Денсаулық сақтау

Ерекше балаларға арналған ғажайып орталық

Облыс орталығында аутист балақайларға арналған еліміздегі тұңғыш балабақша «Страна Чудес» орталығы өз жұмысын жуықта ғана бастаған болатын. Соған қарамастан ата-аналары балғындардың тілдері шығып, қоғамға бейімделе бастағанын жасырмайды.

Шынында да, аты айтып тұрғандай, бұл орталық аутистік спектрі бұзылған балалар мен олардың ата-аналары үшін нағыз ғажайып ортаға айналды. Мекемедегі білікті кәсіби мамандар мен тәрбиешілердің қамқорлығына түскен балғындар аз уақыттың ішінде жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.

Ерекше балғындар үшін осындай мамандандырылған мекеменің қажет екенін түсініп, қолға алған «NIET WOMAN» қоғамдық бірлестігі болатын. Бірлестік бір жыл бұрын өскемендік кәсіпкер Лилия  Мамбурованың әлеуметтік бизнесін қолдауды жөн санайды.

–Біз тек атқарушы билік пен қоғам өкілдері, кәсіпкерлік  бірлесе отырып қана осындай өте маңызды әлеуметтік  жобаны іске асыруға болатынын түсіндік, – дейді NIET WOMAN қоғамдық бірлестігінің төрайымы Эльвира Алахвердиева. – Біз қайырымдылық балын өткізіп, жиналған қаржыға мектепке дейінгі мекемені жабдықтадық. Бізде ортақ проблемаға жаны ауыратын мейірімді жандардың көп екені қуантады. Ғимаратты жөндеп, арнайы құрал-жабдықтармен жарақтауға көмектескен барлық компаниялар біздің досымызға айналып кетті. Олар қазір де қолдан келген көмектерін аямайды.

Төрайымның айтуынша, бірлестік қыз-келіншектердің бизнесін өркендету үшін құрылған екен. Олардың бір жылғы жұмыстарының ең керемет көрсеткіші  – осы орталықтың ашылуы. Бұл жерге  ерекше балалардың ата-аналары соңғы үміттерін арқалап келеді. Өйткені қалада бұдан басқа осы бағыттағы мектепке дейінгі мекеме жоқ. Қазір орталықта 85 аутист бала тәрбиеленіп жатыр, бұл облыс орталығының қажеттілігін толық жабады.

-Әрине, бұл орталық  болмас еді, егер қала әкімдігі, жеке кәсіпкерлер тарапынан қолдау таппасам. Орталық тек қала үшін ғана емес, Қазақстан үшін үлкен тәжірибе алаңы. Міне, аутистік спектрі бұзылған балғындардың да өз үйі пайда болды. Бұл жерде тек балақайлар ғана кәсіби білікті көмек алып қоймайды, сонымен қатар олардың ата-аналары да үйретіледі. Біз үнемі даму үстіндеміз,  балалармен жұмыста озық технологияларды енгізуге тырысамыз. Польшадан арнайы шақыртумен келген үш маман бүгінде біздің тәрбиешілер мен қызметкерлерге ерекше балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретіп жатыр. Біз бұрын мүлде сөйлемейтін балғындардың өте қысқа мерзімде тілі шыққанының куәсі болдық. Сауыққан балалар осы жерден қатардағы балабақша мен мектепке кетсе, біздің еңбегіміздің ең үлкен жемісі –сол, –  дейді жобаның авторы, кәсіпкер Лидия Мамбурова.

Тәрбиеленушілердің ата-аналары да өздерінің қуаныштарымен көздеріне жас ала бөлісті.

– Біздің балалар үшін осындай мекеменің ашылуы үлкен бақыт! Олармен жаттығатын, қоғамға бейімдейтін, оларды әлеуметтендіретін мамандардың болғанына ризамыз. Тіпті, бізді, ата-аналарын да өз балаларымызбен қарым-қатынас жасауға үйрететін орталықтың өмірге келуіне қолдау көрсеткен барлық жандарға шексіз алғысымды айтамын, – деп толқиды ерекше балалардың бірінің анасы Кристина Лисовская. Тағы бір балғынның анасы Гүлжанат Жақсыбаева баласының мүлде сөйлемегенін айтады.

-Осы жерге келгелі мамандардың жаттығуынан кейін тілі шығып кетті. Бұрынғыдай емес, айналасындағылардан оқшауланып, томаға-тұйық жүретін балам ортаға да бейімделіп келеді, – дейді Гүлжанат.

“Страна чудес”  орталығында  25  жоғары білікті маман жұмысістейді. Жоғарыда айттық, шетелден келген мамандар жұмыстарындағы соны бейімдеу тәжірибелері және озық технологиялармен бөлісуде. Өскемен қалалық әкімдігі  балабақшаға әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 32 миллион теңге бөліп отыр. Ай сайын бір балғынға 32 мың теңге бөлінеді, оның жартысы тамаққа жұмсалады.

– Бұл ерекше балғындар тек сіздердің ғана емес, біздің де балаларымыз , – деген болатын Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар  орталықтың ашылу салтанатында. – Әрине, осындай қажеттіліктің болуы өкінішті. Бірақ біздің  инклюзивті білім беру бағытында арнайы бағдарламамыз бар. Облыс орталығындағы бес мектепте бейімдеу кабинеттері ашылды. Олардың үшеуі «Болашақ» қорының қолдауымен іске қосылған. Көзі нашар көретін балаларға арналған тағы бір кабинеттің ашылып, жабдықталуына Гүлнар Досаева көп көмек көрсетті.Мен орталық қызметкерлеріне шыдамдылық тілеймін. Ерекше балалармен жұмыс істеу, оларды сауықтыру, қоғамға бейімдеу оңай шаруа емес. Біз қолымыздан келген көмекті аямаймыз.

Қазір облыс орталығында ерекше күтімді қажет ететін үш пен алты жас аралығындағы 1415 бала бар. Олардың  85-інде аутистік спектрдің ауытқушылығы байқалады. Жаңа балабақша осы балақайлардың тезірек сауығып, «өмірге бір кірпіш болып қалануына» септігін тигізеді деп сенеміз.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button