Қоғам

Ер адамды бір ажалдан алып қалды

Өскемендік әскери қызметкер өртеніп жатқан үйдің ішінен қарияны алып шығып, оның өмірін сақтап қалды.

Оқыс оқиға қаладағы Высоковольтная көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде болған. Көрші үйдің өртеніп жатқанын байқаған сержант Ризабек Қанапиянов еш ойланбастан оқиға орнына жетеді де туысқаны Манарбек Ауғанбаев екеуі тілсіз жаудың бетін қайтаруға кіріседі. Сол кезде арғы жақтан көмек сұрап жанұшыра айқайлаған дауыс естіледі. Бір сәтке де кідіруге болмайтынын білген Ризабек отқа оранған үйдің ішіне қойып кетеді. Ішке кірген бойда төсектен тұруға шамасы жетпей жатқан ер адамды көреді. Шалт қимылдап, ер азаматты сыртқа аман-есен алып шығады. Дереу жедел жәрдем шақырады. Түтіннен уланған үйдің иесі ауруханаға жеткізіледі. Ал шұғыл жеткен өрт сөндіру қызметі қызыл жалынды толық сөндіреді.

Осы оқиғадан кейін ер адамды бір ажалдан құтқарған бейбіт күннің батырлары – Ризабек пен Манарбекке көршілері алғыс айтып, ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Бүгінде Ризабек Қанапиянов Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің сержанты, ал Манарбек Ауғанбаев №46 мектептің алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы болып қызмет атқарады.

Бағдат Амангелді, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы

баспасөз қызметінің бастығы

Осы айдарда

Back to top button