Қоғам

Ерекше балаларды жетістікке жетелейді

Ерекше балаларды жетістікке жетелейді


Өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың ел қатарлы білім алуына барынша жағдай жасап отырған «Ақ ниет» мектеп-интернатының ашылғанына жуықта екі жыл болады. Аталмыш білім мекемесі – еліміздегі ең алғашқы және әзірге жалғыз интернат. Баланың мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, жалпы орта білім беретін мектептерде, колледждерде толықтай білім алуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған инклюзивті білім берудің деңгейі жылдан-жылға артып келеді.

Білім беру жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламасында 2019 жылға қарай орта білім ошақтарының 70 пайызында инклюзивті білім беру сыныптарын ашу мақсаты қойылған. Ал аймақтық бағдарламаға сәйкес, бұл көрсеткіш біздің өңірде – 75 пайыз. Себебі аталған санаттағы балалардың саны жөнінен облысымыз республика бойынша екінші орында тұр. Соңғы жылдары, өкінішке қарай, дамуында кінәраты бар балалар көбейді. Мәселен, өңірімізде екі жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі балалар саны 13914 болса, биыл – 15208. Демек ерекше оқытуды қажет ететін балалар саны жылына он пайызға артып отыр.

Әрине, арнайы білім беру жүйесін инклюзивті біліммен толықтай алмастыра салуға болмайды. Өйткені науқасына байланысты ерекше күтімді қажет ететін балалар да бар.

Инклюзия ақыл-ойы сақталған «ерекше» балалардың қоғаммен араласып, барлық қатарлас балалармен бірге сапалы білім алуына, дамуына мүмкіндік береді. «Ақ ниет» мектеп-интернаты аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен балаларға жалпы орта білім ғана емес, сонымен қатар болашақ өміріне қажетті кәсіби білім алуына жағдай жасап, оларға психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдау көрсету үшін ашылған болатын. Мұнда балалар жатын бөлмемен, төрт уақыт ыстық тамақпен қамтылған, сондай-ақ балаларды мектепке дейін арнайы көлікпен жеткізу ұйымдастырылған. Жүз орынға арналған мекеме заманауи медициналық және арнайы құрылғылармен жабдықталған. Балалармен жұмыс істеу үшін жоғары білікті мамандар қызмет етеді. Бұл жерде көру, есту, сөйлеу және қимыл-тірек аппаратында кінәраты бар 78 оқушы тұрады.

Интернат арнайы жабдықталған логопед, сурдопедагог, дефектолог, психолог кабинеттерімен, тифлопедагог, невропатолог, офтальмолог, стоматолог және физио емдеу, спорттық-сауықтыру сенсорлы бөлмелерімен, массаж кабинетімен қамтылған. Бастауыш сыныптардың балалары интернатта білім алады.

«Ерекше» балаларды кәсіпке үйретеді

«Ақ ниет» мектеп-интернатының басшысы Светлана Кривицкая былтырғы оқу жылында тәрбиеленушілердің әлеуметтік бейімделуі жоғары деңгейде болғандығын атап өтті.

Өскемендегі №15 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Роза Жүнісованың сөзіне қарағанда, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға қатысты оқу процесі оңтайлы ұйымдастырылып, оларға жан-жақты психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Инклюзивті тірек мектебі болғандықтан, мұнда қазір дамуында кемшілігі бар 86 бала білім алады. Мектеп-интернаттың маңында орналасқандықтан, «Ақ ниеттің» елу баласы осында оқиды. Балаларды қабылдамас бұрын мектепте кедергісіз орта қалыптастырып, олардың жүріп-тұруына қолайлы болу үшін пандустар мен қабырғаларда арнайы тұтқалар орнатылған. Мектеп оқушылары мүмкіндігі шектеулі балаларды кемсітіп ренжітпеуі үшін ата-аналармен алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті және ерекше балалардың қатардағы мектепте білім алуына наразы кейбір ата-аналармен ары қарай да, психологтардың қосымша жұмысы қажет.

Қазақстан-Америка еркін университетінің колледжі, Политехникалық колледж, Қызмет көрсету саласы колледжі, Көпсалалы технологиялық колледж арасында жасалған келісімшарт негізінде жоғары сынып оқушылары үшін түрлі мамандықтар бойынша даярлық курстары ұйымдастырылады. Қазір он студент Өскемендегі түрлі колледждерде есептеу техникасы, аудармашы, аспаз-кондитер, тігінші мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік білім алып жүр.
«Абилимпикс» орталығы ашылды

«Ақ ниет» мектеп-интернаты мен «Абилимпикс» ұйымдастыру комитетінің арасында балалардың халықаралық кәсіптік байқауларға қатысуына мүмкіндік беретін ынтымақтастық меморандумы жасалып, соның нәтижесінде «Ақниет»-Абилимпикс» оқу-тәжірибелік орталығы ашылды.

Бұл орталықтың қызметі балалардың бейімін анықтап, болашақ мамандығын дұрыс таңдауына бағытталған. Мұнда жоғары сынып оқушылары инженерлік дизайн, электромонтаж, көркем дизайн, киімдерді моншақпен сәндеу, тырнақ әрлеу, киімдерді, тұрмыстық құрал-жабдықтарды, жиһаздар мен әшекейлерді жөндеу сияқты істермен айналысады. Шеберхана соңғы үлгідегі арнайы құралдармен жабдықталған. Үйірмені колледж ұстаздары мен ерікті студенттер жүргізеді.

Интернат тәрбиеленушілері «Мен инженермін» жобасы арқылы IT-технологияларды, 3D модельдеуді меңгеріп, бағдарламалауды үйренеді.
Алғашқы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлық. «Zasskils» ұлттық чемпионатында «Инженерлік дизайн» аталымы бойынша жүлделі үшінші орынды, облыстық IT чемпионатта Ерзат Тәбиев пен Владислав Лахно «Ақылды жылыжай» жобасын жасап, бірінші орын алса, «Мультимедиялық журналистика» аталымында «Ақ ниет» командасы екінші орынға ие болды.

Бос уақыттарында вокалмен шұғылданып, шахмат, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысып, домбыра мен гитарада ойнайды. Республикалық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінде домбырамен күмбірлете күй шерткен Меруерт Газраилова екінші орын алса, Астанада өткен халықаралық «Я могу» фестивалінде он жасар Алуа Түспекова әуелете ән шырқап, 170 қатысушының арасынан жүлдемен оралды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Суреттердегі цифрлық Қазақстан» республикалық сайысында Владислав Лахно жүлделі екінші орынға ие болды.

Мамандар арнайы даярлықтан өтеді

Светлана Кривицкаяның айтуынша, инклюзивті сыныптарға жоғары және бірінші санатты ұстаздар таңдап алынады. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу сеніп тапсырылатын мамандарды іріктеуде балалардың тілін таба білу, төзімділік сияқты қасиеттері ескеріледі. Интернат әкімшілігі мен ұстаздары инклюзивті білім беру бойынша арнайы дайындық курстарынан өтіп, Қарағанды қаласындағы №27 мектептегі әріптестерімен тәжірибе алмасып тұрады.
Жуықта ғана облыстық білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы инклюзивті білім беруді дамыту және жүзеге асыруда білім беру ұйымдарының белсенділігін арттыру мақсатында «Инклюзивтік тәжірибені енгізуге жағдай жасайтын үздік мектеп» облыстық байқауын өткізген. Байқауда қалалық, аудандық кезеңде жеңімпаз атанған 11 мектептің материалдары қаралып, нәтижесінде «Ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық қолдаудың үздік жүйесі» аталымында Семей қаласындағы №20 жалпы орта білім беретін дамыту мектебі, Катонқарағай ауданындағы С. Ластаев атындағы орта мектеп, «Инклюзивтік білім беруді жүзеге асырудағы мектеп мұғалімінің инновациялық тәжірибесі» аталымында Өскемендегі №37 орта мектебінің ұстазы В. Сивкова, Үржар ауданындағы Абылайхан орта мектеп-балабақшасының ұстазы А. Төлеубекова және Көкпекті орта мектебінің ұстазы Х. Мұқатаева үздік шықты.

Ерекше балаларды жетістікке жетелейді

Өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығы инклюзивті білім беру режимінде жұмыс істейтін педагог-психологтар мен педагог-дефектологтарға «Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған роботтытехника» тақырыбында онлайн-семинарлар өткізіп тұрады. Онда инновациялармен және технологиялармен әуестену клубының аясында мамандандырылған түзету мекемелерінің интеграцияланған оқушылар тобындағы инклюзивті тәжірибе, оңалту орталығы сыныптарындағы роботтытехника мәселелері қаралып, роботтытехника курсына қатысатын ерекше қажеттілігі бар балаларға диагностика жүргізіледі.

Бос уақытты тиімді өткізеді

Қарапайым материалдардан керемет зат жасаудың нағыз шебері Майнұр Бағдатқызының үйірмесіне балалар қығызушылықпен қатысады. Фелтинг-технологиясы бойынша жүнді дымқылдап бастыру тәсілін үйреніп жүрген балалар өз қолымен әдемі гүлдер, шашқа тағуға, сырт киімге арналған әртүрлі әшекейлер жасайды.

-Д.Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университеттің атынан проректордың орынбасары Сәуле Рахметулина балаларға бес жиынтық роботты техника жабдықтарын сыйлады. Роботты техника сабағында балалардың логикалық, құрастырушылық, инженерлік дағдысы қалыптасады,-дейді «Ақниет» мектеп-интернаты басшысының орынбасары Лира Жалаушынова.

Интернат балалары сабақтан бос уақытында Ольга Рыпакова атындағы бассейнге барады. Арнайы жүзу құралдары мен киімдерін киіп, нұсқаушының бақылауымен жүзеді. Керемет әсер алумен қатар денсаулықтарын да нығайта түседі. Жаңа оқу жылынан бастап оқу-танымдық «Экобиоорталығының» оқытушысы келіп, экологиялық тәрбие жөнінде қызықты сабақтар өткізеді. Балалар қоршаған ортаға, өз үйіне, ауласына күтім жөніндегі әңгімелерді сүйсіне тыңдап, балықтар мен аңдардың суретін салып, қолдың ұсақ моторикасын дамытады.

Бірлескен ынтымақтастық келісімінің аясында «Балалар шығармашылық мектебінің» сурет және қолданбалы өнер шеберханасында шұғылданады. Балшық және ермексазбен жұмыс істеудің техникасын үйренеді.

«Жексенбілік демалыс клубында» денешынықтыру және спортпен айналысады. Тәрбиеші-педагог Н.Балушаева балаларға фитнес бойынша арнайы жұмыс жоспарын жасаған.

«Ақ ниет» мектеп-интернатына Алматы облысындағы білім басқармасының өкілдері де тәжірибе алмасуға келіп тұрады. Болашақта бұл аймақта да осыған ұқсас мекеменің ашылуы жоспарланып отыр.

Инклюзивті білім беру шетелдерде 1970 жылдан қолға алынған ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Біздің елде инклюзивті білім беру жүйесін дамыту туралы «Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button