Қоғам

ЕҢ МЕЙІРІМДІ МЕКЕН ЕДІ

Менің замандастарым, соғыстан кейінгі ұрпақтар ерте есейді. Ес біле бастағанда елде соғыстың зардабы білініп тұратын. Майданға кеткені көп, аман-есен оралғандары саусақпен санарлықтай. Ауылда колхоздың негізгі шаруасын шал-шауқан атқаратын. Бірен-сараң броньмен қалғандар бар. Ержетіп келе жатқан ұлдарды ФЗО-ға, қалғанын бригадирлер сабақтан шыға сала шөпке әкетіп, оқу басталғанша үй бетін көрмейтін.

Шешелеріміз сауыншы, 20-25 бес сауын сиырдың иесі, суалғандарын жаңа төлмен толықтырып тұратын. Жұмысы ауыр, екі уақыт сауып, сүтті құлағын екі кісі айналдыратын сеператордан өткізіп, кілегейін ауданға жіберетін. Біз бұзауға, сауылған сүтке ие едік, емізіп, идіріп, анамызға дайындап жүргенде жетілген төл аяғымызды басып кетіп жанымызды көзімізге көрсететін. Күзде картоп қазуға, комбайнның арығын жабуға әкетін.

Кейде жастар алтыбақан құрып ойын-сауық өткізетін. Қыз-келіншектер анда-санда орталарына тап болған бірен-сараң  еркекті әзілмен қағытып, есін шығаратын. Броньмен қалған сиыршы Омар, Тәби әйелдердің басы қосылған жерді айналып өтетін.

Ел жайлаудан түйе, өгіз,  атпен көшетін. Күздігүні Қартастың аузын ала Көккемерді жағалай қозғалған Ілек, Құрбан-Қажы салдырған мешіт, қажылардың зиратының төбесі көрінгенде жаппай дәрет алып, жуынып, орамалдарын түзеп, тілеу тілеп, ұзағанша жаяу өтетін. Сауыншы ауылдың береке-бірлігі қандай! Бір шәугім шайын бөліп ішуші еді. Үстімізге бір жаңа көйлек бітсе, үй аралап көрімдік алушы едік. Бүкіл жұрттың киімі шебер тігінші Балиқа, Байқауа апамыздың қолынан өтетін. Қазіргідей көршісі жат заман емес, жұрт көзі ұйқыға кеткенше араласып жататын. Балалардан жөнін сұрағанда шешелерін айтатын. Осындай тірлік баяны бар ауыл мен үшін ең мейірімді мекен еді.

Шешелеріміз Нағым, Үрім, Дина, Қадиша, Жәміш, Шәйкен, Камали, Адижан, Қайша, Күлжәміш, Мағи, Күмісжан, Патефон  колхоздың  бар шаруасын  атқарып жүріп, ерлерінің жоқтығын сездірмейтін. Қаратастың суының қасиеті ме, сол аналардың ұлдары Мәлік, Әскен, Алпысбай, Баяш – совхоз директоры, Құдайберген ауданның  Құрметті азаматы, Қартай – тілші, Мәлік – ферма меңгерушісі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Сайлаубай, Сайлаухан, Бекжан, Сержан, Бейсенбай, Базархан Қарқынбай әр салада абыройлы еңбек етті, қыздардың көзі тірілері балапанын басқан үйректей немере-шөберелерінің қызығын көруде.

Колхоз бастықтарының ішіндегі ең қаһарлысы Кәкімбек Рақымжанов болды. Аналарымыз Жаңғызталға түсте бір шәугім шайын ішуге келгенде ес білген балалары үй-үйдің төбесіне  шығып алып жол аңдушы еді. Қатулы Кәкімбектің шанасы көріне балалар үйге, білектеріне шелек ілген аналарымыз қораға жүгіретін. Осынша бейнет кешіп жүрген шешелеріміз ақша дегенді білмейтін, колхоз болар-болмас бидаймен есеп айырысатын. Кей жылдары сауыншылар киіз үйге қыстап шығатын. Сиыр жыл он екі ай далада сауылады. Кейін кәріліктің тырнағына ілінгенде көбісі қол-аяғы сырқырап, домаланып жүре алмай, суықтың зардабын тартып, бұл дүниенің рахатын көре алмай жер бесікке ерте аттанып кете барды.

Аналарымыз ақтың ортасында жүргендіктен бе, қарнымыз тоқ болып еркін өстік. Ақжардағы туыстардың шешемнен көк сүт алып жан сақтағанын көрдім. Шешемнің қолы ашық, дастарханы жиналмаушы еді. Ұлы Отан соғысынан оралмаған туған ағалары Нұршайхы мен Жабайды арғы бетке өтіп кеткен  апайын көруді армандап өтті.

Колхоздар ірілендіріліп, шешем Көккөзді жағалаған сауыншылар Нұркамал, Дина, Сақыпжамалдай достар тапты. Соғыстың, шаруаның ауырлығын көтере жүріп, Әбен, Баяш, Тұрар, Айтанның, Күпәнның жеткенін көруді тіледі. Әбен, Тұрар, Дүйсенбек ауылда еңбектерін тапса, Күлпән ауылдың беткеұстар азаматы Адыбайдай жар тауып, бала, немерелерінің қызығын көруде. Дүйсенбек Көшербаев қарапайым жол маманынан аудан әкімі қызметіне дейін көтерілді. Бүгін облыстың жол саласында абыроймен еңбек етуде. Айтқазы (Шерубаев) бастауыш сыныпты Күлшан Базыловадан оқып, жоғары білімді Жамбыл қаласынан алды.

Өмірді көрген, жасынан зерделі Айтқазы өте жауапты, күрделі қызметтің әр саласынан өтіп, облыс әкімінің орынбасары болды. Бүгін зейнеткерлікке шығып, облыстық ақсақалдар алқасын басқарып отыр. Ауылдың 90 жылдығына орай осы шағын мақаламды қасиетті аналар мен олардың ұрпақтарының ерен еңбегін  ел біле жүрсін деп жаздым.

Б.Нұғманов,

Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы

Осы айдарда

Back to top button