Тұлға

ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРМЕК…

Өткен күндердің тарихи жылнамаларына көз жүгіртер болсақ, қазақтың көш бастаған көсемдері мен сөз бастаған шешендері, анталаған жаудан елі мен жерін қорғап қалған батыр ұлдары, сондай-ақ басқа да абыздары мен аңыздары аз емес.

Алғаш Тәуелсіздік алған жылдары есімдері 70 жыл бойы ескерусіз қалып келген жаужүрек батырлардың да, аузымен құс тістеген небір жүйрік ақындар мен дуалы ауыз би-шешендеріміздің де құрметіне ұлан-асыр ас беріліп, туған жерлерінде ат шаптырып, жер-жерде ескерткіштері бой көтеріп, елді мекендер мен көшелерге  есімдері беріліп жатты. Орыс отарының езгісін көрудей-ақ көріп, көнудей-ақ көнген қазақ халқы дәл осы тұста: «Өлгенім тірілді, өшкенім жанды!» деп бір серпілген болатын.

Одан бері де бірқыдыру уақыт өтіп кетті. Алайда ел ішінде өзіндік болмыс-бітім, тағдыр-талайымен, ерекше кәсіби мамандығымен және т.б. жақсы қасиеттерімен көп құрметіне лайық болса да, құрметтен қағыс қалып, елеп-ескерусіз қап қойып жататын жандар да болады екен. Солардың бірі – қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы, әріптестері арасында «көк перісі» атанған Жақыпбек Малдыбаев.

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби ұшқыш Ж.Малдыбаев мүлдем ескерусіз, тіптен аты аталмай, түсі түстелмей қалды десек, мұнымыз жалған болар еді. Оқырмандарымыздың есінде болар, шебер ұшқыш жайында көп жылдардан бері шығармашылық ізденісте жүрген ардагер журналист әрі ғалым Қасымов Айтмұхамбет ағамыздың Didar газетінің бірқатар санында  материалдары жарияланып, 2007 жылы ұшқыш жерлесіміздің 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы ЖАҚЫПБЕК МАЛДЫБАЕВ» деген атаумен естелік кітапшасы да жарық көрген.

Сол 2007 жылы Өскемен қалалық мәслихатының шешімімен Аблакетка аумағындағы бұрынғы Ермак көшесі қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаевтың атына беріліп, ұшқыштың немере інісі Болат Малдыбаевтың бастамасымен, (өз қаржысына) Аблакетка ауданындағы Жақыпбек Малдыбаев көшесінің бойына ұшқышқа арналған ескерткіш-тақта орнатылған.

Бұл енді, қазақы тілмен айтқанда, «Азаматтың әруағы өкпелемесін» дегенге саятын, «болмашы ғана ырым» деуге келеді. Ұшқыштың бейнесі кескінделіп, туған, қайтқан жылдары қара мәрмәрға қашалып жазылған шағын ғана ескерткіш-тақта, сонадайдан менмұндалап та тұрған жоқ. Тұрған жерінің өзі, күнұзақ көлік қозғалысы бір толастамай, қайшыалысып жататын күре жолдың бойында, аса бір қолайсыз жерде.

Алайда осы бір елеусіз ғана ескерткіш-тақта айналасы бір-ер жылда көрмегенді көрді. Кімге және неден жазықты боп  қалғандығын кім білсін, әйтеуір ұшқыштың құрметіне қойылған осы бір шағын ескерткіш тақтаны әлдебір «көзге көрінбейтін қаскөйлер» жыл сайын тас-талқан етіп қиратып кетуді әдетке айналдырып алды. Ұшқыштың туысқандары қираған ескерткіш тақтаны жөндеуден, ал, әлгі қаскөйлер қиратудан шаршамайтын болды. Бұл бейбастақтықтың қанша рет қайталанғандығы және біздің сауысқаннан сақ, қыраннан қырағы сақшыларымыз ол оңбағандарды ұстап жауапқа тартқан, тартпағандығы бізге белгісіз.

Белгілісі, осыдан үш жыл бұрын кәсіби әскери ұшқыш Ж.Малдыбаевқа арналған бір емес, бірнеше мәрте әлдекімдерден қорлық көрген сол ескерткіш-тақтаны, ұшқыштың туған жері Күршімге «жер аударып» жіберіпті.

Әлгі:  «Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қуғын көрген арқадағы», – деп Мәдидің жырлағанындай, тұңғыш ұшқышымыз да Өскеменнің көбедей көп көшесінен орын таппай, ақыры Күршімдегі Ж.Малдыбаев атындағы көшенің бойына барып жайғасқалы жатқан көрінеді.

– Ұшқыштың Аблакетка аумағында тұрған ескерткіш-тақтасын неге алып тастадыңдар? – деп сауал жолдағандарға қалалық әкімдіктегілер: – Осыған дейінгі тұрған жері ескерткіш басына келімді-кетімді адамдарға тым қолайсыз, – деп қысқа да, нұсқа жауап қайтарған көрінеді.

Биыл мамыр айында Жақыпбек Малдыбаев ағамыздың дүниеге келгеніне 115 жыл толмақ. Осы датаға орай облыс көлемінде қандай да бір мерейтойлық шаралардың ұйымдастырылып жатқан-жатпағандығын әзірге ести қоймадық.

Ал Ж.Малдыбаевқа үш қайнаса сорпасы қосылмаса да, ұшқыш жерлесіміздің өмірбаянын зерттеп, жоғын жоқтап жүрген А.Қасымов бұл жолы да қол қусырып қалмапты. Ол кісінің қала басшылығына әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевқа арналған ескерткіш-мүсін орнату мәселесі бойынша жазған өтініші Өскемен қалалық әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде қаралып, аталған ескерткіш-мүсінге қаражат бөлініпті. Әзірленген эскиздік жоба талқыланып, барлық келісулерден кейін ескерткіш-мүсінді орнату жұмыстары басталатын секілді.

Осындай «Ақжолтай» хабарымен редакцияға келіп қалған Айтмұхамбет ағамыздан: – Ендігі ескерткіш-мүсін тағы да сол бұрынғы «құтты» орнына орнатылатын бола ма, болмаса жергілікті атқамінерлер ұлтымыздың мақтанышы бола білген ұшқыш ағамыздың ескерткіш-мүсінін орнататын қолайлы әрі көрнекті жер телімін берер ме екен? – деп сұрап қалғанбыз.

– Иә, Өскемен қалалық әкімдігі Жақыпбек ағамызға қолайлы әрі көрнекті жер бөлетін болды, – дейді қуанышын жасыра алмаған ағамыз.

Айтмұхамбет ағамыздың айтуына қарағанда ұшқыш жерлесіміздің болашақта жасалатын ескерткіш-мүсіні, Алла қаласа, Аблакетка бағытындағы Қабанбай көшесі аяқталып, Ж.Малдыбаев көшесі басталатын тұстағы шығаберіс қайқаңдағы қолдың сол жағындағы жанама жартастың түбінен орын тебетін болыпты. Оң жағыңызда – Ертіс өзені.

Аблакеткаға бастап апаратын осы көшенің атауы да ұшқыш ағамыздың атымен аталатын көрінеді. Жартас пен жолдың арасында әжептәуір бос жатқан жердің бар екендігі де рас. Дәл осы жерге қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаевтың ескерткіш-мүсіні орнатылып, сол жерден – Аблакетка бағыты бойында «Ж.Малдыбаев атындағы аялдама» ашылса, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін жолдың қарсы бағытындағы ескеркішке кесіп өтетін арнайы жол белгілері қойылып, жолақ сызылатын болса, бұл – сөз жоқ, өте тамаша жоба болайын деп тұрған секілді.

Ендігі мәселе – аталмыш ескерткіш-мүсіннің тағы да «ақ болды, көк болды» демей, айтылған уақытында сәтімен орнатылып, салтанатты ашылуына ел куә болып жатса. Онда бұл ескерткіш ұшқыш ағамыздың 115 жылдығына арналған зор тарту болар еді…

Ісімізге сәттілік берсін!

P.S. Қазақ «Сый қылсаң, сыпыра қыл» деген. Өскемен қалалық әкімдігі қазақ халқының біртуар ұлы, өз заманында әуе техникасын жетік меңгерген, ұлтымыздың мақтаны Жақыпбек Малдыбаевқа арнайы жер бөліп, ескерткіш-мүсінін орнататын болғасын, ол ескерткіш дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей еңселі әрі әдемі (композициялық кешен) болса екен деген тілегіміз бар.

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button