«Ерекше» балаларға қуаныш сыйлады

Өскемендегі ірі білім ошақтарының бірі – №37 көпбейінді орта мектебінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған кабинеттер ашылды. Арнайы кабинеттердің ашылу салтанатына қала әкімі Жақсылық Омар мен «Бақытты болашақ» жобасының бас демеушісі «Орика-Қазақстан» акционерлік қоғамының директоры Юлия Югай, «NietWoman» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Жігітаева, ата-аналар мен ұстаздар қауымы қатысты.
№37 көпбейінді орта мектебінің ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытып келе жатқандығына он жылдан асты. Осы уақыт аралығында ұстаздар білім нәрімен сусындатып, 11 рет «ерекше» түлектерін жаңа өмірге қадам бастырды. Қазір мектептегі 12 арнайы сыныпта 94 мүмкіндігі шектеулі оқушы білім, тәлім-тәрбие алып жүр. Бұдан бөлек 13 бала жалпы білім беретін сыныптарда өз қатарластарымен бірге инклюзивті білім алады.
«NietWoman» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен білім ордасындағы дефектолог пен психологтың кабинеттері замануи құралдармен жабдықталды. Мектеп басшысы Инна Грачеваның айтуынша, бұл жоба «Орика-Қазақстан» акционерлік қоғамының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылған.
– Өкінішке қарай, қаламызда мүмкіндігі шектеулі балалар өте көп. Оларға білім және денсаулық саласында, басқа да шараларда үнемі көмек көрсетуіміз қажет. Осындай шаралар қаланың басқа мектептерінде де жалғасын табады,-деген шаһар басшысы Жақсылық Омар демеушілерге алғысын білдірді.
-Бұған дейін мектептегі дефектологиялық және психологиялық көмек көрсететін кабинеттер күрделі жөндеуді қажет еткен болатын. Кабинеттерді жарықтандыру нашар, терезе, едендері әбден тозған, құрал-жабдықтар жетіспейтін,-дейді дефектолог ұстаз Валерия Сивкова. Енді міне қайырымдылық шарасының арқасында кабинеттерге күрделі жөндеу жасалып, терезе, едендері жаңартылды. Сонымен қатар замануи талаптарға сай жиһаздар орнатылып, әдістемелік оқулықтар алыныпты. Әдеттегі мектеп сыныптарынан бөлек бұл кабинеттер «ерекше» балаларға қуаныш сыйлайтын конструктор, пазл, лабиринт сияқты түрлі дамытушы ойыншықтармен жабдықталған. Ал ұстаздар жаңа компьютермен, психолог чемоданымен қамтылыпты. Кабинеттердің жабдықталуы нәтижесінде дефектологиялық және психологиялық қызметтің аясы екі есе көбейіп, 220 балаға дейін көмек көрсете алатын болды.
Айжанат Бақытқызы