Қоғам

Ерекше қолөнер көрмесін Қытайдан арнайы келіп ұйымдастырды

Ерекше қолөнер көрмесін Қытайдан арнайы келіп ұйымдастырды

Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған ерекше шара өтті. Ерекше деп отырғанымыз шараны қандасымыз Қытайдан арнайы келіп ұйымдастырыпты.
«Тәуелсіздік – тірегім, ата жұртым жүрегім» деген тақырыппен өткен көрмеде ҚХР Алтай өңірі, Қаба ауданының қолөнершісі Таңнұр Мақсатбектің қолынан шыққан ұлттық қолөнер бұйымдары қойылған. Ісмердің айтуынша, көрші елдегі қандастар арасында ұзатылған қыздың жасау жабдығы мен той көлігін безендіру сынды тұрмыстық ғұрыптарға ұлттық қолөнер туындыларын молынан пайдалану сәнге айналған. Соған орай сұраныс та көп көрінеді. Осындай игі үрдістің Алтайдың бергі бетінде де белең алуына жол ашу үшін артынып-тартынып Өскеменге келген беттері екен.
Төте жазумен ақ тілектер бастырылған төртұмарлар, қазақтың көркемдік қиялынан сыр шертетін тұскиіздер, оюлы сырмақтар, автокөлік салонының өрнекпен әдіптелген тыстары, құрақ көрпелер мен жастықтар жадымызда тұтқырлана бастаған ұлттық талғамымызды дүр оятқандай әсер берді. Киіз үймен бірге мұражайда тұруы тиістей көрінетін қазақтың оюы мен өрнегі еурожөндеуден өткен қала пәтеріне де әр бере алатынын көріп таңғалыстық. Біздің қолөнеріміз де өз табиғатымыздай жаңашылдыққа икемделгіш, уақыт талабына сай сәтті өзгере алатынын аңдадық. Көрмеге келген ер адамдар автокөлікке тағатын тұмарлар мен орындық тыстарын, той көлігін безендіру бұйымдарын айналсоқтаса, қыз-келіншектер жасау жабдықтары мен кәдесыйлардан, сырмақтардан көз алмады. Ісмер қандасымыз бұл көрмеге жолда алып жүруге ыңғайлы бұйымдарды ғана әкелгендерін айтады.
-Қолөнерге деген қызығушылық жас күнімде пайда болған. Әкем мен шешем қарапайым малшы адамдар. Сондықтан ісмерліктің әліппесін ауылдастарымнан үйрендім. Ал осыдан бес жыл бұрын кәсібімізді заңды түрде тіркеп, жұмыс бастағанмын. «Қаба ауданы «Нұрлы таң» кестешілік шекті серіктестігі» деп аталатын шағын тігін цехымыз бар. Ол аталған ауданның Шыбар деген кентінде орналасқан. Көрмені ұйымдастырудағы негізгі ойымыз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына Қабадағы қандастардың атынан тарту жасау еді. Жергілікті қолөнершілермен сөйлесе қалсаңыз, сұраныстың аздығын, қолөнерге қажет материалдардың қат екенін, жұмыстың негізгі бөлігі қолмен атқарылатындықтан уақытты көп алатынын айтады. Ал бізде тігін аппараттарының түр-түрі бар. Соған орай қолөнер туындыларын заманауи сән ағымына қарай жаңашыл қалыпта дайындаймыз. Осы арқылы тұрақты сұраныс қалыптастырып та отырмыз. Бұл жағынан мұндағы әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға дайынбыз. Қандай да бір байланыс орнатқысы келген қандастар болса, Қытайдың Қаба ауданындағы Шыбар кентіне келуіне болады, – дейді Таңнұр Мақсатбек.
Қазақ тез үйреніп, тез жиренгіш халық. Сән мен салтанат сәт сайын алмасып тұрғандықтан тыраштануымыз да ерекше. Сән қуудан сайысқа түсіп жатқандай ұмтылуымыздың бір себебі төл талғамға сай қайнарды таба алмай жүргенімізден бе деп те ойлайсың. Көрмеден түйгеніміз, қазақтың қолөнері кез келген дәуірдің талғампаз талаптарына жауап бере алады. Оны тек мұражайлар мен көрменің көркіне айналдырмай, тікелей тұрмысқа араластыруға толық негіз бар. Тек соны көретін көкірек көзі болса…

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button