Қоғам

«Ер Төстік» – ерекше балабақша

Бейсенғазы Ұлықбек

Ерекше сәулеті алыстан менмұндалайтын, екі қабатты етіп заман талабына сай салынған аудан орталығындағы «Ер Төстік» балабақшасының жұмысы басқа мектепке дейінгі мекемелерге үлгі боларлық.

– Тәрбиеші сәбилерге білім, өнеге беретіндіктен олардан талап ететінім – білімділігі мен ұстазға тән қасиеті, бүлдіршіндерге анасы орнында аялай қарап, жылылық танытып, қамқорлық көрсетуі. Осы мақсатта мекемеде инновациялық білім жүйесі енгізіліп, кеңінен пайдаланылып келеді. Сабақ кезінде алты топта да инновациялық технологиялар, яғни ойын, сыйлық беру, сәбилердің денсаулықтарын сақтау технологиялары қамтылады. Сондай-ақ ақпараттық-коммуникативті технологиялар қолданылады. Бақшада қазір 140 сәби әріп танып, денсаулығын нығайтып, тәлім алып жүр, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлнар Қабаева.

2015 жылы ашылған балабақшаның тәжірибесі, әдістемесі басқа сәбилер үйіне қарағанда көш ілгері.

Бұл шаңырақта ұзақ жыл еңбек еткен ардагер тәрбиешілер баршылық. Олар – Анна Чакинова, Лиза Аринова, Қанипа Момбаева, Үміткен Қалиева. Бұл ұстаздар мамандарға ақыл-кеңес беріп, іс-тәжірибелерін ауданға таратып отырады. Олардың ізін басып келе жатқан жас мамандар – Айнұр Сұртаева, Гүлназ Далекина, Айгүл Бекбосова, Жаңыл Серікбаева, Қырмызы Ысқақова, Жұлдыз Башаева, Светлана Жұмағұлова, Гүлнар Тохтиева. Балабақша ұжымы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, білім бөлімінің, аудан әкімінің мақтау қағаздарымен марапатталып келеді.

– Бізде тәжірибелі, санатты мамандар еңбек етеді. Ұстаздар ата-аналармен бірге мерекелік іс-шараларды, тәжірибе алмасу тренингтерін ұйымдастырады. Бақшада мемлекеттік тілмен қоса орыс тілі оқытылады. Тіл мамандары үнемі шығармашылық ізденісте. Басқа ұлт балалары Абайдың өлендерін жатқа айтады, – дейді отыз жыл қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз Гүлнар Жақанқызы.

Мәселен, «Үркер» республикалық интеллектуалды марафонына 14 бала қатысып, алты бала дипломмен марапатталды, қалғандарға сертификат табысталған. Ресейде өткен «Веселый карусель» халықаралық байқауында «Ақбота» тобының тәрбиеленушілері Ақжан Қаниева мен Әсем Бокомбаева екінші орын иеленіпті.

 

Үржар ауданы.

шартты сурет

Осы айдарда

Back to top button