техникалық университеттің ауласына да демалыс орындары салынады. Геометриялық сызбалары қатаң сақталған жоспарда гүлзарлардың, ағаштардың орындары белгіленген. Сондай-ақ, ауланың ішіне техникалық университеттің белгісі қойылады. Бірақ қандай ескерткіш, қандай белгі қойылатындығы жөнінде сызбасы сызылып, нақтыланған жоқ. Тек орны ғана белгілі.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Жасұлан Шаймардановтың қолдауымен қолға алынған көгалдандыру бағдарламасы басқа мекемелерге үлгі боларлықтай.
Мерей Қайнарұлы