Қоғам

Эпилепсияны емдеудің жаңа әдісін меңгерді

Облыстық мамандандырылған медициналық орталығының нейрохирургтары вагус нервінің стимуляторын имплантациялау әдістемесін игерді. Құны шамамен 8 млн. теңге болатын жоғары технологиялы ота медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды.

Өскемендегі әріптестерімен тәжірибе бөлісу үшін аталмыш медициналық орталығына Астана қаласындағы президенттік клиниканың нейрохирургі Азат Шпеков келді. Елордалық мамандар орталықтың эпилептологтары, нейрохирургтары мен медбикелеріне VNS-терапия әдісін таныстырып, мамандардың сұрақтарына жауап берді. Операциялық бөлмеде аймақта алғаш рет вагус нервінің электростимуляторын имплантациялау отасы жасалды.

– Барлық елдерде халықтың бір пайызы эпилепсиямен ауырады. Осы аз инвазивті технологияның арқасында дәрі- дәрмекпен емдеуге төзімді эпилепсиямен ауыратын пациенттерде, жоқ дегенде, ұстамалардың туындау жиілігін төмендетуге мүмкіндік пайда болды, – дейді Азат Шпеков.

Осы күні операция жасалған екі пациентке дәрі-дәрмектер мүлде әсер етпейтін. Операцияға дайындық барысында мультидисциплинарлық бригада науқастарды  мұқият тексеріп, кешенді электрофизиологиялық зерттеулер жүргізді.

Мұндай ота миға емес, сол вагус нерві орналасқан мойынға жасалады. Хирургтар мойынға тілік жасайды да, нервті электродтармен қаптайды, нәтижесінде стимулятордан шығатын электрлік сигналдар солар арқылы өтеді (ол білекке тігіледі). Бұл сигналдар вагус нерві арқылы миға түседі де, сол жерде зардап шеккен жасушаларға әсер етеді.

– Бұл әдіс – әрине, панацея емес: операцияның әсерін күшейту үшін науқасқа қосымша дәрі-дәрмектер беріледі. Отаның басты артықшылығы – жасанды стимулдар ұстамалардың жиі қайталануын тежейді, пациенттің өмір сапасы біртіндеп жақсарады. Біз астанадан келген әріптестеріміздің білімдерімен бөліскендеріне қуаныштымыз, шеберлік оқуы арқасында операцияның бұл түрі енді біздің өңірде де қолжетімді, – деп атап өтті орталықтың инновациялық медицина бөлімшесінің меңгерушісі Жандос Уап.

Айта кетейік, Қазақстанда вагус нервінің стимуляторын имплантациялау МӘМС бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету шеңберінде жүзеге асады. Мұндай операцияның құны шамамен 8 млн. теңге, алайда пациенттер үшін медициналық сақтандыру есебінен тегін екенін еске саламыз.

Осы айдарда

Back to top button