ТОП

Епископ Амфилохий: – Әскери оқуды жүрегім қаламады

Рухани келісім

Шіркеу қызметшісі спортпен айналыспайды деп кім айтты? Ол да бәріміз сияқты ет пен сүйектен жаралған адам. Оның да отбасы, жеке өмірі, қызығушылықтары бар. Өңіріміздің православ христиандары Амфилохий деп білетін Өскемен және Семей епископы Андрейді алғаш рет жаттығу залынан көргенде осындай ой түйдік…

Үстінен қара шапанын тастамайтын, жүзінен мейірім төгіліп тұратын осы бір дін өкілімен барша православ христиандарының қасиетті мейрамы – Рождество қарсаңында сөйлесудің сәті түсті. Бұл мерекені христиан қауымы Хазіреті Иса (ғ.с.) пайғамбардың өмірге келген күні ретінде 7 қаңтарда атап өтетінін айта кеткен абзал. Інжілдегі аңыз бойынша дәл осы түні Бейт-Лахм қаласында Иса (ғ.с.) жарық әлемнің есігін ашыпты. Демек мұсылмандар үшін Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың туған күні –  Мәулiт мейрамы қаншалық маңызды болса, православтар үшiн Рождествоның да мәні соншалықты. Олардың танымында, Рождество адамзат баласын сүйiспеншiлiкке, бейбiтшілiк пен рақымшылыққа, жақсылыққа, қайырымдылыққа, жалпы жұмыр басты пенденің бір-бірін сүйе білуіне үндейтін ерекше мейрам. Бұл түні шіркеулерде құдайға табыну рәсімдері өтедi. Рождество алдындағы ауыз бекiту аяқталып, мерекелiк дастархан жайылады.

– Рождество – бүкіл әлемде аталып өтетін жарқын мереке. Бұл күні міндетті түрде туған-туысқандарға, достарға қонаққа барып, мейман болу керек. Әсіресе осы күні тұрмысы төмендерге ерекше назар аударып, сыйлықтар жасаған дұрыс, – дейді Өскемен мен Семей епископы Амфилохий.

Осыдан 16 жыл бұрын елімізде Құрбан айт пен Рождество мерекелерi демалыс күні болып жарияланды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бiз адамдарды мейiрiмдiлiкке шақырып, сүйiспеншiлiк пен рақымшылыққа баулитын барлық дiнге бiрдей құрметпен қараймыз. Сондықтан Рождество мен Құрбан айт мейрамы бiзде демалыс күндерi болуы тиіс» деген еді. Жалпы, Иса (ғ.с) пайғамбардың туған күні халқының басым бөлігі христиан дінін ұстанатын көптеген елдерде кең ауқымда аталып өтеді.

 

Еліміздің барлық шіркеуінде қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні ғибадат рәсімдері өтеді. Мереке кезінде дос-жаран, тума-туыс бір-бірін ізгі ниетпен құттықтап, жоқ-жітік адамдарға садақа таратып, қамкөңіл жандарды қуантып, жетімдерге тарту-таралғылар жасаған жөн деп саналады. Сонда ғана құдайдың шапағатына бөленеді деген наным бар.

Ғасырлар бойы қазақ даласында түрлі діндегі алуан ұлттардың тағдыры ұштасып жатты. Соның нәтижесінде қазір елімізде 130 этнос пен 40 конфессия өкілдері бейбіт ғұмыр кешуде. Ұзақ уақыт бірге өмір сүргендіктен, ел тұрғындарында бір-біріне деген сыйластық пен құрмет дәстүрі қалыптасып отыр.

Рождество ізгі үміттер мен жақсылықтардың мерекесі болғандықтан, ол адамдарды игі істер жасауға, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге үндейді. Осынау мәңгілік құндылықтар, әсіресе, түрлі сенімдегі және этностағы адамдар тату-тәтті өмір сүретін Қазақстанда ерекше құрметтеледі.

Епископтың айтуынша, Рождествоға дейін православ христиандар қырық күндік пост (ораза) ұстайды. Ал мереке қарсаңында барлық діндарлар құдайға құлшылық ету үшін шіркеуге жиналады, діни жоралғылар таң атқанша жалғасады. Әдетте Рождество күні құдай үйіне аяқ басқандар тазалық пен пәктіктің белгісі ретінде ақ жамылып келеді. Ал ауыз бекіткендер кешкі алтыдан кейін, яғни аспанда алғашқы жұлдыз көрінісімен нәр тата алады. Бұл күні иконалар да ақ гүлдермен көмкеріліп, қабырғаларға жас қарағай бұтақтары ілінеді. Сондай-ақ бұрындары мереке күндері жастар жағы қызықты ойындар ұйымдастырып, үй-үйді аралап, ән салған екен.

Биыл өңіріміздегі православ христиандардың дінбасылары жұртшылықты  Рождество мейрамымен санитарлық талаптарды сақтай отырып атап өтуге шақырып отыр.

Облыстағы Рождествоға арналған басты құлшылық ету шарасы дәстүр бойынша Өскемендегі Әулие Андрей шіркеуінде өтеді. Тұрғындар ғибадатханаға тек бетперде тағып, әрі әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып кіре алады, орынжай іші 30 пайызға ғана толтырылады.

– Өкінішке қарай, бүгінде миллиондаған адам шектеу шараларын сақтауға мәжбүр, көптеген христиандар ұзақ уақыт бойы шіркеуге барудан бас тартып келеді, десек те коронавирус пандемиясы тоқтамай тұр. Әрине, барлық ниет еткен адамдардың шіркеу рәсімдеріне қатыса алмауы бәрімізді қынжылтады, – дейді Амфилохий.

Ол православие әлемі биылғы Рождествоны бұрынғыдай емес, аз адаммен қарсы алатынын айтты.

– Бұл – мәжбүрлі шара, сондықтан біз пандемияның алдын алу үшін бүкіл әлемдегі христиандар секілді сақтық шараларын бұлжытпай орындауға тиіспіз, – дейді епископ. – Күллі облыс тұрғындарын осы мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтауға, өздерін күтіп, жақындарына жанашыр болуға шақырамын.

Жалпы, епископ Амфилохий облыс жұртшылығына жақсы таныс, ол облыстың бас имамымен бірге түрлі қоғамдық іс-шараларға жиі қатысып жүреді. Дінбасының шын есімі – Андрей Бондаренко, оның бұрындары алюминий зауытында жұмыс істегенін, тіпті аз-маз сауда-саттықпен де айналысқанын біреу білсе, біреу білмес.

– Әкем де, атам да әскери адамдар болды, олар менің әскери жолды таңдағанымды қалады. Новосібірдегі жоғары әскери училищеге оқуға түстім. Бірақ жүрегіме жақын болмаған соң оқуды тастап, үйге оралдым, әрине, әке-шешем қатты ренжіді. Сосын кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, құрылысшы мамандығын алып шықтым. Одан соң екі жыл Чехословакияда әскерде болдым. Кейін біраз уақыт Тәжікстанның Тұрсынзада қаласындағы алюминий зауытында жұмыс істедім. 90-шы жылдардың басында досыммен бірге стоматологиялық құралдар шығаратын кооператив аштық. Содан соң Тәжікстанда соғыс басталып, Алматы облысының Текелі қаласында тұратын әжеме келдім. Күн көру үшін түрлі жұмыстар істедім. Бірде қалада салынып жатқан шіркеуге барып, сондағы діни қызметкермен кездестім. Ол күлімсірей жүріп ауыр жұмысты атқарып жатты. Біз көп сөйлестік… Осыдан бастап шіркеуде қызмет еткім келді. Алматы епархиялық училищесіне оқуға түсіп, оны 1995 жылы бітірдім, – дейді өңір епископы өзі жайында.

Атап өтерлігі епископ – біздің жерлесіміз, 1969 жылы 24 маусымда Күршім ауылында дүниеге келген. Бірақ алты жасында жанұясы Тәжік еліне көшкен. 1998 жылдан Өскемен қаласында қызмет етіп келеді.

Қолы босаған сәтте Амфилохий спортпен айналысады, әсіресе жалғыз серуендеуді ұнатады. Туған ауылында соңғы рет осыдан екі жыл бұрын болған екен. Былтыр баруды жоспарлағанмен, жаппай індет кедергі келтіріпті.

– Баршаңызды Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, қуаныш, тыныштық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке тілеймін! Барлық игі істеріңізге Жаратушы иеміздің өзі көмекші болсын! – деп тіледі мереке қарсаңында Өскемен мен Семей епископы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button