Қоғам

Энергияны үнемдеу – әлемдік мәселе

Энергияны үнемдеу – әлемдік мәселе


Бүгінгі таңда әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі – ғаламдық жылыну. Ғалымдардың пайымдауынша, жер бетіндегі климаттың өзгеруі айтып келмейтін апаттар мен шиеленістерге әкеліп соғуы әбден мүмкін. Осы орайда осынау ғаламдық мәселенің алдын алуға қарапайым халық қалай үлес қоса алады? Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасы және Ғаламдық экологиялық қор бірлесіп 2015 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан «Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасы жайлы не білеміз? Осы және өзге де мәселелер туралы журналистер Астанада өткен «Жасыл» субсидиялар механизмі» атты медиа-тренингте кеңінен ақпарат алды.

Медиа-тренингтің тізгінін ұстаған БҰҰ Даму бағдарламасы жобаларының менеджері Александр Белыйдың әңгімені жер бетіндегі климаттың өзгеруінен бастауы әсте тегін емес. Бұл мәселе қазіргі күні әлемдік қауымдастық өкілдерін қатты алаңдата бастады. Иә, халық арасында әртүрлі пікірлер бар. Кейде ұзаққа созылған қатал да қытымыр қыстан шаршаған кейбіреулер «Бұл – ғалымдардың сандырағы» деп те шорт кеседі. Бірақ кім не десе де, бұл – факт. Тіпті бұл туралы қызыл кеңірдек болып дауласудың әсте қажеті жоқ.

– Мәселенің бар екені рас. Жылу орталықтары, өнеркәсіп орындары ауаға зиянды қалдықтарды шығарып жатыр. Климат, шынында да, өзгеріске ұшырауда. Ғалымдардың болжамы көңіл көншітпейді. Бұдан былай ауа температурасы өсе беретін болады. Жалпы, климаттың өзгеруі бізге қалай әсер етеді? Біз тұтастай табиғи аумақты жоғалтуымыз мүмкін. Астық шығымы нашарлап, құрғақшылықтан ауыл тұрғындары көп зардап шегетін болады. Қалалар да қиыншылықты бастан кешеді. Сондықтан да тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтары қазірден бастап бұған бейімделуі керек. Рас, біз энергия көзінен мүлдем бас тарта алмаймыз. Бұл мүмкін де емес. Десек те энергияны үнемдеу, қазірден бастап зиянды ыстық газдардың ауаға бөлінуін азайту жолдарын қарастыруға тиіспіз. Сөзден нақты іске көшетін кез келді, – дейді А.Белый.

Ал БҰҰ Даму бағдарламасы – Ғаламдық экологиялық қорының энерготиімділікті арттыру бойынша жобаларының сарапшысы Айман Шопаева «Энергия қайда кетіп жатыр?» деген тақырыпта арнайы баяндама жасап, жан-жақты талдап берді.

– Өздеріңіз білесіздер, энергияны үнемдеу туралы мәселе көтерілген кезде, көбісі «Бізге энергия үнемдеу керек пе, керегі жоқ па» деп күмілжиді. Өйткені бізде отын қоры өте көп. Көмір, мұнай, газ – бәрі бар. Ал тұрғын үй қорымыздың 70 пайызы кеңестік заманның кезінде салынған. Жаңа бой көтерген үйлер негізінен Астана мен Алматы қалаларында. Басқа қалаларда жаңа үйлердің үлесі 3-5 пайыз ғана. Ал жаңағы ескі үйлердің барлығы отынның тапшылығы болмаған кезде, энергияны үнемдеу деген мәселе көтерілмеген заманда бой көтерген. Ол кездегі басты мақсат – елді баспанамен қамтамасыз ету ғана болған еді. Ал қазір бұл мәселеге басқаша көзқарас қалыптасып отыр. Өйткені еліміздің алдында әлемдік қауымдастықтың тарапынан қойылып отырған талаптар бар. Мойнымызға алған міндеттемелерді орындауымыз қажет, – дейді ол. Сарапшының әлемдік қауымдастық тарапынан қойылған талаптар бар деп айтып отырғаны – Киота хаттамасы, Париж келісімі секілді т.б. халықаралық құжаттар. Осы арада оқырмандарымызға бұл құжаттар туралы да айта кетсек дейміз.

Жалпы, әлемдік қауымдастық ғаламдық жылыну мәселесіне 1980 жылдардан назар аудара бастады. Бұл мәселе өнеркәсібі дамыған елдерге тікелей қатысты. Өйткені өндіріс барысында атмосфераға бөлінген ыстық газдар ауа температурасының көтерілуіне алып келетіндігі нақты дәлелденіп отыр. Ауаға шамадан тыс бөлінген көмірқышқыл газы мен метан жерді қызып кетуден қорғайтын инфракүлгін сәулелерін жұтып, планета температурасының көтерілуіне алып келеді екен. Ғалымдардың болжауынша, климат температурасы екі градусқа артқанда, жер шарындағы 500 млн. адам, ал үш градусқа артқанда, үш млрд. адам құрғақшылықтың азабын тартатын көрінеді. 2007 жылы ғалымдар жер температурасының жылынуы 0,74 градус болғанын айтқан.

Осы орайда Киото хаттамасы ғаламдық экологиялық проблемалармен бірлесе күресуді көздейтін тұңғыш халықаралық құжат болып табылады. 1997 жылы Жапонияның Киото қаласында қабылданған хаттамаға қосылған елдер ауаға шығарылатын көмірқышқыл газының көлемін азайтуы, зауыт-фабрикалардың экологиялық тәртібін жақсартуы тиіс. Қазақстан Киото хаттамасына 1999 жылы қосылғанымен, 2009 жылы ғана ратификациялады. Бұл хаттамаға сәйкес Қазақстанда CO2, N2O, CH4, HFCs, PFCs, SF6 ãàç òүðëåð³í³ң òàðàëóû қàäàғàëàíàäû.

2015 жылы желтоқсанда Франция астанасында өткен Біріккен ұлттар ұйымының конференциясында Париж келісіміне қол қойылған болатын. Бұл келісімнің негізгі мақсаты – жаһандық температураның орташа өсімін 2 градустан асырмау. Сөйтіп, Жер планетасын жаһандық жылыну қатерінен сақтап қалу. Бұл келісім бойынша Қазақстан парниктік газдар көлемін 2030 жылға дейін 15 пайызға төмендетіп, 2050 жылға дейін төмен көміртекті саланы дамытуға көшуі тиіс. Жалпы, Париж келісіміне 195 елдің өкілдері қол қойып, олардың 179-ы құжатты ратификациялаған екен. Қазақстан да келісімге 2016 жылғы 3 тамызда қол қойып, сол жылдың 4 қарашасында оны ратификациялаған.

Соған сәйкес Қазақстан халықаралық қауымдастықтың алдындағы жауапкершілігін сезініп, міндеттемелерін орындауы тиіс. БҰҰ Даму бағдарламасы – Ғаламдық экологиялық қорының энерготиімділікті арттыру бойынша жобаларының сарапшысы Айман Шопаева аталған міндеттемелерді орындау үшін аса керемет құлшыныс жасалып жатпағанын айтады.

Өндіріс өз алдына, қарапайым тұрғындар бұл мәселеге қалай үлес қоса алады? Әрине, ғимараттарда энергияны үнемдеу арқылы біз бұл мәселенің оң шешімін табуға үлесімізді қоса алады екенбіз. Бірақ энергияны қалай үнемдейміз? Қай жерде үнемдейміз? Енді осыған жауап іздеп көрейік.

– Жарайды, жоғарыда бұрын көмірқышқыл газын азайту керек деген мәселелер болған жоқ дедік. Енді қазір құрылыс нормаларының барлығы қалыпқа келтірілді. Ендеше талапқа сай үйлердің жылу сақтау қабілеті артық болуы тиіс. Үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізгенде, міндетті түрде жылумен оқшаулау қажет. Әрине, қазір пәтерлердің барлығы тұрғындардың жеке меншігінде болғандықтан, жылылауға тырысады. Десе де сыртқы ортақ мүлік, яғни жертөлелерге назар аударылмайды. Шыны керек, жертөлелердің есік-терезелері аңғал-саңғал, терезелерінің біреуінде әйнегі бар, біреуінде жоқ. Сосын үйлердің шатырлары тозып кеткен. Жұрттың көбі шатырды жөндегенде әйтеуір су өтпейтіндей етіп жөндеуге тырысады, – дейді А.Шопаева.

Оның айтуынша, тұрғын үйдің қабырғалары, төбесі, едені, есік-терезесі секілді қоршау элементтерінің барлығынан жылу жоғалады. Ал жоғалған жылудың орнын толтыру үшін жылу жүйелері барлық қуатымен жұмыс істейді. Мысалы, сырттағы ауа температурасы -5 градус болып тұрған кезде, бізге -25 градус кезіндегідей жылу керегі жоқ. Бірақ ескі ғимаратқа жылу беретін инженерлік жүйелер арнайы жабдықталмаған. Олар қай уақытта болмасын керекті температураны беріп тұрады. Сондықтан осындай өтпелі кезеңдерде көп пәтерлерде үй ыстық болып, жұрттар есік-терезені ашып тастайды. Өйткені басқа реттеу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қазіргі кезде энерготиімділікті арттыру үшін ғимаратты салған кезде сәулеттік-жоспарлау шешімдеріне мән берумен бірге, климаттық ерекшелігін, ғимараттың көлемін ескеру керек. Мысалы, мұнара тектес үйлерде жылу көбірек жоғалатын көрінеді. Пирамида тектес үйлер де жылуды 12 пайызға дейін жоғалтады. Ал ең тиімді үйлер – сфера тектес үйлер болып. Сонымен қатар жылуды үнемдеудің қарапайым тәсілдерінің бірі – құрылысты жобалау кезінде ғимарат қабырғаларының қандай материалдан салынатынын ескеру. Ол, әрине, қандай материалдан салынса да, ең бастысы, сенімді болуы тиіс. Қазір жылу оқшаулағыш материалдардың түрлері өте көп. Соның ішінде ең көп тарағаны – минералды вата. Ол таудағы базальт тастарының талшықтарынан жасалғандықтан, отқа жанбайды және жылуды өте жақсы сақтайды. Cондай-ақ инженерлік жүйелерге де мән беру өте маңызды. Жылыту жүйесін, электр энергиясын сақтаудың ең басты шарты – есептеу құралдарын орнату. Есептеу құралдары болмаған жерде үнем болмайды.

Соңғы кездері көптеген үйлерде жылу беруді реттеп тұратын автоматты қондырғылар орнатылуда. «Бұл өте дұрыс шешім» дейді Айман Шопаева. Ол соңғы бес жылда 15 шақты жоба қолға алынып, әр ғимаратта шамамен 15-тен 35-40 пайызға дейін энергия үнемделгенін айтады.

– Бұл – елімізде қолданылып жатқан энергияның үштен бір бөлігін үнемдеуге болады деген сөз. Яғни үнемделген энергиямен тағы бір-екі облысты осы энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады, – дейді ол.

Журналистерге арналған медиа-тренингте тағы да басқа спикерлер сөз алып, энергия тиімділікті арттырудың басқа да артықшылықтарын сөз етті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button