Ердос АХМАДИЕВ, шаңғышы: – ОЛИМПИАДАДА НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕУГЕ ТЫРЫСАМЫН
Алты күннен кейін Ақ Олимпиаданың алауы Сочи төрінде маздайды. Жұмыр жердің мықтыларын жинайтын байрақты бәсекеге қазақ даласынан ұзын саны 58 спортшы аттанады. Олар спорттың 11 түрінен жүлдеге таласады. Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін саңлақтардың он алтысы – шығысқазақстандық, бұл – біз үшін зор мақтаныш. Әсіресе, ойындардың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстап шығу мәртебесі семейлік шаңғышы Ердос Ахмадиевке сеніп тапсырылуы төбемізді көкке жеткізді.
Жаһанның жалпақ жұрты сарыла күткен дүбірлі жарыс қарсаңында арқасына жауапкершіліктің үлкен жүгі артылған жерлесімізбен тілдесудің сәті түскен еді.
Оң жамбасыма келетіні – отыз шақырымға шаңғыны ауыстырып жүгіру
– Ердос, Сочиде Ту ұстау құрметі сізге тапсырылған екен, құтты болсын дейміз! Жалпы, бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз, алғаш естігенде қандай күй кештіңіз?
– Қатты қуандым. Себебі, осы Олимпиадаға біз үш жыл бойы дайындалдық. Бір жағынан «алмақтың да салмағы бар» дегендей жауапкершіліктің оңай еместігін де сезінем. Мен бұл жаңалықты алғаш рет бас бапкерімнен естідім. Ол кісі келіп «дайындала бер, сен Олимпиадада Ту ұстап шығуың мүмкін» дегенде басында шынымен таңырқап қалдым. Бұл – мен үшін зор мақтаныш, құрмет. Жалпы, менен басқа да үміткерлер болыпты Ту ұстауға, алайда басшылықтың таңдауы маған түсіпті, өзіме артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерімді саламын.
– «Сенімді ақтауға тырысамын» деп айтып қалдыңыз, өзіңіздің жүлделі орындардан көрінуге мүмкіндігіңізді қалай бағамдайсыз?
– Бәлен деп кесіп айтпай-ақ қояйын, негізі атам қазақ «арық сөйлеп, семіз шық» дейді ғой. Сол айтқандай, сәтін салса, үздік ондықтан көрінуге барымды саламын. Кішкентай кезімде ата-анам маған «сенен мықты спортшы шығады, сен еліміздің Туын желбіретіп алып жүресің» деп арқамнан қағып, қолпаштайтын. Міне, ата-анамның сол тілегі, арманы орындалды.
Әрине, Олимпиада ойындарына қаражаяу спортшылар қатыспайды, ол жерге кіл жүйріктер, мықтылар жиналады. Солардың арасында болудың өзі үлкен жетістік. Қалай дегенмен намысты қолдан бермеуге тырысамын.
– Әрбір спортшының оң жамбасына келетін әдіс-тәсілі немесе ыңғайына үйлесетін жарыс түрі болады. Сіз үшін шаңғымен жүгіруде жаныңызға жақыны қайсысы?
– Мен Сочиде бірнеше қашықтықта жарыс жолына шығамын. Солардың ішінде маған қолайлысы 30 шақырым қашықтыққа шаңғыны ауыстырып жүгіру (скиатлон – авт.). Яғни, 15 шақырымды классикалық әдіспен жүгіріп келесіз де, екінші шаңғыны аяққа іліп алып қалған аралықты еркін әдіспен жүгіріп өтесіз. Міне, осы бағдарламада бар мүмкіндігімді көрсетуім керек.
Осы жарыс аяқталғаннан кейін отау құрсам деп жүрмін
– Қалай ойлайсыз, Олимпиада жүлдесін иеленуге біздің шаңғышылардың шамасы жете ме?
– Меніңше, жеткілікті. Осыған дейінгі үлкен жарыстарда біздің шаңғышылар алдыңғы отыздыққа еніп жүрді. Әлем кубогінің бірнеше кезеңінде биіктен көріне білді. Қысқы спорт түрлерінен дәл қазір менің командаластарым нағыз бабында, дайындықтары жақсы. Сондықтан Олимпиада медалі үшін таласуға мүмкіндігіміз бар.
– Ал енді ресми тақырыптан ауытқып, рұқсат болса, жеке өміріңіз туралы айта кетсеңіз.
– Өзіңіз білетіндей, Үржар ауданының тумасымын. Қазір Семей қаласында тұрамын. Бойдақпын. Бұйыртса, Сочи Олимпиадасынан кейін үйленіп, жеке шаңырақ көтеруді жоспарлап жүрмін. Сүйген қызым бар. Ол өте әдемі, сымбатты әрі талғампаз. Маған оның мінезі ұнайды.
Кейінгі екі жыл бойы Олимпиадаға қызу дайындық жүргендіктен жеке өміріме көңіл бөлуге мұрша болмады. Енді осы жарыстан соң бәрі өз орнына келетін шығар.
– Ендеше, біз де сізге сәттілік тілейміз. Спортта да, жеке өміріңізде де тек қана сәттілік жолдас болсын! Тығыз уақытыңызды бөліп сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет айтамыз.
Керек дерек
Ердос Жексенбіұлы Ахмадиев 1985 жылы 6 наурызда біздің облыстың Үржар ауданында дүниеге келген. Шаңғымен жүгіруден Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2010 жылдан бері ұлттық құраманың негізгі құрамының мүшесі. Сочи Олимпиадасында Қазақ елінің Туын ұстаушы. Шаңғы спортымен айналысқанына 15 жыл болған. Қазіргі уақытта Семей қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінде елімізге еңбегі сіңген бапкер В.Байяділовтың қарамағында тәлім алуда.
Маман пікірі
Елсияр Қанағатов, Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары:
– Бізде Туды Алексей Полторанин немесе медальдан үміткер басқа да спортшылар ұстау керек деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен, көптеген елдер басқаша жолды таңдаған. Өйткені, бұл – үлкен жауапкершілік. Біз де сол тәжірибені қолданып отырмыз. Ертең жарыс жолына шығатын спортшыға бүгін Туды ұстатып қоя алмаймыз. Оның үстіне, көшбасшылар тек жарысқа ғана ден қоюы тиіс.
Тақырыпқа орай
Сочидегі ХХII қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама сапында ел намысын қорғайтын шығысқазақстандық спортшылардың тізімі мынадай:
Шаңғы жарысы: Алексей Полторанин, Ердос Ахмадиев, Роман Рогозин, Сергей Черепанов, Анастасия Слонова.
Биатлон: Галина Вишневская, Ян Савицкий, Сергей Наумик, Александр Трифонов.
Фристайл-могул: Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышева, Дарья Рыбалова, Дмитрий Бармашов, Павел Колмаков.
Сноуборд: Валерия Цой.
Тау шаңғысы: Игорь Закурдаев.
Серік Әбілхан