Қоғам

Ер Қасымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Жеңіс мерекесінің қарсаңында өскемендіктер Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті.

Ер Қасымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды«Ер есімі – ел есінде» деп, ел тегін айтпаған. Ескерткіш маңына жиналған қалың көпшілік баһадүр жерлестерін еске алды. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков даңқты батырдың ерлігін дәріптеді.

– Қасым батыр қашанда Ұланын, Асубұлағын, Шыбындыкөлін сағынып отырушы еді. Ол туған жеріне шамасы жетсе, жылына бір келіп, Тайынтысының топырағына аунап-қунап қайтпаса көңілі көншімейтін. Тіпті, о дүниеге аттанар алдында да «Мені елге апарып жерлеңдер» деп уәж айтқан екен жарықтық. Бірақ ұлт зиялылары Қасымды күллі қазақтың батыры, сол себепті оның Алатаудың етегінде Бауыржан батырмен қатар жатқаны дұрыс деп шешіпті. Қасым батырдың ерлігі қазақ жастарына үлгі болуы керек, – деді өз сөзінде Түсіпхан Түсіпбеков. Сонымен қатар даңқты партизанға құрмет көрсетуге келген Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев, қалалық ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Мұқатай Шаяхметов және батырдың туысы Бағлан Райымханов сөз сөйледі.

Әскери әуеннің ырғағымен салтанатты түрде мектеп оқушылары да батыр аталарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Тағы бір айта кетер жәйт, мамырдың 3–6 аралығында, облыс орталығында партизан Қасым Қайсеновты еске алуға арналған бокстан облыстық чемпионат өтпекші. Ұйымдастырылып жатқан спорттық шараға облысымыздың 81 былғары қолғап шеберлері қатысып, бақ сынамақ. Аталмыш чемпионат алғашқы рет өткелі отыр, бұдан былай ауқымы кең спорттық шара дәстүрлі түрде жыл сайын жалғаспақ. Осынау сайысқа келген спортшы жастар да аталарының ескерткішіне тағзым етті.

– Батыр ескерткішіне гүл қойған сәтте сондай бір тебіреністі сәтте болдым, Қасымның рухы бойыма күш бітіргендей. Ол біздің жерлесіміз, сондықтан Қасым атамыздың ерлік ісін біздер үлгі және мақтан тұтуымыз керек, – дейді бүгінде бокстан ел чемпионы атанып жүрген жас спортшы Әділет Құрметов.

Қасым Қайсенов Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін дұшпанның ең қауіпті нүктелерінде партизандық ұрыстар жүргізген батыр. Майдангер жазушы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысының» бірінші дәрежелі орденімен екі рет, «Богдан Хмельницкий» орденімен, «Чехословакия партизандары», Украинаның «За заслуга» және басқа да көптеген ордендерімен марапатталған. Қасым Қайсенов халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты. Тәуелсіздігімізді алып, мемлекеттік марапаттарымыз бекітілген соң 1995 жылдың 24-ші сәуірінде Елбасы Жарлығымен батырға «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button