Қоғам

Еңбек шарттары электронды нұсқада жасалады

Ержан Әбіш

Елімізде электронды еңбек шарттары жинақталатын жүйе әзірленуде. Соның арқасында жұмысқа орналасатын адамдар бұрынғыдай құжат жинамайды. Тек электронды қолтаңбаның болғаны жеткілікті. Жұмыс беруші барлық қажетті ақпаратты жүйеге кіріп, өзі қарай алады. Жаңашылдық жалған құжат айналымы мен қағазбастылықты едәуір азайтады. Бұл туралы облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов «Электрондық еңбек шарттары» бағдарламасының іске асуы туралы брифингте мәлім етті.

 Жаңа жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді

2018 жылдың 1 қарашасынан бастап enbek.kz порталында кадрлық есептің ақпараттық жүйелері жоқ ұйымдар үшін еңбек шарттарын тіркеу бойынша сервис іске қосылды. 2021 жылғы 4 мамырда Мемлекет басшысы «Кейбір заңнамалық актілерге еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Еңбек шарттарын тіркеу үшін жұмыс беруші www.enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталында тіркелуі, кәсіпорын туралы мәліметтер электрондық-цифрлық қолтаңбамен расталуы тиіс.

– «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына кірген көрсеткіштердің бірі – «Электрондық формада тіркелген еңбек шарттарының үлесі» және ол биыл 85%, келер жылы 100% болуы керек, бұл көрсеткіш облыс әкімінің рейтингіне енеді, – деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара еңбек қатынасының ашықтығын қамтамасыз ететін, еңбек шарттарын жасасу кезінде қағаз еңбек кітапшалары мен қағаз құжаттардан бас тартуға, сондай-ақ зейнетақыны проактив түрде тағайындауға мүмкіндік беретін электрондық еңбек шарттарын енгізу бойынша түсіндіру жүруде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тіркелген электрондық еңбек шарттарының үлесін 85%-дан 90%-ға ұлғайту туралы шешім қабылдады немесе 2022 жылы 8120 кәсіпорын еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне 102 602 еңбек шартын енгізуі қажет.

Электрондық еңбек биржасының порталына электрондық еңбек шарттарын енгізу бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы облыстық үш жақты комиссия отырыстарында 1 наурызда, 18 мамырда қаралды, қала-аудан әкімдеріне осы жұмысты бақылап, жандандыру тапсырылды.

– Электрондық еңбек шарттары іске қосылғаннан бастап облыста 21 511 кәсіпорын 522 571 еңбек шартын енгізді, оның ішінде осы жылдың басынан еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жоспарланған 8120 кәсіпорынның 4388-і (54%), 102607 еңбек шартының 79188-і (77%) енгізілді, – деді Бақытбек Қизатов.

Осыған байланысты, электрондық еңбек биржасы порталында электрондық еңбек шарттарын енгізу бойынша жұмыстарды жүргізу үшін ерекше назар аудару қажет.

Мемлекеттік органдарға «е-өтініш» беруге болады

«Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында өткен жылдың 1 шілдесінен бастап барлық мемлекеттік органдарда Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекске негізделген билікпен даулардағы азаматтар құқығын күшейтуге арналған «е-өтініш» бірыңғай электрондық жүйесі енгізілді.

«Е-өтініш» электронды өтініштері мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін, азаматтардың өтініштерін қараудың ашықтығын арттырады.

– Басым мақсат – өтініш берушілердің құқығын қорғау, ресми бас тартулар мен қағазбастылықты болдырмау. Мемлекеттік органдар міндеттерінің тізбесі елеулі түрде кеңейтілуде. Мысалы, өтініштерді қарау нәтижесі бойынша азамат үшін қолайсыз акт шығарылғанға дейін өтініш берушінің позициясын алу мақсатында әкімшілік орган жүргізетін тыңдау рәсімі енгізілуде. Енді әкімшілік рәсімге қатысушыға тыңдау немесе әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін қажет өзге де іс-шараларды өткізу уақыты мен орны хабарланады. Яғни, азаматтың қандай да бір жолмен құқықты шектейтін түпкілікті шешім қабылдағанға дейін тыңдалуына кепілдік бар, – деп түсіндірді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.

Өтініштер негізінде қозғалған әкімшілік рәсімдерді қарау мерзімі өзгерді, ол – өтініш түскен күннен бастап он бес жұмыс күні, бұрын күнтізбелік 30 күн қаралатын.

Енді кез келген азамат мемлекеттік органдарға шағым, онлайн петиция, өтініш жолдап, сол арқылы кері байланыс жасай алады, өтініштердің қаралу мерзімін, оның өңделу сапасын бақылай алады.

Айта кету керек, E-otinish сайтында әр өтініш міндетті түрде қысқа мерзімде өңделетін болады.

Жыл басынан 1074 өтініш түсті, оның 977-сі белгіленген мерзімде қаралды, қалған 97-сі қаралуда.

Жұмыс беруші онлайн кеңесшіге жүгіне алады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек ресурстарын дамыту орталығымен бірлесіп, «Онлайн еңбек консультанты» өзін-өзі тексеру сервисін әзірледі, ол жұмыс берушіге өз қызметін еңбек заңнамасы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруге мүмкіндік береді.

– Сервис жұмыс берушіге еңбек саласындағы құжаттаманы дайындау және жүргізу процесін жеңілдетуге, еңбек жағдайын жақсарту бойынша жәрдем көрсетуге арналған, – деді Бақытбек Қизатов.  – Осы сервис аясында тексеру жүргізу жасырын болып табылады және жұмыс берушіден тіркелуді талап етпейді, тек еңбек жағдайы, жұмыскерлер құрамы және басқалар бойынша сауалнама толтыру қажет.

Осылайша, осы қызметті пайдалана отырып, жұмыс беруші еңбек заңының қыр-сырын түсіне алады, ұйым құжаттарының құқықтық нормаларға сай келетінін анықтай алады, еңбек инспекциясы талаптары бойынша түсініктеме ала алады.

Өзін-өзі тексеру нәтижесі бойынша сервис еңбек кодексі талаптарын бұзушылықтарды көрсетіп, оларды жою бойынша ұсыныстар береді. Демек, жұмыс беруші онлайн-кеңесшінің ұсыныстарын орындап, бұзушылықтарды жою арқылы нақты тексеру кезінде салынуы мүмкін айыппұлдардан құтыла алады.

Қазір қызмет аясында өзін-өзі тексеруге арналған жұмысқа қабылдау, жұмыс кестесі, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау сынды бірнеше тақырып бар. Сауалнамалар 12 тақырыптық тексеру парағына орналасқан және бұзушылықтардың ауырлығын анықтауға көмектесетін 80-ге жуық сұрақтан тұрады.

Сервис пилоттық режимде жұмыс істейтіндіктен оның жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар support-ehr24@enbek.kz поштасына жіберуге болады.

Сондай-ақ еңбек инспекциясы басқармасының басшысы 2020 жылғы желтоқсанда «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бекітілгенін жеткізді. Әзірлеушісі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы», иесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып табылатын жүйені еңбек инспекторлары қолданады. Жүйенің мақсаттары – ақпаратты көрсету форматтарының жеделдігі, толықтығы, дұрыстығы, ыңғайлылығы есебінен басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыру, еңбекті қорғау және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін органдар қызметінің ақпараттық ашықтығы мен айқындығын арттыру, қаржылық шығындарды азайту.

Осы айдарда

Back to top button