Қоғам

Ерекше алғыс білдірді

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Өскеменде салтанатты іс-шара өтті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Денис Рыпаков пен облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов облыстың үздік медицина қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні атап өтіледі. Төл мерекелері  күні   жоғары кәсібилігімен және адами қасиеттерімен ерекшеленетін дәрігерлер, фельдшерлер, медбикелер, санитарлар, жедел жәрдем қызметкерлері ерекше алғысқа бөленері анық. Барлық медицина қызметкерлерін облыстық мәслихат  хатшысы Денис Рыпаков құттықтады. «Жүрек қалауымен медициналық істі қолға алған барлық медицина қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің сенімді қолдарыңызда  ең құнды нәрсе – адамдардың өмірі мен денсаулығы. Көп жылдар бойы адамдарға қызмет етіп келе жатқан денсаулық сақтау ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін», –  деді облыстық мәслихат хатшысы.

Облыстың денсаулық сақтау саласының үздік мамандары көп жылғы еңбегі үшін медальдармен, Құрмет грамоталарымен, төс белгілермен және Алғыс хаттармен марапатталды.

«Еңбек ардагері» төсбелгісімен Глубокое ауданының орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің меңгерушісі Людмила Логейко, облыстық фтизиопульмонология орталығының хирург дәрігері Сағи Қожабаев, Риддер қалалық ауруханасының отоларингологы Серік Жамантаев, сондай-ақ «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»  төс белгілерімен Өскемен қаласының №2 емханасының пульмонолог дәрігері Ольга Говорухин, Бородулиха ауданы ауруханасының отоларингологы Ольга Мокроусова, мамандандырылған балалар үйінің медбикесі Майра Сүлейменова, Көкпекті аудандық ауруханасының медбикесі Алмаш Мамабаева, Семей қаласының жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Дәулет Секербаев марапатталды.

Айта кету керек, облыс әкімі Даниал Ахметов денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, облыс әкімінің бастамасы бойынша 5 жыл ішінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 36 млрд. теңгеге үш мыңнан астам заманауи жабдық сатып алынды, бұл жоғары технологиялық медициналық техника көлемін 2,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. «Мереке қарсаңында барлық медицина қызметкерлеріне мықты денсаулық, еңбекте табыс тілеймін. Сондай-ақ  пандемиядан кейін екі жыл өткен соң, бәрімізді жинап, осындай ерекше мереке ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын», –  деді №4 қалалық аурухананың бас дәрігері Сергей Попов.

Сонымен қатар медицина қызметкерлері күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы бес номинациядан тұратын байқау жариялады, оған облыстың барлық медициналық ұйымдары қатысты. «Жас маман ретінде   «Жастық шақ. Жаңашылдық. Талант» аталымы бойынша жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын.  Бұл мен үшін үлкен мотивация болып табылады», – деді  облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ботагөз Тоқтарбекқызы.

Осы айдарда

Back to top button