Ер мұғалімдердің ұрпақ тәрбиесіндегі орыны

Этнопедагогикада маңызы зор мақалдардың бірі – «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Мұнда әкенің, яғни ер азаматтың патриоттық, ұлтжандылық, отаншылдық тәрбиедегі орны бір-ақ ауыз сөзбен жеткізілген. Осыған орай, халықтық, ұлттық рухты оятқан, этнопсихологияны зерттеген ғалым Шоқан Уалиханов еді. Көне дәуірден бастауын алған халықтық педагогиканың негізінде, ғылыми педагогика дамыды. Өзгермелі қоғамның ізімен педагогика ғылымы да жалғасады. Ал, бүгінгі таңда «Мәңгілік қазақ елі» болуда, тәуелсіз ел ұрпағын тәрбиелеуде, ұлттық педагогика таптырмас құралға айналды. Бұл туралы В.Сухомлинский: «Халықтық педагогика нағыз тірі құрал – даналық көзі» деген екен. Ұрпақ болашағын ойлайтын нағыз тәлімгер, ер мұғалімдердің өзіндік педагогиқалық психологиялық, табиғи, қоғамдық ерекшеліктері бар.
«Егер, әке үйде болмаса, онда бір қабырғасының жоқ болғаны» дейді халық даналығы. Әке-отанның, отбасының қорғаушысы. Қазақтың жайсаң мінезі бұзылса, ата дәстүрден, халықтық тәлім-тәрбиеден ажырап, алшақтағандығын көрсетеді. Сондықтан, ер мұғалімдер әрі шаңырақ иесі, әрі ата дәстүр мен ата текті, адамдық пен жауапкершілікті, өзгермелі қоғам қажеттіліктерін ұрпақ санасына жеткізуші болып саналады. Ер мұғалімдер мен шәкірттер арасында, рухани қатынастар, ұлттық дәстүрлер, имандылық сапалар, үздіксіз қалыптасып, дамып отырса, жас ұрпақ ұлтжандылықты, борышты мойындау сезімдерін жеңілірек үйренеді. Мектеп пен отбасы тәрбиесі етене жақындай түседі.
Ер мұғалімдердің шәкірттерді намыстандыру әдісін қолдануы ең жақсы қаруы. Ар-намысты сақтау қазақтың қанына сіңген қасиет. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», немесе «Ердің екі сөйлегені өлгені, еменнің иілгені сынғаны» деген халық. Ер мұғалімдер тәрбие ісіне араласса ғана, шәкіртердің мінез-құлқына әсер етерліктей шынайы тәрбиелеу мүмкіндігі болады.
Оқу орындарындағы әртүрлі тақырыптық тәрбиелік шаралар, бағдарламалар, жасанды орта жетілгенімен, ер мұғалімдерді алмастыра алмайды. Ер мұғалімдердің тәрбиелік ықпалы шәкірттермен тікелей байланысқа тәуелді.
Сан ғасырлар бойы педагогика тарихын, педагогика ғылымын, әдіснамасын, зерттеген тәжірибелік қорын байытқан, ұлы ғұламалар ер адамдар болған екен.
Тіпті, 20-шы ғасырдың 60-70 -інші жылдарында педагогика саласында еңбек еткен ерлердің сандық – сапалық басымдылық көрсеткіштерін мына төмендегідей фотосуреттерден көруге болады. 1969 жылы Республикалық курсқа қатысқан тірек мектептердегі директорлардың саны 70 болса, соның 62-сі, ер адамдар да, қалған 8-і ғана әйелдер.
Гендерлік саясатта әйелдер мен ерлердің әлеуметтік статустары теңгерілді. Ерлер мен әйелдер арасындағы еңбек бөлінісі өндірістік, саяси әлеуметтік тағы басқа қоғамдық салаларда жойылды. Бұл салаларда ерлердің орнын әйелдер ауыстырады. Ал, тәрбие саласында әйелдер ерлердің орнын ауыстыра ала ма? Егер, отбасында үй иесі әйел болса, сөз жоқ тәрбиеде қарама-қайшылықтар туындайды. Ұлдар тәрбиесінде, болашақта қандай әке болатынын, әке тәрбиесін көргендер білетін болады.
Жаңа ғасыр, үздіксіз даму, тірішілік иесі адами құндылыққа, қоғамдық қажеттілікке тәуелді. Адамның өмірі уақыт заңына қатаң бағынышты. Мектептерде негізгі ғылыми пәндерді оқытып тәрбиелейтін ер мұғалімдер саны арта түссе, ер ұстаздардың өнегесі жаңаша өсіп өнер еді .
Асқарбек Аманжолұлы
тарихшы
Өскемен.