Қоғам

Зырянда 245 орындық жекеменшік балабақша ашылды

Зырян ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірдегі орақ науқанының барысымен және қысқа дайындық шараларымен танысып, қала тұрғындарымен кездесті.
Әуелі облыс басшысы Октябрь кентіндегі «Бухтармаинфрасервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнындағы жылу қазандығының жұмысымен танысты. Аталмыш қазандық Бұқтырма және Октябрь кенттерін, осындағы цемент зауытын жылумен қамтамасыз етеді. Кешендегі бес қазандықтың төртеуі қажетті жөндеуден өтіп, жылу маусымына дайын тұр. Ал қосымша қазандықтың жөндеу жұмыстары суық түскенше аяқталуы тиіс. Барлық қазандықтар кестеге сай тексерістен өтіп, ескірген қондырғылар ауыстырылып қана қоймай, ыстық су құбырының тозған жерлері де жаңартылған екен. Бұқтырма кентін жазда да ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған аталмыш мекеме қосымша қазандықты жөндеу жұмыстарын жобалауға кеткен шығынды өз мойнына алған. Кәсіпорын директоры Сергей Фоминых келер жылға жоспарланған Бұқтырма кентінің жылу желілерін жаңалау жұмыстарын да «Бухтармаинфрасервис» КМК өз есебінен жобалауға бекінгендерін айтады. Октябрь кентіне жаңа мектеп салу қажеттігі туындап отыр. Облыс басшысы 130 орындық білім ошағының жобасын қайта қарау керектігін ескертті.
– Жүз отыз орындық мектеп үшін 550 млн. теңге деген тым көп. Жалпы білім ошақтарының жобасын мұқият електен өткізіп отыру керек. Соңғы кездері мектеп жобаларына оқу үдерісіне мүлдем қатысы жоқ, артық бөлмелер мен дәліздер қосу сәнге айналып барады. Осындай басы артық жобалардың кесірінен нысанның құны да аспандап шыға келеді. Бұл мектеп жобасын да қайта қарап, құнын ақылға қонымды ету керек. Сол кезде барып құрылысқа қаржы бөлу жағын ойластырамыз, – деді аймақ басшысы.
Зырян ауданында биыл тұңғыш рет зығыр мен қыша егіліп отыр. «Нивы-Чапаево» шаруа қожалығының жетекшісі Жанатбек Бұғыбаев аудан үшін таңсық зығыр дақылын мың жарым гектар жерге еккен. Облыста зығырды өңдейтін орын болмағандықтан, шикізат күйінде сыртқа сатуды көздеп отыр. Аймақ басшысы бұл бастаманың дұрыс екенін атап, шаруа қожалық жетекшісіне алдағы уақытта мал санын өсіруге де атсалысу керек деген кеңес берді.
Мал басын арттыру мәселесі аудандағы шаруа қожалық жетекшілерімен өткен кездесуде де көтерілді. Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Сәуле Қойшыбаева биылғы егін түсімі өткен жылғыдан жақсы болатынын баяндады. Оның айтуынша, кейбір қожалықтарда күзгі бидайдың өнімділігі 30 центнерге жетіп жығылса, кейбірінде жазғы бидай алқабының әр гектарынан 32,8 центнер өнім алынған. Аудан бойынша жалпы өнімділік 28,5 центнер көлемінде болады деген болжам бар. Орақ науқанына 227 комбайн кіріскенін айтқан Сәуле Қойшыбаева орылған өнімді қабылдайтын 29 астық кептіргіш кешен, бір қойма, 49 қамба дайын екенін мәлімдеді. Облыс басшысы ауданда мал санының көбеймей тұрғанына алаңдаушылық білдірді.
-Араларыңыздағы көпті көрген көнекөздер мұндағы топырақтың құнары қазіргіден екі есе мол астық алуға болатынын айтып жүр. Ондай өнім алу үшін Фарид Абитаев сияқты жаңа технологияларға көңіл бөлу қажет. Батыс елдерде қанша гектар жер болса, сонша мал ұстауға болатыны ғылыми түрде дәлелденіпті. Ауылдастарыңыз жыл он екі ай жұмыспен қамтылуы үшін мал шаруашылығына да көңіл бөлулеріңіз қажет. Болашақта Зырян ауданы етпен өзін-өзі толық қамтамасыз ету тиіс, – деді облыс әкімі.

Жылына 1700 тонна сүт өндіруді жоспарлап отыр

Зырянда 245 орындық жекеменшік балабақша ашылды

Осы үдеден шығып, егіншілікпен қоса мал шаруашылығына да көңіл бөліп отырған аудандағы санаулы шаруаның бірі – Петр Дяглев. «Среднегорненский» ЖШС директоры Шірікқайың ауылындағы сиырға арналған қоражайын жыл сайын кеңейтіп келеді. Соңғы екі жылда қоражайдың сыйымдылығы 600 орынға кеңейген. Мұнда сиырлар байланбайды. Темірден жасалған дәліздер олардың бір-біріне кедергі жасамай қоректенуіне және қозғалуына арналған. Жаңа қондырғымен жарақталған сауын залы бір сағатта 120 сиырды қабылдайды. Шаруа қоражайды кеңейтуге кеткен шығынды төрт жылдың ішінде ақтап алатынына сенімді. 2015 жылдан бастап бұл кешен толық қуатына еніп, жылына 1700 тонна сүт өндіретін болады.
Бұдан кейін өңір басшысы аудан орталығының Қаюпов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарымен танысты. 700 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген жөндеу жұмыстары қараша айының ортасына дейін бітуі тиіс.
Зырян қаласында 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан \”MiraMed» ЖШС-не бас сұққан аймақ басшысы ондағы халыққа қызмет көрсету сапасына назар аударды. Мұндағы 16 дәрігер күн сайын 50 адамға қызмет көрсетеді. Аталмыш мекемеге моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында үш млн. теңге грант бөлінген. Ол қаржы кешеннен күндізгі стационар бөлімін ашуға жұмсалыпты. Серіктестік директоры Әсем Имамбаева мемлекеттің
бергеніне қарап қалмай, жеке қаражатқа медициналық қондырғылар алып жатқандарын баяндады.

Зырянда 245 орындық жекеменшік балабақша ашылды

Бұл күні аудан орталығында 245 орындық жеке меншік балабақша ашылды. Аталған нысан – аудандағы әлеуметтік серіктестік аясында ашылып отырған тұңғыш балабақша. Осыған дейін Өскемен қаласында екі бірдей балабақша ашқан Алмагүл Мыңбаева «Марат-Сұлтан» балабақша-бөбекжайлар желісін Зырянға да жеткізіп отыр. Бір жарымнан бес жасқа дейінгі балалар мұнда таңғы жетіден кешкі жетіге дейін уақыт өткізетін болады. Бұл қызмет үшін ата-аналар ай сайын 11 мың теңге төлейді. Аталмыш тәрбие ошағының арқасында ауданның балабақшамен қамтылу көрсеткіші 95,9 пайызға жетіп отыр. Балабақша орын тепкен ғимарат 20 жылдық үзілістен кейін қайтадан ел игілігіне берілді. Аймақ басшысы Алмагүл Мыңбаеваға шалғайдағы Зырян қаласына да көңіл бөліп, балабақша ашып отырғаны үшін алғыс білдірді.
-Бүгінде облыстың балабақшамен қамтылу деңгейі 97,8 пайызға жетіп отыр. 2015 жылы бұл керсеткішті 100 пайызға толтыруымыз керек. Егер мемлекеттік тәрбие ошақтарын ашумен шектелсек, бұл межені орындау қиынға соғатын түрі бар. Сондықтан әлеуметтік серіктестік аясында балабақша ашу ісіне барынша қолдау танытып келеміз, – деді облыс әкімі.

Мал басын арттыруға баса мән беру қажет

Ауданның активімен болған кездесуде аймақ басшысы Зырянның әлеуеті толық пайдаланылмай жатқанын баса айтты. Әсіресе, мал басының санын арттыруда зыряндық шаруалар енжарлық танытып келеді. Облыс әкімі Үкіметте мал басын арттыруға ықпалы тиетін заңнамалық өзгерістер дайындалып жатқанынан хабар бере келе, алдағы уақытта тек егін шаруашылығымен ғана айналысқан шаруаларға салық көбейтілетінін, ал егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қатар жүргізгендер үшін салық жеңілдетілетінін ескертті. Аудандағы мерзімінен кешіккен құрылыстардың жағдайына тоқталған аймақ басшысы бұл мәселеге құқық қорғау орындары да араласып жатқанын жеткізіп, аудан әкіміне қымбаттаған азық-түлік бағасын қалпына келтіруді тапсырды. Кездесуге қатысушылар тарапынан Зырян-Майқапшағай бағытындағы теміржол құрылысы, Ресейдегі ахуалдың біздегі бағаға әсері, тұрғындардың жылу мекемелері алдындағы борышы сынды мәселелер жөнінде сауалдар жолданды. Зырян-Майқапшағай бағытындағы теміржол құрылысына инвестор табылмай отырғанын түсіндірген облыс басшысы шаруа қожалықтарының жетекшілерін алынған өнімді сатуға асықпауға шақырды. Бірінші кезекте жергілікті тұрақтандыру қоры халыққа қажетті азық-түлікпен толық қамтамасыз етілу керектігі де ескертілді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button