Ералы- Азия чемпионы

Берікхан Тайжігіт, Үржар
Жуырда Үржар ауданының жас спортшылары мен спортсүйер қауымы үшін қуанышты хабар жетті. Қарақол орта мектебінің 6-сынып оқушысы Ералы Әбіл Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасында «ММА Номад» жекпе-жек түрінен өткен Азия чемпионатында қырық екі келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.
Жерлестері болашағынан зор үміт күтіп отырған Ералы осыған дейін де дзю-додан Шемонайха ауданының чемпионы атанған еді. Негізі Ералы Ерболұлын осы салаға баулып, жаттықтырып жүрген – Бахтияр Құрманғажы деген бапкер. Ол – Қарақол ауылында жұмыс істеп жатқан «Жекпе-жек» клубының жаттықтырушысы. Өзі ММА-дан Қазақстанның спорт шебері.
– Біздің ауылымыз Қарақол Үржар мен Аягөз сынды аудан орталықтарынан сәл жырақтау орналасқан. Мұнда үлкен спортпен түбегейлі айналысу қиындау. Сондықтан екі жыл бұрын өз ауылымыздан жасөспірімдерді баулитын «Жекпе-жек» клубын ашқанбыз, – дейді Ералының жаттықтырушысы Бахтияр Мұхаметханұлы.
Суреттерде: Азия чемпионы Әбіл Ералы Ерболұлы