Ербұлан ауданның ажарын кіргізіп жүр
Бүгінде Абай ауданында кәсіпкерлік тізгінін мығым ұстаған жастар көп. Өзінің де жағдайын түзеп, туған ауылы үшін де қосымша жұмыс орындарын ашып, қоғам қажетін өтеуде еңбегі ілгері басқан жаңа толқын өкілдері көпке үлгі болып жүр.
Қарауылдық іскер жас Ербұлан Жүнісжанов – Астана қаласындағы Қазақ техникалық академиясының түлегі. Оқу орнын бітірісімен, бірден туған жерге оралыпты. Сөйтіп, сарылып жұмыс іздемей, керісінше, өзгелерге жұмыс берудің жолын, яғни, жаңа кәсіп ашуды қарастырады. «Ісім өнсін десең, ретін тап!» деген Абай хакімнің өсиетін берік ұстанған жас жігіт бірден «Даму» қорының қолдауына сүйеніп, бизнес-жоспар жасайды. Нәтижесінде ұсынысы қолдау тауып, 3 млн. теңгенің грантын жеңіп алған. Ал биылғы күзде жоспарын іске асырудың сәті түсіпті. Қазіргі күні Ербұлан Нұрғазыұлы аудан мекемелеріне және жеке тұлғалар үшін ішкі және сыртқы жарнама баннерлерін әзірлеп орнатумен айналысады. Ол үшін Қарауыл ауылына қажетті «Infiniti» аппаратын сатып әкеліп орнатқан. Сонымен қатар, жас кәсіпкер үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Орайы келген іс осылайша дөңгеленіп сала беріпті.
– Кәсіпкерлікке бет бұрмас бұрын алдымен пайдалы кеңестер беретін әдебиеттерді көп оқыдым. Ғаламторға үңіліп, ұзақ ізденуге тура келді. Аудандық әкімдік мамандарымен де ақылдастым. Одан соң өз ауданым бойынша қандай саланың қолға алынбағанын зерттедім. Ең соңында өңіріміз бойынша ішкі және сыртқы көрнекіліктер әзірлеудің ақсап жатқанын аңғарып, осы істі кәсіпке айналдыруды жөн санадым. Бастама жаман емес. Істі қолға алғалы небары бір айдың ішінде тапсырыстар молынан түсуде, – дейді Ербұлан.
Қазіргі күні кәсіпкер жігіт түрлі мерекелік думандар мен тойларға арналған безендіру баннерлерін әзірлейді.
Әр өнімнің мәтіндік мазмұны мен дизайнына ерекше назар аударылады екен. Сондай-ақ, әрбір тұтынушының жеке қалауы да ескеріледі.
Жұмсалатын шығын айтарлықтай көп емес. Баннерлік материал мен арнайы бояу жеткілікті көрінеді. Мұнымен қоса, әрине, жоғары талғам мен фантазия қажет.
– Сыртқы жарнама, көрнекіліктер елді мекеннің эстетикалық әдемілігі үшін де маңызды. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде бұл іске баса мән беріледі. Ал біздің елімізде соңғы жылдары ғана қалыптасып, даму үстінде, – дейді Ербұлан Нұрғазыұлы.
Кәсіпкер жігіт алдағы уақытта қосымша қажетті құрал-жабдықтар әкеліп орнатып, іс аясын кеңейте түспек. Негізінде қазіргі күні шағын кәсіпорын іске толық қуатымен қосылған жоқ. Яғни, мүмкіндік аясы әлі де кең деген сөз.
Бір айта кетерлігі, кіл жастардан тұратын мекеме мұнымен қоса аудан тұрғындары үшін компьютерлік құрылғылармен жабдықтау, ғимараттарға желі тарту сынды бірқатар жұмыстарды да қоса атқарады. Яғни, ауылдастарының сұранысына сай, тұрмыстық қажеттілікке орай кәсіптің мейлінше қолайлы түрін тапқан.
– Біздің елімізде кәсіпкерлікпен айналысамын деуші жастар үшін мүмкіндік мол. Осы тұрғыда жастарды әрдайым қолдап жүретін аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековке, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімнің мамандарына айтар алғысым шексіз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының жәрдемінің өзі неге тұрады? Тек істі бастаудан қорықпау қажет. Заман ынта мен еңбекке сүйенгендердікі. Жұмыстың жоқтығын сылтаурату – өсер елдің баласы айтар сөз емес. Бұл ретте замандастарыма креативті идеялар ойластырып, тың бастамаларды жүзеге асыру арқылы кәсіп ашуға кеңес беремін, – дейді жалынды жас Ербұлан Жүнісжанов.
Нұржан Байтөс
Абай ауданы.