Қоғам

Ерекше балаларға барлық жағдай жасалған

Ерекше балаларға барлық жағдай жасалған


Бүгінде аудан мектептерінде мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті білім алуына барынша оңтайлы жағдай жасалған.

– Ауданда мектеп жасындағы 413 мүмкіндігі шектеулі жасөспірім бар. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру бағытында ауданның 51 мектебінің кіреберісіне пандус орнатылса, 50 білім ошағында шақыру тетігі қойылған. Сонымен қатар 120 бала денсаулығына байланысты үйде оқып жатыр. Мектеп жасына дейінгі 79 балақай бар. Әке-шешесінің қолындағы 13 бала оқуға жарамсыз. Қазіргі уақытта 56 мүмкіндігі шектеулі бала медициналық-әлеуметтік мекемеге барып, әртүрлі әлеуметтік көмек алса, 72 бала педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде арнайы мамандардан оқуда, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова.

Естеріңізге сала кетейік, инклюзивті білім беру дегеніміз – балалардың жынысына, жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алып, өздерінің әлеуетін дамыту мүмкіндігіне ие болу. Ол барлық балаға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өмірінде белсенді болуға мүмкіндік береді.

Инклюзивті оқыту оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжымның іс-әрекетіне атсалысуға жол ашады.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2018-2019 оқу жылында ауданымыздың Абылай хан және Сейфуллин орта мектептерінде дефектолог штаты бөлініп, ерекше балалар үшін арнайы мамандардың кабинеті ашылып, оқу ісі басталып кетті. Бұл арнайы жабдықталған кабинеттерді білім алу үрдісіне сай қалыптастыру үшін қажетті қаржы бөлініп, оған дидактикалық материалдар сатып алынды, – дейді бөлім басшысы.

Аталған балалардың ішінде 48-і дефектолог маманнан дәріс алады екен. Сол сияқты ауданның 49 білім мекемесінде ерекше оқушылармен жұмыс істейтін 57 психолог бар. Инклюзивті білім беру бойынша кейінгі үш жылда 28 мұғалім педагогикалық дефектологиялық, 10 мұғалім қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру, 60 мұғалім мен 46 мектеп психологы инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы білім бағдарламаларын ұсыну, оларға білім беруде басқа мамандармен тәжірибе алмасу үшін ресурстық орталық ашу жоспарланған. Бұдан бөлек алдағы уақытта жаңадан салынып жатқан Мақаншы орта мектебінде мүмкіндігі шектеулі балаларға уақыт талабына сай білім беруге бейімделген орталық ашу көзделіп отыр.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button