Ерекше еңбек сіңірген
Жаңа Қазақстанның жарқын күндері қарсаңында Тарбағатай ауданына ерекше еңбек сіңірген белгілі тұлғалар ауданның құрметті азаматы атағына ие болды.
Ардақты ұстаз, дарынды өнерпаз Жанипа Расолдина, шаруашылық істерінің маманы, білікті ұйымдастырушы Сләмбек Мәдиев және дін қайраткері, имам Қуат қажы Қабдолданың өңіріне «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» төсбелгісі тағылды.
Айта кету керек, аталған үш тұлға да ауданның шаруашылық, рухани-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан, креативті бастамаларымен өңір тұрғындарының алғысына ие болған азаматтар. Мамандығы тарихшы Жанипа Расолдина апайымыз – сонау 1960 жылдары «Ақжардан Москваға дейін…» деп аталатын деректі фильмге түсіп, одақ астанасында өнер көрсеткен тұлға. Бүкілодақтық халық творчествосы фестивалінің лауреаты атанған, білім мен өнерді қатар ұстаған қазақтың қайраткер қызы. Талай үлкен сахналарда «Алтын сақада» адуын ененің, «Құдағи келіптіде» Айшаның, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Күнекейдің, «Ажар мен Ажалда» Саржорғаның, «Ана – Жер-Анада» Ананың, «Қызжылағанда» Шөкіштің рөлдерін сомдаған. Сонымен бірге, халық шығармашылығын насихаттап аудан, облыс, республика көлемінде көптеген гастролдік сапарларға қатысқан. Бұлбұл үнді дауысымен талайды тамсандырып, күміс көмей әншілігімен де танылған. Білім беру ісінің үздігі Жанипа апайымыз туған ауылы Ахметбұлақта Алланың үйін тұрғызып, жұртты имандылыққа шақырған. Жуық арада құдай бұйыртып, мұсылманның бір парызы қажылық сапарды атқарып қайтты.
Жаңаталапта туып, Жаңаауылда саналы ғұмырын өткізген Сләмбек Жұматайұлы ағамыз да ауданға есімі белгілі азамат. Еңбек жолын совхозда есепшіден бастап, әртүрлі мекемелерде басшылық қызмет атқарған ғұмырбаяны әркімге де үлгі боларлық. Ол кісі 1991 жылғы зілзала зардаптарын жоюда белсенділік танытып, осы тоқырау жылдары ҚХР Алтай тері зауытымен келісімшарт жасап, ауылда теру илеу, тігін цехын ашып, халықты жылы киіммен қамтамасыз етті. Жұрттың әл-ауқаты нашарлаған шақта ҚХР арадағы сауда-саттықты нығайтып, халық үшін қажетті тұрмыстық тауарларды таратты. Совхоздың мал-мүлкін, техникасын тиын-тебеніне дейін есептеп, халыққа бөліп беріп, мемлекетке берешек 12 млн. теңгенің қарызын жауып берген екен. Содан кейін «Жасталап», «Жаңа Саян» шаруа қожалығы мен ЖШС ұйымдастырып, басшылық жасады. Жаңаауыл, Жаңаталап ауылдары үшін атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Қазіргі кезде де ауылшаруашылық техникаларын жөндеуді ұйымдастырып, халық алғысына бөленіп жүр.
«Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атанған Қуат қажы Қабдолдаұлы ауданға ғана емес, елімізге исламтанушы ретінде танымал. Ол 1987 жылы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, 1988-1990 жылдары əскери борышын өтеп қайтқан. 1993-1994 жылдары Алматы қаласындағы «Əл-Хабир» медресесін бітірген. 1994-2001 жылдары Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында аудан имамы қызметін атқарып, сол ауылда халықпен бірлесе «Байжігіт баба» мешітінің салынуына мұрындық болған. «Нұр-Мүбарак университетінің бакалаврын, магистратурасын тәмамдаған. 2017 жылдан бастап «Харекет» қайырымдылық қорының кеңесшісі қызметін де атқарады. Облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша экстремизмге қарсы жазылып, үлкен резонанс туғызған «Шырмауық» əлеуметтік спектакліне діни кеңесші болған. Сонымен бірге дін, ислам, наным-сенім, ғылым тақырыбында қалам тербеген. Қазіргі кезде «Нұр-Мүбарак» университетінің докторантура бөлімінде білім алады, ғылыми диссертациясын жазу үстінде.
Ширек ғасыр бұрын жабылып қалған Тарбағатай ауданының қайта ашылуы қарсаңында осындай тұлғаларды ардақтап жатқан іс басындағы азаматтарға, ақ тілеулі ағайынның барлығына да ризашылық сезімімізді білдіреміз.
Заңғар Кәрімхан, журналист